Зейнеткерлер мен студенттерге 42 500 теңге төлене ме

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

23 0 0

Егер зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүрген адам төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, министрлік оны ескереді

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Төтенше жағдайға дейін жұмыс істемеген зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақы алушылар әлеуметтік төлем алмайды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Сіздерге мемлекеттің тарапынан ай сайын зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Олар төтенше жағдайға байланысты тоқтаған жоқ. Қайта мөлшері артып жатыр, индексация жасалды. Оны мамыр айында көбейген мөлшерде аласыздар. Сондықтан кешірім сұраймыз, бірақ сіздер бұл төлемге ие бола алмайсыздар», – деді Нұрымбетов онлайн брифингте.

Бірақ, егер зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүрген адам төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, министрлік оны ескереді.

Оқи отырыңыз: 42 500-ді аласыз ба, әлде алмайсыз ба – енді өтінішті өзіңіз тексере аласыз

«Егер төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлемін төлеп қойған болсаңыз, қосымша ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Өтініш берсеңіз, біз оны көреміз. Жұмыс істегеніңіз расталып тұрса, жасыңызға, жәрдемақы алып жатқаныңызға қарамай төлемді береміз. Ал төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істемесеңіз, бірыңғай жиынтық төлемін төлеп әуре болмаңыздар», – деді ол.

Атаулы әлеуметтік көмек алатындарға кедергі жоқ

Министр атаулы әлеуметтік көмек тұрмысы төмен отбасыларға төленетінін атап өтті.

«Төтенше жағдайға дейін ресми, бейресми жұмыс істеп, режимге байланысты кірісіңізден айырылсаңыз, онда өтініш беруге құқылысыз. Егер бейресми жұмыс істеген болсаңыз, бірыңғай жиынтық төлем төлеп, өтініш бере аласыз. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға кедергі жоқ», – деді Нұрымбетов онлайн брифингте.

Сонымен қатар, министр шәкіртақы алатын студенттерге әлеуметтік төлем төлене ме деген сұраққа жауап берді.

Айтуынша, еңбек министрлігі стипендияның бар-жоғын тексеріп жатпайды. Егер олар төтенше жағдайға дейін жұмыс істеп, кірісінен айырылса, 42 500 теңгеге өтініш беруге құқылы.

«Егер ресми түрде жұмыс істесеңіз, өтінішті жұмыс берушіңіз береді. Жеке кәсіпкер болсаңыз, өзіңіз жібересіз. Ал ақша тауып жүріп, төтенше жағдайға байланысты кірістен айырылып қалсаңыз, өтініш берген кезде тиісті белгіні қойып, бір күн бұрын бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, ала аласыз», — деп түсіндірді Нұрымбетов.



sputniknews.kz