Зейнетақы, жәрдемақы, декреттік төлемге 2025 жылдан бастап қанша қосылады

0

Жаңа жыл кезінде жұртшылықты қызықтыратын бір тақырып – әлеуметтік төлемдер мәселесі. Әр адамның қалтасына әсер етерлік осы тақырыпты Ulysmedia.kz порталы қаузап, әр төлем мөлшері қалай өзгеретінін шолып шықты.

АЙЛЫҚ ЕСЕПТІК КӨРСЕТКІШ ЖӘНЕ ЕҢ ТӨМЕНГІ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ

Ең әуелі айлық есептік көрсеткіш қалай өзгеретінінен бастайық. Биыл АЕК мөлшері 3692 теңгені құрайды. 2025 жылдан бастап бұл мөлшер 3932 теңгеге жетеді. Яғни, әлеуметтік төлемдердің бәріне ақша қосылады. Алайда сол төлемдерден қатар, айыппұлдардың да мөлшері өсетінін ескеру керек.

2025 жылға ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 228 теңге болады. 2024 жылы бұл сома 43 407 теңге еді.

БАЛА КҮТІМІ

Бала күтіміне байланысты берілетін төлемдер: бірінші балаға қазір 5,76 АЕК, яғни 21 266 теңге болса, жаңа жылдан бастап оның мөлшері 22 648 теңге болады. Екінші балаға 6,81 АЕК немесе 26 777 теңгеге өседі. Биыл бұл төлем 25 143 теңгені құраған. Үшінші баланың күтіміпне 7,85 АЕК немесе 30 866 теңгеге (2024 жылы – 28 982 теңге) жетеді. Төртінші және одан да көп балаға 8,90 АЕК-тен немесе 34 995 теңге (2024 жылы 32 859 теңге) беріледі.

МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАР

Мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы күнкөріс деңгейімен есептеледі. I топтағы мүгедектігі бар адамдарға жаңа жылдан бастап 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге, ІI топтағы мүгедектігі бар адамдарға 6 397 теңгеден 81 362 теңгеге, III топтағы мүгедектігі бар адамдарға 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге ұлғаяды.

АСЫРАУШЫСЫНАН АЙЫРЫЛҒАНДАРҒА КӨМЕК  

Асырауында бір адам бар азаматтарға төлем 39 935 теңгеден биыл 42 530 теңгеге өседі. Екі адам барларға 73 792 теңгеден 78 588 теңгеге, үш адам барларға 97 666 теңгеден 104 013 теңгеге, төрт адам барларға 112 859 теңгеден 120 193 теңгеге, бес адам барларға 119 370 теңгеден 127 127 теңгеге, асырауында алты және одан да көп адам барларға 130 221 теңгеден 138 684 теңгеге өседі.