Зеленский алғашқы жұмыс сапарын Донбасстағы қақтығыс аймағынан бастады

0
176

Украина президенті Владимир Зеленский алғашқы жұмыс сапарын Луганск облысынан бастап, әскерилердің Луганск пен Счастьедегі позициясын көріп қайтты. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысы сарбаздармен тұрмыс жағдайы, ас-су сапасы, техникамен, баспана және әлеуметтік жәрдеммен қамту, бөлімшелерді жасақтау жайында әңгімелесті» деп жазылған хабарламада.

Зеленский Станица Луганская кентінде алдыңғы шептерді – бақылаушылар посты мен блиндаждарды аралаған. «Қарсыластың таяудағы позициясы 400 метр жерде тұрды» деп жазады президенттің баспасөз қызметі.

Президент Біріккен күштер операциясының қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Свирскийдің қақтығыс аймағындағы жағдай туралы баяндамасын тыңдаған. Кеңеске Бас штаб басшысы – Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Хомчак қатысқан.

Azattyq