Зеленский Путинмен келіссөзге дайын екенін айтты
Украина президенттігіне кандидат, шоумен Владимир Зеленский Ресеймен және президент Владимир Путинмен келіссөзге дайын екенін айтты. «Украина» арнасына сұхбат беріп жатып, «Ресей лидерімен келіссөзге дайынсыз ба?» деген сұраққа кандидат «Иә» деп жауап берген.
Мұнан соң Зеленский «Украина өз жері мен азаматтарын ешқашан құрбан етпейтінін, оның аумақтық тұтастығы өзгеріссіз қалуы керегін» айтты. Оның сөзінше, келіссөздер дипломатиялық форматта Батыс елдері өкілдерінің қатысумен өтуі тиіс.
Зеленскийдің пайымдауынша, бас міндет – «соғысты тоқтату ғана емес, бірінші қадамды жасап, атысты доғару». Украина шығысындағы дау туралы сөз қозғаған кандидат Минск процесін жалғастыру керегін, бірақ «оның форматын қайта жандандыру қажетін» айтты.
Сондай-ақ Владимир Зеленский «сепаратистер бақылауындағы әрбір украиналыққа Киев позициясын ұқтыруымыз керек» деді.
«Сонда тұратын азаматтарға зейнетақы төлеп, олардың алданып қалғанын, біздің мұнда оларды күтіп отырғанымызды айтып, атыс тоқтап, біз жеңетінімізді, басып алынған аумақтар Украина құрамына қайтатынын айтуымыз керек» деді Зеленский.
Украинадағы президент сайлауының бірінші кезеңінің қорытындысына сәйкес, актер Владимир Зеленский — сайлаушылардың 30,24 пайыз дауысын, ал Петр Порошенко 15,95 пайыз дауыс алған.
Президент сайлауының екінші кезеңі 21 сәуірге белгіленген.