Зейнеткер Назарбаев халық арасында Қонаев сияқты емен-жарқын жүре ала ма?

0
91
Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті өз еркімен тапсырып бергеніне үш жыл болды. Осы аралықта көп нәрсе өзгерді, әсіресе Қаңтар қырғынынан бері Назарбаевтың саяси мұрасы, қателіктері жайлы биік мінберден жиі айтыла бастады. Ал экс-президенттің өзі ақсақал ретінде ел арасына еркін шығып, халқымен емен-жарқын сөйлесе ала ма? Жұрттың оған деген ықыласы мемлекеттік телеарналардан көрсетілетіндей ерекше бола ма? Совет дәуірінің және қазіргі заманның өкілдерінен осы туралы сұрап көрдік.
ҚАҢТАР КӨТЕРІЛІСІМЕН АЯҚТАЛҒАН «ҚОС БИЛІК»
2019 жылдың 19 наурызында Қазақстан үшін күтпеген оқиға болды. Сол күні сағат 19-да президент Нұрсұлтан Назарбаев аяқ астынан үндеу жасап, өкілетін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын мәлімдеді. Соңғы жылдары өзіне берілетін кепілдіктер мен өмір бойғы қызметтерді конституциялық заңдармен бекітіп алғаны Назарбаевтың кетуге дайындалып жүргенін аңғартқанымен, оның қай күні, қалай кететіні белгісіз еді. Тіпті телеарналар да сол күні алдын ала анонс жарияланған жоқ.
Президент ретінде ант берісімен алғашқы жарлығымен Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерткен Тоқаев Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беріп, айрықша ізет, ерекше ілтипат көрсетті.
Бірер күннен кейін сәні келіскен оқалы шапан, құндыз бөрік киген Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаев пен өзге де жоғары лауазымды қызметкерлердің алқалауымен аты ауысқан Нұр-Сұлтан қаласының орталығында өткен наурыз тойына келіп, жас жұбайларға бата берді. Сырт қарағанда 30 жыл бойы арқалаған жүгін өзінен кейінгі президентке тапсырып, халық алдына алаңсыз, емен-жарқын шыққан қариядай әсер қалдырған.
Алайда ол кезде Назарбаев президент санасуға тиіс Қауіпсіздік кеңесінің, өзі құрған «Нұр Отан» партиясының және басқа да мекемелердің басшысы қызметтерін атқаратын еді.
Көп ұзамай-ақ сарапшылар «билік әлі де Назарбаевтың қолында», «қос билік орнады» деген болжам айта бастады. Тоқаевтың «Қазақстанда қос билік жоқ» деген сөзі де күмәнді сейілте алмады.
2019 жылғы маусымдағы президент сайлауы көп заң бұзушылықпен өтті, біраз халықаралық және отандық ұйымдар мен сарапшылар Тоқаев әкімшілік ресурстар күшімен жеңіске жетті деген тұжырым жасады. Содан кейін де Назарбаев Қазақстанның сыртқы саясаты мен кадр мәселесіне бұрынғыша араласып, зейнеттегі қария кейпін ұмыттырды.
Назарбаев Тоқаевты "Нұр Отан" партиясы атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынған сәт. 23 сәуір 2019 жыл.
Назарбаев Тоқаевты «Нұр Отан» партиясы атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынған сәт. 23 сәуір 2019 жыл.
Билікшіл сарашылар мұны «билік транзитінің қазақстандық үлгісі» деп сипаттады. Постсоветтік елдердің кейбір авторитар жетекшілері билікті сақтап қалуға ыңғайлы көрінген осындай транзиттен үлгі ала бастағаны да аңғарылды.
Кемінде 238 адам қаза тауып, жүздеген кісі жараланған Қаңтар көтерілісінен кейін ғана Назарбаев зейнеткер екенін есіне түсірді. Наразылық күшейген кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алды.
Негізгі ұраны «Шал кет» болған Қаңтар оқиғасы кезінде үндемеген Назарбаев екі аптадан соң ғана видеоүндеу жасап, өзінің зейнеткер екенін жариялады. Бірнеше рет қарадүрсін кесіліп, қидаланғаны байқалып тұрған үндеуді оқып берген Назарбаев Тоқаевты қолдауға шақырды.
Артынша парламент экс-президентті Қауіпсіздік кеңесінің және Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы болу құқығынан айырып, шын мәнінде зейнеткерге айналдырды. Жақын серіктері мен туғын-туыстары ірі қызметтерден алынып, туыстары қамалды.
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев есімін үнемі еске салып отыратын ресми БАҚ-та оның аты да, оған берілген «елбасы» титулы да көп айтылмайтыны байқалды. Осылайша Назарбаев елеусіз, ескерусіз қала бастағандай көрінді. Тіпті Назарбаев Қазақстанда ма, әлде шетелге кетті ме деген сауалдарға жауап табу қиындады.
Тоқаев «ұстазына» тиіспегенімен, ол билік еткен дәуірді, оның басқару стилін сынға алып, «тоқырау», «елбасының арқасында байығандар», «олигополия», «суперпрезиденттік басқару» деген сөздерді айта бастады.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анталиядағы форумда отыр. 11 наруыз 2022 жыл.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анталиядағы форумда отыр. 11 наруыз 2022 жыл.
Көптен көрінбеген Назарбаевтың таяуда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғаның шақыруымен Түркияға барғаны айтарлықтай жаңалық болды. Алайда Азаттық тілшісі сөйлескен депутаттар да, Назарбаевпен бұрын жиі кездескен адамдар да оның қайда екенін дәл айта алмайды. Кейбірі шетелде, кейбірі Нұр-Сұлтан қаласында деп санайды.
ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ҚОНАЕВ
Тәуелсіз Қазақстан тарихында зейнетте болған бірінші басшы Назарбаев қана емес. Советтік Қазақстанда көп жыл басқарып, 1986 жылы Мәскеудің шешімімен қызметінен босатылған Дінмұхамед Қонаев та Қазақстан тәуелсіздігі кезінде зейнетте өмір сүрді.
Қонаев өзі өсірген кадр, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ара-қатынасына өзі бірінші хатшылықтан кетпей тұрғанда-ақ суыған еді. 1986 жылы ақпанда өткен компартия съезінде жас Назарбаев жетпістен асқан Қонаевты сынап тастаған.
Өзінің естеліктерінде және зерттеу еңбектерде Қонаевтың 1990 жылдарға дейін «үйқамаққа ұқсас» жағдайда отырғаны, билік сыртынан күзетіп, үйіне баспасөз өкілерін де жібермеуге тырысқаны айтылады. Қонаев мемлекеттік іс-шараларға да шақырылмай ескерусіз, елеусіз қалғаны сөз болады.
Алайда ол өмірінің соңына қарай халықпен еркін араласып, жұрт ықыласына бөленді.
Назарбаев Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен шарада сөз сөйлеп тұр. 12 қаңтар 2012 жыл.
Назарбаев Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен шарада сөз сөйлеп тұр. 12 қаңтар 2012 жыл.
Қонаев өмірден озған соң оның көп естелігі жарияланды, кейбірінде Қонаев пен Назарбаевты қатар қойып, «екеуі де әулиенің аянымен өмірге келген адамдар» деп дәріптеген. Ал Назарбаевтың өзі мадақтың астында қалды. Ол туралы жүздеген кітап жазылып, фильм түсірілді.
Біз Қазақстанның бұрынғы басшылары Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевты кезіндегі саяси жағдайларға куә болған жазушылар Смағұл Елубаев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеевке, Қонаев тұсында да, Назарбаев кезінде де жоғары қызметте болған, билік партиясы атынан мәжіліске де сайланған Серік Әбдірахмановқа, тарихшы Хангелді Әбжановқа және Назарбаев құрған «Нұр Отан» атынан сайланған қазіргі депутаттар Ерлан Сайыров пен Еділ Жаңбыршинмен сөйлесіп, зейнетке шыққан екі басшы туралы пікірлерін сұрадық.
Жалғасын Azattyq порталынан оқи аласыздар…