Зейнетақы өсті, салық азайды, темекі қымбаттады. 2018 жылда не өзгерді?
Кімдердің зейнетақысы өседі?
Егер бұған дейін базалық зейнетақы (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% – 15 273 теңге) төленгенде еңбек өтілі есептелмесе, бұдан былай ұзақ жұмыс істеген зейнеткерлер көбірек зейнетақы алады.
10 жылдан көп жұмыс істеген азаматтарға еңбек өтілінің әр жылына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2% қосылады (2018 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 28 284 теңге). Алайда, үстеме ақы мөлшері заң бойынша 100% аспауы керек.
Мәселен, еңбек өтілі 20 жыл болса базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-на дейін өсіп – 20 930 теңге, 33 жыл немесе одан көп болса – 28 284 теңге болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес, 1 шілдеден бастап, «Бюджет есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы беру ережесі, сондай-ақ жасы бойынша зейнетақы, мүгедектікке және асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді тағайындау және беру» мәселесіне қатысты өзгерістер қолданысқа енді.
Базалық зейнетақыны тағайындау үшін бұған дейінгі бекітіліген құжаттардан бөлек өтініш беруші келесі құжатарды тапсыруы керек:
- Өтініш берушінің зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін растайтын құжаттары.
- Неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы анықтама) немесе некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы анықтама жазбадан үзінді көшірме (бар болса);
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін растайтын құжаттарға (бар болған жағдайда) мыналар жатады:
1. Өтініш берушінің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін істеген еңбек өтілін растайтын құжаттар.
2. Бала күту мерзімінде жұмыс істемегендігін растайтын құжаттар:
- Балалардың туу туралы куәлігі (немесе баланың туу туралы акт жазбасынан үзінді немесе азаматтық хал акітілерін тіркеу органдары берген анықтама);
- Төмендегі құжаттардың бірі (бар болған жағдайда):
- Баланың жеке басын куәландыратын құжат;
- Неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы анықтама) немесе некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы анықтама жазбадан үзінді көшірме (бала бар болса);
- Баланың орта білім беру мекемесін бітіргендігі туралы аттестат;
- Арнайы орта және жоғары білімі туралы диплом немесе баланың оқығандығын растайтын оқу орнының анықтамасы;
- Баланың тіркелген тұрақты мекен-жайын растайтын құжат;
- Баланың қайтыс болғаны туралы куәлік. (немесе қайтыс болғандығы туралы акт жазбасы немесе азаматтық хал актілерін тіркеу органдары берген анықтама).
3. Баланы күту бойынша әкесінің жұмыс істемегенін және оның мерзімін растайтын сот шешімі.
4. 16 жасқа дейін мүгедек баланы күткенін және оның мерзімін растайтын сот шешімі.
5. Әскери қызмет мерзімін, арнайым мемлекеттік және құқық қорғау органдарында, фельдьегерлік қызметтерде жұмыс істеген мерзімін (бар болса) растайтын құжаттар:
- Еңбек кітапшасы;
- Әскери билет;
- Мұрағаттық мекеменің қызмет мерзімі туралы анықтамасы;
- Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) немесе қызмет орнының анықтамасы.
6. Жұбайының ҚР дипломатиялық қызмет және халықаралық ұйым қызметкері болып шетелде тұрғанын, әскери қызметшінің (шұғыл әскери қызметтен бөлек), арнаулы мемлекеттік орган қызметкері жұбайының мамандығы бойынша жұмысқа тұру мүмкіндігі болмаған жерлерде тұрғанын растайтын құжат.
Жаңа жәрдемақылар
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелет жасына толған бала кезінен І, ІІ топ мүгедектерін күтушілерге мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі енгізілді. Төлем көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес – 28 284 теңгені құрайды.
Темекі қымбаттады
«Фильтрлі, фильтрсіз темекілерге және папиростарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» Үкімет қаулысынасәйкес, темекінің ең төменгі бағасы 340 теңгеден 360 теңгеге өсті. Жыл аяғына дейін баға осындай болады, ал 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап тағы 20 теңгеге қымбаттайды.
Салық кодексі
Салық кодексінде де өзгерістер бар. Олар 3 шілдеден бастап күшіне енді. Бизнес өкілдеріне біраз жеңілдіктер жасалды. Түзетулерге сәйкес, патент беруге, тауар белгісін тіркеуге, тауардың шыққан жерін атауға, басқаға беру шарты, кепіл шарттарын, кешенді кәсіпкерлік лицензиясын (франчайзинг), өндірістік меншік нысандарын пайдаланумен байланысты лицензиялық, сублицензиялық шарттарды тіркеуге мемлекеттік баж салығы алып тасталды.
Шетелдіктерді жеңілдетілген тіркеу
1 шілдеден бастап шақыруларды рәсімдеу және визалар беру ережелеріне жасалған өзгерістер күшіне енді (СІМ және ІІМ 28.11.2016 ж. №1100 біріккен бұйрығы)
Енді шақыртуларды елден шыққанға дейін (Қазақстан аумағына кіруге виза қажет шетелдіктерге байланысты) 5 күн бұрын (бұрын 14 күн болған) тапсырса болады. Шақыртуда шетелдіктің Қазақстандағы тұрғылықты мекен-жайы және жүріп-тұратын бағыты көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар белгіленген елді-мекенге сәйкес, ӘАНК (әкімшілік-аумақтық нысанның классификаторының) коды көрсетілуі керек.
Қазақстандағы виза шетелдікті көші-қон полициясына тіркелуден босатады, өйткені тұрғылықты мекен-жайы мен жүріп-тұратын бағыты шақыртуда көрсетілген. Қолданыстағы визаны ұзартуға құжаттарды тапсыру мерзімі де өзгертілді. Өтнішхат қолданыстағы визаның аяқталу мерзіміне 5 жұмыс күні қалғанда және отыз жұмыс күнінен бұрын емес уақытта тапсырылады.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.