Ж.Қасымбек әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады

0

Ж. Қасымбектің айтуынша, 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі 104,5% болған (жоспар – 103,3 %). Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде 104,7%, ал өңдеу өнеркәсібінде бұл көрсеткіш 104,9%-ды көрсетті. Еліміздің 14 өңірінде өнеркәсіптік өндірістің оң көлемі сақталып отыр.

Министрдің айтуынша, тау-кен секторында ССТӨБ-інде өндіріс көлемінің артуына байланысты темір кенін өндіру көлемі 7,3%-ға өсті. Түсті металл кенін өндіру көлемі 3,9%-ға артқан.  

«Өңдеу өнеркәсібінде жылдық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, бірқатар салаларда өсім байқалып отыр. Атап айтқанда, машина жасау саласы 15,7%-ға, былғары өндірісі 8,1%-ға, химия өнеркәсібі 7,2%-ға, қағаз өндірісі 5,1%-ға, резеңке және пластмасс бұйымдар өндірісі 2,9%-ға және жиһаз өндірісі 2,4%-ға өскен», — деді Ж. Қасымбек.

ҚР ИДМ мәліметтеріне сәйкес, көлік кешені бойынша 11 айдағы нақты көлем индексі 104,6%-ды құраған. Ж. Қасымбек жылдық жоспарлы көрсеткішке транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі мен Қытайға газ экспортын арттыру есебінен қол жеткізілетінін атап өтті.

Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 103,9%-ды құрап, жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілді (жоспар – 103,6%). 13 облыста оң серпін байқалады. Дегенмен, министрдің айтуынша, жылдық жоспарды орындау үшін бірқатар өңірлердің құрылыс жұмыстарының өсу қарқынын күшейтулері қажет.  

«Жалпы құрылыс бойынша жоспарланған 103,6% жылдық көрсеткішін Атырау облысында 600 млрд теңгеге, Астана қаласында 530 млрд теңгеге және Алматы қаласында 340 млрд теңгеден астам сомаға құрылыс-монтаж жұмыстары көлемінің есебінен орындау көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстарының өсім қарқыны көрсеткіштеріне шағын кәсіпкерлік субъектілерінің тоқсан сайын ұсынатын есептері ықпалын тигізеді. Соның есебінен әр тоқсан қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі», — дейді Ж. Қасымбек.  

Тұрғын үй құрылысының дамуы туралы баяндай отырып, министр 11 айдың қорытындысы бойынша 11 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілгенін, мұның 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,3%-ды құрайтынын жеткізді.

«Жалпы, еліміз бойынша 96 761 баспана, оның ішінде 37 026 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемінің артуы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 16 өңірінде жалғасуда», — деп түйіндеген Ж. Қасымбек, жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Инвестициялар және даму министрлігі жетекшілік ететін барлық салалар бойынша нақты көлем индексінің жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу көзделіп отырғанын атап айтты.

Дереккөз: http://egemen.kz/