Зейнетақы мөлшері көбейеді | «Айқын» газеті
Жоғарғы палата басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Сенаттың биылғы жылжабар отырысы өтті. Жиында осы жылғы жұмыстың қорытындысын шығарған Қ.Тоқаев 2018 жыл еліміз үшін жетістіктерге толы жыл ретінде тарихымызда лайықты орын алатынын айтты.
– Біз осы жыл ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен және барша қазақстандықтармен бірге қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғалардың қатысушысы болдық. Халықтың өмір сапасын жақсарту жолындағы Елбасының теңдессіз бастамаларын іске асыру жұмысына белсене қатыстық. Биыл еліміз әмбебап әрі баламасы жоқ әлемдік ұйым – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде жемісті жұмысын жалғастырып, осы кеңестегі төрағалық қызметін абыроймен атқарды. Бұл – Елбасының әлемдегі биік беделінің арқасы және айқын көрінісі, – деді Сенат төрағасы. Ол биыл Тәуелсіздігіміздің бойтұмары, Елбасы негізін қалаған әсем қала Астананың мерейлі 20 жылдығы кең ауқымда атап өтілгеніне назар аудартты.
Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Бес әлеуметтік бастамасы мен биылғы қазан айындағы Жолдауында халқымыздың әл-ауқатын арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды стратегиялық міндеттерді белгіледі.
–Бүгінде мемлекеттік биліктің барлық тармағы Президенттің әлеуметтік бастамаларын белсенді түрде іске асыруда. Жолдауға сәйкес, ең алдымен, қазақстандықтардың кіріс деңгейін арттыру шаралары қолға алынды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен жалақы 1,5 есеге арттырылады, зейнетақы мөлшері көбейтіледі, коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетіледі, – деді Қ.Тоқаев.
Ол биылғы елеулі оқиғалар қатарында «Каспийдің құқықтық мәртебесі бойынша 5 мемлекет 20 жылдық келіссөздердің нәтижесінде арнайы конвенцияға қол қойғанын» атады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі конвенцияны ратификациялауға қатысты заң жобасын Сенат келер жылы қарайды.
Тағы бір ірі оқиға «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми түрде өз жұмысын бастауы болды. Парламент қабылдаған арнайы конституциялық заң қаржы орталығының құқықтық мәртебесін айқындап берді, шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлер үшін қажетті жағдайлар жасады.
– Бүкіл түркі жұртының рухани орталығы Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі – Елбасының ел мерейін арттырған стратегиялық әрі тарихи шешімі екені даусыз. Ел Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барша қоғам мен әлем жұртшылығының назарын аударды және бірегей туынды ретінде қабылданды. Тамыры тереңге бойлаған мақалада біздің ұлттық тарихымыздың мән-маңызы, оның әлем тарихындағы орны мен жаһандық өркениетке тигізген ықпалы жан-жақты сарапталды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі жоғары деңгейде өткенін де еске салды.
Палата төрағасының мәліметінше, Сенат жыл ішінде Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Нәтижесінде, 2018 жылы Парламент 80 заң қабылдаған. Олардың 30-ға жуығы тікелей Елбасы тапсырмаларын орындауға бағытталды. Қ.Тоқаев сенаторлардың заң жобаларының басым көпшілігін қысқа мерзімде жан-жақты мұқият қарастырып, көптеген маңызды түзетулер енгізгенін айтты.
Жоғарғы палата депутаттары қоғамымыздағы ең өзекті мәселелер бойынша Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдады.
– Биыл Сенат заң шығару жұмысымен қатар парламенттік қызметтің басқа да бағыттары бойынша өте белсенді жұмыс істеді. Біз осы жылы өзекті тақырыптарға арналған бірқатар маңызды іс-шаралар өткіздік. 4 парламенттік тыңдаудың нәтижесі бойынша атқарушы органдарға нақты ұсыныстар берілді. Олардың орындалу барысы комитеттердің ұдайы бақылауында болады, – деді палата төрағасы.
Ол 2019 жылы Сенат алдында жүйелі түрде жүргізілетін күрделі жұмыстарды атқару міндеті тұрғанына назар аудартты. Елбасы тапсырмаларын орындауға бағытталған маңызды заң жобаларының тағы бір топтамасы түседі деп күтілуде. Сондықтан сенаторлардың заң шығарушылық жұмысының қарқыны арта түспек. Жалпы, жаңа жыл басында Парламентте 50-ден аса заң жобасы бойынша жұмыс жүргізілмек. Олардың оны – Сенат еншісінде. Ол заң жобаларын қаңтар-ақпан айларында қарау жоспарланған.
– Жаңа 2019 жыл – еліміздің қоғамдық-саяси және рухани өмірі үшін ерекше жыл болмақ. Елбасының ұсынуымен 2019 жыл мемлекетіміздің қуатты тірегі, жарқын болашағы – жастарға арналатын болды. Жастар жылы шеңберінде қолға алынатын бірқатар маңызды іс-шаралар бар. Олар – жастарға пайдалы білім беру, жұмыспен қамту, қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру және олардың мәдени, рухани деңгейлерін көтеру мәселелеріне байланысты. Жастар жылын атап өтуде атүсті көзқарастан аулақ болуымыз қажет, тиісті іс-шаралар еліміздің игілігіне қызмет етуі керек. Бұл ретте Сенат депутаттары жастарды жан-жақты қолдауға арналған нақты іс-шараларды заңнамалық қамтамасыз етуге белсене қатысарына кәміл сенемін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Сенат төрағасы Қ.Тоқаев әріптестеріне бірлесіп атқарған белсенді әрі жемісті қызметтері үшін ризашылығын білдірді.
Дереккөз: Айқын