Зеленский оңбай қателесті. Тозақ орнаған қалалар

0

Украинаның басына түскен аса қиын жағдай бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Дәл қазір Украинада не болып жатыр? Бұл туралы Nege.kz тілшісіне Киев тұрғыны Анна Обоянская айтып берді.

А.Обоянская. Фото: әлеуметтік желіден

 – Анна, Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатып отыр. Елдің жағдайы қалай?

– Негізі мен Киевте тұрамын. Дәл қазір мына жағдайға байланысты ұлым екеуіміз Киевтен 7 шақырым жердегі жер үйге келдік. Киевтегі пәтерімде әпкем қалды.

Қазіргі ахуал өте қорқынышты. Бір сағат бұрын ғана біздің үйдің жанында жарылыс болды. Гидроэлектр станциясы жанындағы көпір жарылды. Дәл қазір жарылыстар біршама саябырсыды. Қазір ресейлік әскер Киевке кіріп алды. Менің достарымның, туған әпкемнің айтуы бойынша, БТР мінген, автомат асынған әскерлер Киевтің ішінде емін-еркін жүр.

А.Обоянская ұлымен.

– Сонда Ресей әскері Киевті басып алды ма?

– Кеше таңғы 5-те Ресей әскері Украинаға басып кірді. Мемлекетіміздің ірі қалаларындағы маңызды нысандарға оқ жаудырды. Бірінші кезекте әуежайды басып алды. Бүгін әскер 7 шақырым жердегі көпірді жарып, әрі қарай Киевке кетті. Яғни, олар таңғы сағат 4-тен бері әуе жолында ракета арқылы шабуыл жасады. Ракеталар жер үйлерге түсіп, жарылып жатыр. Бейбіт тұрғындар арасында жарақат алғандар көп. Қазір Ресей әскері Киевке автоматтармен, танкілермен, зымырандармен жапа-тармағай оқ жаудырып жатыр. Құдды Киевте тозақ орнағандай.

– Қаза тауып, жарақат алған бейбіт тұрғындар көп пе?

– Бейбіт тұрғындар, балалар, қарттар, әскерилер арасында құрбан болғандар бар. Өзімнің жақын туыстарымның ішінде жарақат алғандар жоқ. Туған әпкем әріптестерімен бірге жерасты бункерінде тығылып жатыр.

 Киев тұрғындары эвакуацияланып жатыр ма?

– Жоқ. Ерте қамданғандары қаладан үлгеріп шығып кетті. Яғни, мүмкіндігі барлары өз еркімен кетті. Қазір де шығатын жолдарда, жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс орнаған. Бірақ қалада орталықтандырылған эвакуация болған жоқ. Тұрғындардың көбі өз үй-жайында қалды. Ал әскерлер жерасты метроларында, жертөлелерде түнеп жүр.

– Президент Зеленский Киевте ме?

– Ол өз орнында. Президент кварталында үкіметпен бірге күндіз-түні жұмыс істеп жатыр.

В.Зеленский

– Президенттің үндеуі жайында халықтың ойы қандай?

– Президент әр сағат сайын тікелей эфирге шығып, шынайы жағдайға елді едел-жедел қанықтырып отыр. Ол украиндықтардың әскери рухын да көтерді. Ол мықты адам. Бұл – менің жеке субъективті, адами пікірім. Президентіммен мақтанамын, оны қолдаймын. Оған жаным ашиды. Оған осының бәрінен өтетін күш берсе деп тілеймін.

Президент бірнеше рет халық алдына шықты. Үндемей қалған жоқ. Украинада не болып жатқанын бүкіл әлемге мәлімдеді. Бәрін нақты айтты. Ол бір үндеуінде: «Украина – толыққанды тәуелсіз мемлекет. Донбасс, Қырымды қосқанда, Украинаның барлық аумағы мен халқы тәуелсіз», – деді. Зеленский өзінің мемлекетін, халқын барынша қорғауға тырысып жатыр.

 Украина халқы Зеленскийді президент ретінде қолдай ма?

– Әрине, Ресей шабуыл жасамай тұрғанда көңілі толмайтындар болды. Бірақ жағдай өзгерді деп ойлаймын. Қазір президентке түбегейлі қарсы адамдарды кездестіру қиын. Ресейдің Украинаға басып кіруі, Зеленскийдің оған батыл қарсы тұруы халықты жұмылдырды.

Соғыс басталғаннан-ақ әлеуметтік желідегі таныстарым былайғы жұрт, бәрі белсенді түрде президентті қолдап жатыр. Неге десеңіз, бізде мақсат – біреу ғана. Біздің өз мемлекетіміз бар, біз өз еліміздің аумағында, өз үйімізде тұрып жатырмыз. Олар біздің үйге басып кіріп, оқ жаудырды. Бейбіт адамдарды, балаларды өлтіріп, шаңырағымызды ортаға түсіріп, ойран қылды.