Жайлы отырып, кітап оқы! | «Айқын» газеті
Ақтөбедегі кітапханалар ескілікті ысырып қойып, оқырмандарына жайлы орын сайлады. Бұл жолы Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы заман талабына сай қызмет көрсетуге көшті. Сo-working орталығы ашылып, оқырмандарға қызмет көрсету басталды.
«Нұр Отан» партиясының «Білім орталығы» партиялық жобасы аясында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында сo-working орталығы ашылды. Бұл партиядағы Саяси кеңес отырысы кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мақұлдаған әлеуметтік бастамалардың Ақтөбе облысында табысты іске асырылып жатқанын көрсетеді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев партияның Ақтөбе облыстық филиалы Саяси кеңесінің отырысында Елбасының қолдауына ие болған тың бастамаларды өңірде қарқынды жүзеге асыру мақсатында қала, аудан әкімдеріне co-working орталықтарын ашу және оны қаржыландыру тетіктерін пысықтау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сапалы, жаңа форматта білім алуға мүмкіндік беретін co-working орталығы алғаш рет Алға ауданы Бестамақ ауылдық кітапханасы базасында ашылса, қазіргі кезде барлығы 6 заманауи білім орталығы іске қосылды. Басты бөлігі аудандарда орналасқан. Ал Ақтөбе қаласындағы сo-working орталығы кез келген оқырманның көңілінен шығады. Мұнда кітапты орындықта емес, жайлы кресло, диванда отырып оқуға болады. Егер пікірталас ұйымдастырып, ортақ әңгіме жасауды көздесе оған да арнайы бұрыш жасақталды. Жеке және топпен жұмыс істеуге арналған бұрыш, тегін Wi-Fi, қажетті компьютер және кітаптарды онлайн оқуға арналған QR код қарастырылған.
«Сo-working орталықтарының ашылуы – жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жасалған қамқорлық және сапалы білім алуларына жасалған жағдай. Кітапханалардың жаңғыртылуы өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген ынтасын оятып, білімге деген құштарлығын арттырып, жаңа құндылықтардың қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Олар ізденуден, үйренуден, білім алудан жалықпауы тиіс. Соның ішінде бұл мүмкіндікті «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері тиімді пайдалануы керек», – деді партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова.
Бұл пікірді «Жас Отан» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин де қостады.
«Бұл – тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын білім орталығы. Жастар үшін ораторлық курстар, интеллектуалдық ойындар, шет тілдерін үйрету курстары, киноклубтар ұйымдастырылатын болады», – деді ол.
Алтынай САҒЫНДЫҚОВА, Ақтөбе облысы
Дереккөз: Айқын