Заречныйдегі үш сотталушы азапталғандарын айтады

0

Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/12 колониясында отырған Виталий Базанов, Жандос Байзақов және Нұрлан Әлішер видеомәлімдеме таратып, 24 желтоқсанда түрмедегі тінту кезінде «таяқ жегендерін» айтты. Екі сотталушының видеосын сотталғандардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген Елена Семенова жариялады.

Интернетте тараған видеодан кейін сотталушы Нұрлан Әлішердің шешесі Айгүл Төлепбаева бүгін, 26 желтоқсанда түрмеге барған. Бірақ ол түрме басшылығының баласымен кездестірмей қойғанын айтады.

– Колония жетекшісі «ұлыңыз бұзақылық жасады, YouTube желісіне видео таратты, демек қолында ұялы телефоны бар. Қазір соны анықтау үшін іс қозғалды» деп шығарып салды. Прокуратураға шағым түсіремін. Істі бұлай қалдырмаймын, – деді Төлепбаева Азаттық тілшісіне.

Видео арқылы «таяқ жегенін» айтқан Жандос Байзақовтың да шешесі Динара Байзақова да түрме басшылығы баласына кіргізбей қойғанын айтады.

– Түрмедегілер «Тінту шарасы жүргізілген кезде, Жандос тәртіп бұзған. Сондықтан бүгін оқшаулау камерасына қамалды. Ұлыңызды ешкім ұрған жоқ» деп жауап берді. Видеодан көрдім ғой, баламның мойны кесілген, – дейді ол.

Динара Байзақова да прокуратураға шағым түсіретінін айтты.

Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Ақерке Жаубасарова Азаттыққа үш сотталушының видеода айтқанының шын-өтірігін тексеру үшін түрмеде қазір қызметтік тексеріс басталғанын айтты. «Азаптаудық болған-болмағаны тексеріс кезінде анықталады» деді ол.

Бұған қоса, ҚАЖК баспасөз қызметі ЛА-155/12 түрмесіндегі тінту кезінде сотталушылардан 37 ұялы телефон, 26 өткір заттар тәркіленгенін хабарлады. Қазір түрме қызметкерлерәнің үстінен ұялы телефон мен өткір заттардың табылуына байланысты да қызметтік тексеріс басталған.

Шілдеде Заречныйдегі түрме қызметкерлерінің бір сотталушыны ұрып жатқан видеосы тарап кеткен. Осыдан кейін түрме басшысы мен бірнеше қызметкері жұмыстан кеткен. Азаптау оқиғасы бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.

​»Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің дерегінше, Қазақстанда соңғы үш жылда сотталушыларға және күдіктілерге қатысты 53 азаптау фактісі тіркелген.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз