Зардап шеккендердің бір бөлігі Қазақстан ауруханаларына ауыстырылды

0

Қордайдағы этникалық жанжал кезінде жарақаттанып, Қырғызстандағы ауруханаларға түскен сегіз қазақстандық Алматы ауруханасына ауыстырылды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. 9 ақпанда Қырғызстанға Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Нәдіров бастаған делегация келгеннен кейін осындай шешім қабылданған.

Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қордайдағы оқиғадан кейін 8-9 ақпанда 34 адам дәрігерге қаралған. 21 адам амбулаторлық емдеуге жіберілген. Қалған 13-і ауруханаға жатқызылған. 9 ақпан күні сегіз адам санавиацияның көмегімен Алматыға жеткізілгеннен кейін мұндағы Тоқмақ және Ивановкадағы ауруханада бес қазақстандық қалған. Олардың жағдайы тұрақты.

Қырғыз әріптестерімен кездесу кезінде вице-министр Камалжан Нәдіров зардап шеккендерге көмектескен қырғыз үкіметіне алғыс айтты.

Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданында этникалық жанжал болып, 10 адам қаза болған, 40-тан астам адам жарақаттанған. Куәгерлердің айтуынша, жергілікті аумақта тұрмайтын ер адамдар басым бөлігі этникалық дүнген тұратын ауылдардағы ғимараттар мен үйлерді өртеп, көліктерді қиратқан. Полиция жанжалға байланысты «Адам өлтіру» және «Тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша қылмыстық істер қозғады. Жанжалдың нақты неден шыққаны белгісіз. 8 ақпанда кешке Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Бұған дейін жанжалдан зардап шеккендердің басым бөлігі — Қордай аудандық ауруханасына, бір бөлігі Масанчиге жақын Қырғызстандағы Тоқмақ ауруханаларына жатқызылғаны хабарланған еді.

9 ақпанда Азаттық тілшісі Қордай аудандық ауруханасына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Оқи отырыңыз: Қордайдағы жанжал: Қырғызстан Қазақстанмен шекарадағы бақылауды күшейтті

Azattyq