«Жаяу Мұса кім, Жанболат кім?»: саясаттанушы өзін Жаяу Мұсамен салыстырған Мамайды сынап тастады

0
547

Саясаттанушы, блогер Мақсат Жақау жүргізуші құқығынан айырылып қалудан қорқып өзін Жаяу Мұсамен салыстырған Жанболат Мамайдың бұл әрекетіне пікір білдірді. Белсендінің хайп ұстауға тырысқаны туралы ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

Естеріңізге салсақ, қоғам белсендісі Жанболат Мамай Бауыржан Байбекті айыптап видеоролик жариялаған болатын. Артынша партия Төрағасының бірінші орынбасары бұл сынға жауап беріп, Мамайды жала жапқаны үшін сотқа берді. Сот Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваның терістеме беріп, шындыққа жанаспайтын видеоны өшіруге үкім етті. Алайда жауапкерлер осы уақытқа дейін түрлі айлалар арқылы шешімді орындаудан бас тартып келеді.

Жақау бірінен соң бірі жалғасқан сот процесстері мен сот орындаушыларының тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп берген Мамайдың «кезекті» видеосын көріп бірнеше мәселеге назар аударғанын жеткізеді.

«Жалпы, ролик әдеттегідей эмоциямен әдемі сөзге құралған, нақты аргумент жоқ. Жанболат Мамайдың барлық уақыттағы сөздерінен алып бара жатқан айырмашылық байқалмайды. Көпшілік үшін не айтып жатқаны маңызды емес, тек әдемі айтылса болды емес пе. Бұл пропагандамен айналысатындардың ұдайы қолданатын әдісі. Байқағанымыз, Мамай айыппұл төлеуден немесе қоғамдық жұмысқа тартылудан қорықпаса да, жаяу қалудан қатты қорқатын сияқты. Себебі видео бүгін, яғни оны жүргізуші құқығынан айыру мәселесі қаралатын сот отырысынан бұрын жариялап, жаны шыққанына қарағанда солай көрінді», — дейді ол.

Сонымен қатар, саясаттанушы Мамайдың әлі күнге дейін қанша сот процессі өтсе де, аузынан шыққан бір сөзін дәлелдей алмағанын атап өтеді. Мақсат Жақау басында Жанболатты қаумалап жанында жүрген үш бірдей заңгердің біреуі ғана қалғанын, алайда оның заңгерлік мансабында бірде-бір табысты деп атауға тұратын кейс жоқ екенін жазады.

«Сезікті бірінші секіреді демекші, ертең жүргізуші құқығынан айырылса жаяу қалары сөзсіз. Осы мәселеден хайп ұстауға тырысып, өзін Жаяу Мұсамен салыстырып отыр. Жаяу Мұса Байжанұлы қазақтың жоғын жоқтаған, қазақ өнері үшін артында өшпес мұра қалдырған әнші. Әзірге Жаяу Мұсамен салыстыратындай Жанболаттың халыққа іліп алар пайдасы тиген жоқ. Жаяу Мұса кім, Жанболат кім?», — деп қорытындылайды Жақау.