«Жағдайды қайталатуға үкіметтің еш хақысы жоқ»: Саиров министрлерге жиналыстарын қысқартып, аязды күндері жылу орталықтарының бас-қасында жүруін талап етті
«Aмanat» фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елдегі комуналдық инфрақұрылым жүйелерін сынға алды. Депутат коммуналдық саланың сыр бере бастауы дәстүрге айналып кеткенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілістің жалпы отырысында Саиров премьер-министрдің
бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Депутаттың мәлімдеуінше, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 проценттен асып кеткен. Олардың көбін 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келе жатқанын және оның қауіпті жағдай екенін ескертті.
“Былтырғы, Екібастұз, Риддер, Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі.Соған қарамастан, біз жылына бұл салада тек 5-7 процентке ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті, елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы бек мүмкін. Бұл бір. Шіріген труба, ескірген қазандық, «кеңестік заманнан қалған» насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін бәріміз білеміз. Екіншіден, былтыр ғана жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард қаржы бөлінсе де, шықырлаған аязға төтеп бере алар емеспіз”,- деді Саиров өз баяндамасында.
Ерлан Саиров атап өткендей, жыл басында парламентте жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныстар мен жүйелі сындар айтылды.
“Ұсыныс ретінде берілді. Бірақ, сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі біз көрмедік. Осылай тізіп кете беруге болады. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды күшейтуіміз керек”,-деді ол.
Депутат өткен жылы AMANAT партиясы өкілдері Екібастұз халқына мыңдаған үй жылытқыш пен жылы көрпе тасып, халықты жылытқанын еске салды. Биыл осындай жағдайды қайталатуға үкіметтің еш хақысы жоқ екенін айтты.
Коммуналдық саладағымәселелерді тізіп шыққан депутат алдағы үш ай қыс уақытында жауаптылар атқаруы тиіс бірқатар ұсыныс-талаптарын жеткізді.
“Бірінші, жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналыстарын қысқартып, жылу орталықтарының бас-қасында осы аязды күндері жүруі керек. Екінші, 2022-2023 жылдары мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бөлінген қаражаттардың есебіне қатаң анализ жасалуы тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануы тиіс! Үшінші, осы күндері өңірлердегі оперативті штабтардың жұмысын «екі еселенген 24/7 режиміне» көшіру қажет.Төртінші, әкімдіктер мен үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті зоналар бойынша «Рисктер картасын» даярлап, олар бойынша нақты мақсаттық алгоритм жоспарын даярлап қоюы тиіс!”,- деді депутат.