Зейнеткер: 45 жыл жиғаныма пәтер алам дегенде – алдап соқты

0

Нұр-Сұлтанда жылдар бойы әр тиынын есептеп, жетпегесін несиесін рәсімдеп, асыға күткен үйлеріне әупірімдеп жеткен халық енді өз пәтеріне кіре алмай отыр. Өйткені өз ісіне салғырт қараған құрылыс компаниясының салдарынан бір үй бірнеше адамға сатылып, енді бір баспанаға қос қожадан таласып жатыр, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Айдың-күннің аманында далада қалғалы тұрған жандардың бірі Гүлдана Аманова.

Гүлдана Аманова, қала тұрғыны:

Кілтті алып, ремонт жасап, кірдік. Енді естественно ондай крупный ақша қолымызда жоқ. Барамыз да оформлять етіп кредит аламыз. 4 баламен кредитпен осы үйде тұрып жатырмыз. Қазір бізді шығарып жіберсе, менде даже квартира жалдайтын жағдай жоқ. 4 баламен қақаған аязда далада қалайын деп тұрмыз.

Елорданың сол жағалауында салынған сақалды құрылысқа тап болып, пәтеріне әрең дегенде қол жеткізген Арман Ниязовтың арманы да ақталмады. Баспанасына таласып, өзгелермен соттасып жүргеніне екі жылдың жүзі болыпты.

Арман Ниязов, қала тұрғыны:

Бес жылдан бері күткен пәтеріміздің кілтін алғанымызда, қуанышымызда шек болмады. Баспанамызға бірден көшіп, жөндеу жұмыстарын бастадық. Кейін бірнеше ай өтер-өтпестен, үйіміздің тағы басқа қожайындары барын білдік.

Даудың басы сонау 2014 жылдан басталған. «Семейный» тұрғын-үй кешенінің құрылысы бітпей жатып, пәтерді 13 отбасы сатып алады. Үйге әне кіресіздер, міне кіресіздер деп мердігер компания уәдесімен тойдырғанда, ескі басшы ауысып, жаңасы келеді. Келеді де, әлгі 13 отбасының үйін басқа біреуге сатып жібереді.

Гүлзада Әлкенова, зейнеткер:

Отбасымның тұратын үйі жоқ. Мен ойлаған жоқпын 45 жыл еңбек етіп, бір күн де үйде отырған жоқпын. Сөйтіп еңбек етіп, енді зейнетін көрем-ау дегенде мен осындай жағдайға тап боламын деп ойлаған жоқпын.

Мәселен, Гүлзада Әлкенова үйді бірінші болып алғандардың бірі. Бірақ Соттың шешіміне сәйкес, енді ол баспананың заңды иесі емес екен.

Гүлзада Әлкенова, зейнеткер:

Бірінші бізке сатқан сатып алушылардың қағаздарын анулировать етіп тастағанбыз дейді. заңсыз деп тапқан. Қалай ол заңсыз болады?

Ал құрылыс компаниясының басшылығы мәселенің мән-жайын былай деп түсіндірді.

Аян Әлімханов, құрылыс компаниясының директоры:

2018 жылы үйдің құрылысы аяқталған соң, біз пәтерді алдын-ала алған тұрғындардарға хабарластық. Өйткені бұрынғы басшылықтың жүргізген құжаттарына сәйкес, аталған тұлғалар үйдің ақысын толық төлемеген. Сөйтіп қарыздардың толық өтелмеуіне байланысты, біз келісімшартты біржақты үзіп, үйлерді басқа біреулерге сатып жібердік.

Сөйтсе, құрылыс компаниясының алғашқы басшылығы үйді бірінші алған тұрғындарға фискалды чек үлестірмепті. Енді пәтер алуға миллиондаған қаржысын жұмсаған тұрғындар үйдің ақысын төлегендерін дәлелдей алмай жүр. Осы ретте, құзырлы органдар аталған оқиға бойынша қылмыстық істің қозғалғанын хабарлап, болашақта халықты аса мұқият болуға шақырды.

Қайрат Айтеков, қалалық ПД Тергеу басқармасы басшысының орынбасары:

Пәтер алмас бұрын мердігер компаниядан баспанаға қатысты барлық құжаттарды тексеріп алған жөн. Мәселен, эксплуатацияға берілмеген үйлердің құжаттары болмайды. Осыны да аңғарып алған абзал. Құжаттары рәсімделмеген үйлерде пәтерді екі рет сатып алу деректері жиі кездеседі.

Ал кейіпкерлеріміздің мәселесі қашан шешелітіні басы ашық сұрақ. Бірақ олар әділдік орнамайынша, қайтпаймыз деп бекініп отыр.