Зеленскийге қауіп төнді: Еуропа елдеріндегі сайлауларда ұлтшылдар жеңуде

0

Сарапшылардың байламынша, бұл бетбұрыстан Украина ұтуы да, ұтылуы да мүмкін деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Еуропаның ұжымдық Парламентінің бүкіл тарихында биыл тұңғыш рет ультраоңшыл партиялар ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Олар өзгені айтпағанда, Еуроодақтың көшбасшылары саналатын Францияда, Германияда және Италияда орасан зор табысқа жетіп, жалпы жиынтығында бүкіл депутаттық мандаттардың төрттен біріне жуығын қанжығаларына басты.

Бұл нені білдіреді? Еуропарламент саясатында тектоникалық қозғалыстар болады деп күткен жөн бе? Онда қуатты антиукраиналық лобби пайда бола ма? Халықаралық сарапшылар осы сауалдардың жауабын іздеді.

Бірден айта кетелік, Мәскеу бүкіл Еуропалық одақты қамтыған бұл «суперсайлау» қорытындысынан көңілі қалғанын жасырмады.

«Байқап тұрсақ, басым көпшілік бәрібір еуропашыл және украинашыл болғалы тұр. Еуропалық бірлікті қолдаушылар бұл жолы да жетекші рөлдерін, көшбасшы орнын сақтап қалды. Бірақ сайлау қорытындысы оңшыл партиялар енді олардың қыр-соңынан қалмайтынын аңғартты», – деді Кремльдің өкілі Дмитрий Песков.

BBC орыс редакциясының жазуынша, Кремль Еуропарламентке сайлауларды қырағы қадағалаған. Ол аз болса, бірқатар еуропалық елдер Ресейді осы сайлауға қол сұғып, араласты және ультраоңшыл партияларды қолдады деп айыптады.

«Барлау қызметінің дерегінше, Мәскеудің мақсаты айқын. Ол Еуропарламентке ресейшіл кандидаттардың мейлінше көп өткенін қалады. Сол арқылы еуропалық институтта Кремльдің нарратив-идеяларын ілгерілетпек. Еуропаның Украинаны қолдауын әлсірету Ресейге майдан даласында көмектеседі. Сайлауға араласуының түпкі мақсаты да сол», – деді Бельгия Премьер-Министрі Александер де Кроо.

Айтқандай, Бельгияда да Еуропарламентке сайлауда ақырында оңшылдар жеңіске жетті. Осыдан кейін елдің Үкімет басшысы Александер де Кроо отставкаға кететінін жариялады.

Бельгиялық құзырлы органдар бірқатар еуродепутаттардың Ресеймен астыртын байланыстарын тексеріп жатыр. Бельгия прокуратурасының ресми мәлімдемесінде айтылғандай, РФ «кейбір еуропалық депутаттарға Чехияда тіркелген Voice of Europe ақпарат құралы арқылы ресейлік пропаганданы ілгерілеткені үшін ақы төлеген».

Бұдан бөлек, халықаралық тергеу аясында, Страсбургте орналасқан Еуропарламенттің қызметкерлерінің кабинетінде тінту жүргізілді.

BBC алда Еуропарламентте Ресейге оң көзбен қарайтын депутаттар саны көбейе түсетініне назар аудартты. Мұнда таңғалатын ештеңе жоқ көрінеді. Себебі, әсіреоңшыл партиялардың көпшілігі өткен ғасырдан бері дәстүрлі түрде Мәскеумен тығыз байланыс ұстайды.

Дегенмен, 2022 жылдан кейін сол байланыстарын бұрынғыдай жария паш ету арға қайшы қарекетке айналды. Тіпті кейбір ультраоңшыл партиялар Мәскеумен тонның ішкі бауындай араласқанына қатты ұялғаннан оның шапқыншылығын ашықтан ашық аяусыз айыптады, Украинаға барынша көп көмек беруді жақтаушы белсенділердің қатарын толықтырды.

Олар да Еуропарламентке өтіп жатыр. Сондықтан ресейлік тарихшы, саясаттанушы Дмитрий Чернышевскийдің байламынша, бұдан Украина ұтады.

Өйткені Еуропа елдерінің көпшілігінің билік басында тұрған центристік партиялар ең қуатты қару түрлерінің Украинаға берілуін сол бойы бұғаттап келеді.

Кейбір ультраоңшылдар керісінше, соның бәрін Киевке шартсыз беруді ілгерілетеді. Олардың жеңісі Еуропа елдеріндегі Украинаны қолдаушылардың көңіл-күйінен хабар береді.

Қалай болғанда, центристік партиялар бәрібір Еуропарламенттегі басымдығын сақтап қалды. Алдын ала деректер бойынша, оңшыл-центристік «Еуропалық халық партиясына» шамамен 190 орын тимек. Социалистер мен демократтар 135 мандатпен екінші орнында қалды. Ал, «Renew» (Жаңғыру) атауымен белгілі либералды топ 80 мандатпен үшінші тұғырын сақтады.

Ұлтшылдар төрде солардан кейінгі орынға жайғасады. Соңғы қорытындылармен бірге бұл сандар шамалы өзгеруі мүмкін. Бірақ орталықшыл партиялардың өз позицияларын сақтап қалғаны дау тудырмайды.

Әйтсе де, бұрынғы сайлаулармен салыстырғанда, ұлтшыл, оңшыл және ультраоңшыл партиялардың халық арасында кең танымал болғаны мәлім болды.

Ең жарқын жеңісімен Францияда «Ұлттық тұтасу» көшбасшысы Марин Ле Пен мақтана алады.

Ол Францияға бекітілген 81 еуромандаттың 30-ын қоржынына салды. Ле Пен Президент Эммануэль Макронның «Renew» либералды коалициясы үшін берілгеннен екі есе көп дауыс жинады. Мұндай қорытындыдан Президент «шок болды».

Ол өз партиясының Еуропарламент үшін таласта жеңілгенін ести сала, Францияның Ұлттық ассамблеясын дереу, мерзімінен бұрын таратып жіберді.

Financial Times Франциядағы дауыс беру қорытындыларын «саяси қырғын» деп бағалады. Егер Еуропарламентке қатысты жағдай ұлттық Парламентке қатысты қайталанса, Макрон саясаттанушылар тілімен айтқанда, «ақсақ үйрекке» айналады.

Оппозиция үстемдік еткен ұлттық Парламент депутаттарының қолдауынан айрылған Президенттің адымы ашылмайды, реформаларды еркін жүргізе алмайды. Le Figaro Франция Парламентінің жаңа сайлауы 30 маусым мен 7 шілдеде өтетінін хабарлады.

Италияда да елдің Премьер-министрі Джорджи Мелонидің «Италия бауырластары» партиясы жеңіс тойын тойлауда. Ол 24 мандат алып, Еуропарламенттегі орындарының санын арттырды. Бұл оңшыл партияны сайлаушылардың 29%-ға жуығы жақтаған. Мұндай нәтиже Мелони ханымның Италияның саяхат сахнасындағы доминант-фигура мәртебесін одан сайын нығайтты.

Германияда Мәскеумен астыртын байланыстары әшкереленген «Германияға арналған балама» ультраоңшыл партиясы дау-жанжалдарға қарамастан, канцлер Олаф Шольцтың біріккен коалициясына кіретін үш партияның бәрінің алдын орап кетті. Бұл оған Еуропарламентте 15 орын алып, неміс елінде екінші орынға шығуына мүмкіндік берді. Германиялық қоғамның үлкен бір бөлігінің – 15,6%-ының соны қолдап, ықтиярын білдіруіне бұл партияның мигранттарға қарсы қатаң ұстаным ұстанатыны ықпал еткен.

ГФР-де бірінші орынды консервативті оппозициялық ХДС-ХСС одағы иеленді. Ұлтшыл және ультраконсервативті партиялар Австрияда, Грекияда, Нидерландыда елеулі жетістіктерге жетті. Мысалы, Голландияда ультраоңшыл Герт Вилдерстің «Еркіндік партиясы» Еуропарламент мінберінен қарсыластарының шаңдағын қағуға енді азулы 6 өкілін жолдай алады.

Ультраоңшылдар сондай-ақ Испанияда да табысын атап өтуде. Кипрде бұрын саясат сахнасының артында елеусіз жүретін ультраоңшыл ELAM партиясы тарихты тұңғыш рет Парламенттегі орынға ие болып, парламенттік партияға айналды.

Бір партиялардың жетістігі басқаларының сәтсіздігін білдіреді. Биылғы сайлауда ойсырай жеңілгені – «жасылдар» болды. Әлемде тренд болған экологиялық энтузиазм толқыны «жасылдарды» саясат олимпіне көтерген еді. Бірақ бұл серпін ұзаққа созылмады. Еуропарламенттің жаңа депутаттық корпусының құрамында бұған дейінгідей 71 емес, 50 «жасыл» депутат қана болады.

Дүниежүзінде климаттық кризис өршіген сайын дамыған елдер оған тосқауыл қою үшін экологиялық талаптарды күшейтуде. Бұл тиісінше, оны бұзушыларға айыппұлдардың өсуіне, бизнес пен қоғам үшін жаңа қатаң тыйымдар мен шектеулердің пайда болуына соқтырды. Бұдан ығыр болған сайлаушылар ашуын «жасылдардан» алды.

Бұдан бөлек, Renew (Жаңғыру) либералды тобы Францияда ғана емес, Германия мен Испанияда да жеңілістің кермек дәмін татты. Салдарының бұл қозғалыстың Еуропарламенттегі өкілдерінің саны 20 депутатқа азайып қалды. «Жаңғырушылардың» үшінші орынды сақтап қалуына Словакия сияқты елдердегі қолдау дем берді.

Ең бастысы, біртұтас Еуропаны жақтаушы оңшыл-центристік, солшыл-центристік, либералды және «жасыл» партиялар біріге келе, Еуропарламенттегі 720 орынның 460-ына иелік етпек. Мерзімі аяқталып қалған ескі Парламентте 488 мандаты болған.

«Қуатты Еуропаны жақтаушы күштер сол бұрынғыдай көпшілік қалпында, орталық дің болып қалды. Орталық тегеурінді тұр! Біздің бәріміз тұрақтылыққа мүдделіміз», – деп мәлімдеді Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен.

Оның қуанатын жөні бар. Еуропалық Одақтың атқарушы билігінің жоғарғы органының тізгінін ұстаған тарихтағы тұңғыш әйел фон дер Ляйен ханымның саяси карьерасы орталықшыл-центристік партиялардың қолдауына тікелей тәуелді. Сондықтан ол сайлаулар қорытындысы шыға салысымен, өз қолдаушыларына үндеу жолдап, Еурокомиссия төрағасы лауазымында екінші мерзімге қалуы үшін өзінің кандидатурасын қолдауға шақырды.

Еуропалық Парламенттің жаңа депутаттық корпусының орталықтан сәл тайып, «оңшыл» бағытқа «қисаюы» ұжымдық Еуропаға арналған жаңа заңдардың қабылдану процесін қиындатуы мүмкін. Ал, қауіпсіздікке төнген қатерлерді, климаттың күрт өзгеруінің салдарларын, Қытаймен, АҚШ-пен технологиялық, өнеркәсіптік бақталастықта жеңілу проблемаларын еңсеру үшін заңдарды барынша шұғыл қабылдау қажет.

Бірақ Еуропарламент төрінен орын алатын жаңа оңшыл, ультраоңшыл депутаттардың қаншалықты беделді, ықпалды болатыны әзірге белгісіз. Олар тіпті қандай фракцияларға қосылатынын да айқындамаған.

Оның үстіне бірқатар оңшыл, ұлтшыл партиялар өзара қырғиқабақ қатынаста. Мәселен, мамыр айының соңында «Ұлттық тұтасу» лидері Марин Ле Пен «Германияға арналған балама» депутаттарымен тіпті қатар отырғысы да келмейтінін ашық айтты. Ле Пеннің пікірінше, ресейлік тыңшылық ұйымдармен астыртын байланысы әшкереленген, радикалды элементтердің қолжаулығына айналған «ГаБ» тым улы одақтасқа айналды.

Ле Пен еуроскептик ретінде еуропалық институттарды іске алғысыз етіп сынап, күрессе, Италияның ұлтшыл премьері Джорджа Мелони керісінше, Еуроодақ институттарымен тығыз ынтымақтасып, сол арқылы өз елінің ықпалын мейлінше күшейтуге талаптанып жүр.

Сонымен бірге, көптеген оңшылдар, ұлтшылдар радикалды ұстанымнан бойын аулақ салып, әр мәселеге көзқарастарын жұмсартуда. Электоратын шектей бермей, кеңейту үшін елді дүрліктіретін байбаламшыл-ұраншыл мәлімдемелерден де бас тартып, «саяси мейнстрим» аясынан сырт қалмауға тырысады.

Оңшылдар мен ультраоңшылдар арасындағы бейберекет қозғалыс Украинаны қолдауға да қатысты. Deutsche Welle сарапшыларының айтуынша, жекелеген ультраоңшыл депутаттардың ресейлік позициясына қарамастан, олардың

Еуропарламентте қуатты антиукраиналық лобби қалыптастыра алуы неғайбыл. Өйткені әр партияның бұл мәселедегі ұстанымдары әрбасқа.

Әйтсе де, бірқатар сарапшының болжамынша, Еуропарламенттің биік мінберінен кері тартқан үндеулер көп естіле бастаса, Киевті қолдау деңгейінің төмендеуі әбден мүмкін. Бұл жорамалдың қаншалықты шындыққа айналарын өмір мен тәжірибе көрсетеді.