зардап шеккендерге 94 млн теңге берілді

0

Үкімет басшысы салдарынан он екі адам көз жұмған ұшақ апатының екі себебі қарастырылып жатқанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Ұшақ апаты салдарынан зардап шеккен жолаушылар мен қаза болғандардың отбасына 94 миллион теңге шамасында өтемақы төленді. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.

«Бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсету жұмысы жүргізілді. Зардап шеккен 46 жолаушыға бір миллион теңгеден, ал жақынынан айырылған 12 отбасы төрт миллион теңгеден алды», – делінген Маминнің депутат сауалға берген жауабында.

Апат себебі

Премьердің айтуынша, қазіргі кезде Bek Air әуе компаниясының сертификаты тоқтатылған. Мемлекетаралық авиация комитеті әуе кемесінің өздігінен жазатын екі борттық құрылғысын жүктеді. Мамандар қорытынды дайындап жатыр.

Ал апат салдарын тергеу ісін ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобы жүргізіп, бас көлік прокуратурасы бақылайды.

«Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, оның екі негізгі нұсқасы қарастырылып жатыр. Біріншісі – ұшақтың қанаттарына мұз қатқан болуы мүмкін. Бұл нұсқаны халықаралық сарапшылар көмегімен тексеру үшін ұшуға дейінгі дайындық кезінде әуе кемесін мұздан тазарту процедурасы тексеріліп жатыр. Екіншісі – ұшақтың техникалық ақауы және ұшқыштың қателігі», – деді үкімет басшы.

Сонымен қатар, төтенше жағдай кезіндегі экипаждың іс-әрекетін бағалауға бағытталған тергеу амалдары да жалғасады. 

Bek Air не істеуі керек

Қайғылы оқиғада жұмыс берушілердің кінәсі де бар.

«Жұмыс берушілерге қайтыс болған жұмысшылардың (асырауындағы) отбасына сақтандыру төлемдерін төлеу қажеттігі туралы сақтандыру компанияларына хабарлау тапсырылды. Арнайы тергеу материалдары тпроцедуралық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жіберілді», – делінген құжатта.

Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті оқиға салдарынан тоқтатылған рейс жолаушыларына ақшаны қайтарып алу туралы Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық сотына шағым түсірді.

2020 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін жолаушыларды тұрақты рейспен тасымалдайтын елдегі барлық әуе компаниялары тексеруден өткізіледі.

Алматы маңындағы ұшақ апаты

2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air жолаушылар ұшағы Алматыдан ұшып шыққаннан кейін бірден құлады.
Ұшақ бетон қоршауға құлап, екі бөлікке бөлінді. Апат салдарынан 12 адам қаза болды. Экипаж командирі оқиға орнында көз жұмса, ауруханадан шыққаннан кейін екінші ұшқыш қайтыс болды. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін үкіметтік комиссия құруды тапсырды. 2019 жылы 28 желтоқсанда Қазақстанда ұлттық аза тұту күні болды.

Қазақстан авиация әкімшілігі Bek Air әуе компаниясының ұшуға жарамдылық сертификатын тоқтатты.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз