Зейнетақы қаражатын алу: тағы бір жағдайда өтінім қайтарылатын болды

0
169
Сурет: taldykorgan-online.kz

«Отбасы банктен» басқа екінші деңгейлі банкте ипотекасы бар қазақстандықтар зейнетақысының бөлігін алу үшін өтінім беретін кезде несие берешегі туралы анықтамада қарыздың мақсатын көрсетуі керек. Әйтпесе өтінім қайта жүктеуге қайтарылады. Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Бүгін таңертең басқа банктердегі қарызды өтеу бойынша талдау жасадық. Мынадай мәселеге тап болдық. Біз клиентке оңай болуы үшін «Банк заемы туралы» келесімшартты алып тастадық. Тек несиелік берешек туралы анықтаманы алып келуді өтіндік. Бірақ өкінішке қарай көптеген анықтамада несиенің мақсаты көрсетілмеген. Мысалы, Мұрат Абылайханұлына оның несие берешегі бар деген анықтама. Қазір адамдар екінші рет барып жүрмеуі үшін бұл мүмкіндікті порталда қайтардық. Ал біздің ішкі тексеріміз үшін банк заемы туралы келісімшартты жүктеу керек. Сонда біз сіздің несиеңіздің мақсатын көре аламыз.

Бұдан бөлек таңертең екінші деңгейлі банктермен видео арқылы байланыстық. Көбі несиенің мақсаты көрсетпей несие берешегі туралы анықтама бергенін айтты. Көптеген банк жүйесі осылай автоматтандырылған. Сондықтан клиентке қолайлы болуы үшін біз қайтардық. Сол себепті кімнің берешегі «Отбасы банк» емес, басқа банкте болса, түстен кейін жеке кабинетке кіріп, статусты тексеріп көріңіз. Егер сізге өтінімді қайта орындау туралы ескертілсе, демек анықтамаңызда несиеңіздің мақсаты туралы көрсетілмеген. Сондықтан банк заемы туралы келісімшартты тіркеу керек», – деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да өткен онлайн-брифингте.

Айта кетейік, 23 қаңтардан бастап қазақстандықтардан зейнетақы жинағының бөлігін тұрғын үй алу, ипотекалық қарызды өтеу т.б. мақсатты алу үшін өтінімдер қабылдана бастады. Әзірге 212 миллиард теңгенің өтінімі мақұлданды.