Зеленский: Путин терактіні Украинаның мойнына артуға тырысып жатыр
Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күні кешке Мәскеу түбіндегі «Крокус сити холдағы» терактіге қатысты пікірін айтты. Ол Ресей президенті Владимир Путинді «терактіге кінәні Украинаға артуға тырысып жатыр» деп айыптады.
Зеленский өз сөзінде терактіге Ресей билігінің ықтимал қатысын да меңзеді.
«Мәскеуде кеше болған оқиғаны Путин мен өзге де оңбағандар біреудің мойнына артуға тырысып жатыр. Олардың әдістері бір. Мұндай нәрсе бұрын да болған. Жарылған үйлер мен атыстар, жарылыстар. Олар әрдайым өзгелерді кінәлайды» деді Украина президенті.
Ол Ресейдің өзі қазір Украинаға террор жасап отыр деп айыптады.
«Олар Украина жеріне жүз мыңдаған террорисін кіргізіп, бізге қарсы соғысып жатыр. Олар елдің ішінде не болып жатқанына бас қатырмайды» деді Зеленский.
Оның сөзінше, Украинада соғысып жатқан ресейліктер Украинада қан төкпей, өз елдерінде болғанда Ресейдегі кез келген қылмыскерді тоқтатуға шамасы жетер еді.
Бұған дейін Ресей билігі Украина жағын «террористердің Ресейден шығуына жағдай жасады» деп айыптаған.
Украина бас барлау басқармасының төрағасы Андрей Юсов Путиннің болжамы «сын көтермейді» деді.
Юсовтың сөзінше, Ресей басқыншылығының үшінші жылында Украинаның шекарадағы аймақтары «әскер, арнайы агент, арнайы қызмет пен күштік құрылымдарға» толы, «шекара сызықтары миналанған, екі жақты да әуеден барлау қызметі бақылап тұр».
«Крокус сити холлға» шабуылдағандар Украинаға өтпек болғанын және шекараға жақын маңда ұсталғанын бұған дейін Ресей ФСБ да хабарлаған.
Күдіктілерді ұстау сәтінен түсірілген видеоны Baza арнасы жариялады. GeoConfirmed жобасы видео Брянск облысындағы M3/Е101 трассасында @auditor_ya атты X аккаунты түсіргенін жазды. Ол жерден Украинаға дейін 130 шақырым.
Ресейдің билікшіл және әскери телеграм-арналары Украина арнайы қызметінің «Крокус сити холдағы» шабуылға қатысы бары жөнінде болжамды таратуға тырысқан. Путин пен ФСБ-ның «жағдай жасағаны» жөнінде сөзінен бөлек, Ресей билігі ресми түрде мұндай айыптау айтпады. Киев терактіге қатысы барын терістеді.
Кейінгі мәлімет бойынша, «Крокус сити холға» шабуылдан кемінде 133 адам қаза болған.
24 наурызда Ресейде теракт құрбандарын аза тұту күні жарияланды.