Зейнетақы мөлшері көбейеді | «Айқын» газеті

0
98

Жоғарғы палата басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Сенат­тың биылғы жылжабар отырысы өтті. Жиында осы жылғы жұмыстың қоры­тындысын шығарған Қ.Тоқаев 2018 жыл еліміз үшін жетістіктерге толы жыл ретінде тарихымызда лайықты орын алатынын айтты.

– Біз осы жыл ішінде Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың басшылығымен және барша қазақстандықтармен бірге қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғалардың қатысушысы болдық. Халықтың өмір сапасын жақсарту жолындағы Елбасының теңдессіз баста­маларын іске асыру жұмысына белсене қатыстық. Биыл еліміз әмбебап әрі бала­масы жоқ әлемдік ұйым – БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің мүшесі ретінде жемісті жұмысын жал­ғастырып, осы кеңестегі төрағалық қызметін абыроймен атқарды. Бұл – Елбасының әлем­д­егі биік беделінің арқасы және айқын кө­рінісі, – деді Сенат төрағасы. Ол биыл Тә­уел­сіздігіміздің бойтұмары, Елбасы негі­зін қа­ла­ған әсем қала Астананың мерейлі 20 жылдығы кең ауқымда атап өтілгеніне назар аудартты.
Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Бес әлеуметтік бастамасы мен биылғы қазан айындағы Жолдауында халқымыздың әл-ауқатын арттыруға және өмір сапасын жақ­сартуға бағытталған ауқымды стратегиялық міндеттерді белгіледі.
–Бүгінде мемлекеттік биліктің барлық тар­мағы Президенттің әлеуметтік бас­тама­ларын белсенді түрде іске асыруда. Жолдауға сәйкес, ең алдымен, қазақ­стан­дықтардың кіріс деңгейін арттыру шаралары қолға алынды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен жалақы 1,5 есеге артты­рылады, зейнетақы мөлшері көбейтіледі, коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетіледі, – деді Қ.Тоқаев.
Ол биылғы елеулі оқиғалар қатарында «Каспийдің құқықтық мәртебесі бойынша 5 мемлекет 20 жылдық келіссөздердің нә­тижесінде арнайы конвенцияға қол қой­ғанын» атады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі конвенцияны ратификациялауға қатысты заң жобасын Сенат келер жылы қарайды.
Тағы бір ірі оқиға «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми түрде өз жұ­мысын бастауы болды. Парламент қабыл­даған арнайы конституциялық заң қаржы орталығының құқықтық мәртебесін ай­қындап берді, шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлер үшін қажетті жағ­дайлар жасады.
– Бүкіл түркі жұртының рухани орта­лығы Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі – Елбасының ел ме­рейін арттырған стратегиялық әрі тарихи шешімі екені даусыз. Ел Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барша қоғам мен әлем жұртшылығының назарын аударды және бірегей туынды ретінде қа­былданды. Тамыры тереңге бойлаған ма­қалада біздің ұлттық тарихымыздың мән-маңызы, оның әлем тарихындағы орны мен жаһандық өркениетке тигізген ықпалы жан-жақты сарапталды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің VI Съезі жоғары деңгейде өткенін де еске салды.
Палата төрағасының мәліметінше, Сенат жыл ішінде Мемлекет басшысы ұсын­ған реформаларды заңнамалық қам­тамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Нәтижесінде, 2018 жылы Пар­ла­мент 80 заң қабылдаған. Олардың 30-ға жуығы тікелей Елбасы тапсырмаларын орындауға бағыт­талды. Қ.Тоқаев сенатор­лардың заң жоба­ларының басым көпшілігін қысқа мерзімде жан-жақты мұқият қарас­тырып, көптеген маңызды түзетулер енгіз­генін айтты.
Жоғарғы палата депутаттары қоғамы­мыз­дағы ең өзекті мәселелер бойынша Үкі­метке 100-ден аса депутаттық сауал жолдады.
– Биыл Сенат заң шығару жұмысымен қатар парламенттік қызметтің басқа да бағыттары бойынша өте белсенді жұмыс істеді. Біз осы жылы өзекті тақырыптарға арналған бірқатар маңызды іс-шаралар өт­кіздік. 4 парламенттік тыңдаудың нәтижесі бойынша атқарушы органдарға нақты ұсыныстар берілді. Олардың орындалу ба­рысы комитеттердің ұдайы бақылауында болады, – деді палата төрағасы.
Ол 2019 жылы Сенат алдында жүйелі түр­де жүргізілетін күрделі жұмыстарды ат­қару міндеті тұрғанына назар аудартты. Ел­басы тапсырмаларын орындауға бағыт­талған маңызды заң жобаларының тағы бір топта­масы түседі деп күтілуде. Сондықтан сена­тор­лардың заң шығарушылық жұмы­сының қарқыны арта түспек. Жалпы, жаңа жыл ба­сында Парламентте 50-ден аса заң жобасы бо­йынша жұмыс жүргізілмек. Олар­дың ­оны – Сенат еншісінде. Ол заң жо­баларын қаң­тар-ақпан айларында қарау жоспарланған.
– Жаңа 2019 жыл – еліміздің қоғамдық-саяси және рухани өмірі үшін ерекше жыл болмақ. Елбасының ұсынуымен 2019 жыл мемлекетіміздің қуатты тірегі, жарқын болашағы – жастарға арналатын болды. Жас­тар жылы шеңберінде қолға алынатын бірқатар маңызды іс-шаралар бар. Олар – жастарға пайдалы білім беру, жұмыспен қамту, қолайлы әлеуметтік орта қалып­тас­тыру және олардың мәдени, рухани дең­гейлерін көтеру мәселелеріне байла­ныс­ты. Жастар жылын атап өтуде атүсті көз­қа­растан аулақ болуымыз қажет, тиісті іс-ша­ралар еліміздің игілігіне қызмет етуі ке­рек. Бұл ретте Сенат депутаттары жас­тар­ды жан-жақты қолдауға арналған нақты іс-ша­раларды заңнамалық қамтамасыз ету­ге белсене қатысарына кәміл сенемін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Сенат төрағасы Қ.Тоқаев әріптестеріне бірлесіп атқарған белсенді әрі жемісті қызметтері үшін ризашылығын білдірді.

Дереккөз: Айқын