Заңсыз қоқыс үйіндісіне жол берген 61 әкімнің орынбасары жазаға тартылды — министр

0

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында стихиялы қоқыс үйінділерімен қалай күресіп жатқанын мәлім етті.

— Спутниктік технологиялар қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды анықтау мен жоюдың тиімді құралы болып отыр. Стихиялық қоқыс үйінділерінің анықталғаны туралы «Қазақстан Ғарыш Сапары» деректері негізінде аумақтық экология департаменттері әрбір жағдайды тіркеп, әкімдіктерге заңсыздықтарды жою туралы нұсқама береді. Әкімдіктер тиісті шараларды қабылдамаған жағдайда лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен, 2024 жылы 164 лауазымды тұлға жалпы көлемі 9,4 млн теңгеге, оның ішінде аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде 61 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Ерлан Нысанбаев.
Министр кейінгі жылдары қоқыс үйінділерінің саны едәуір азайғанын айтты.

— Мәселен, 2018 жылы 8,7 мың қоқыс үйіндісі анықталып, оның 57%-ы жойылса, 2024 жылы шамамен 4,8 мың қоқыс үйіндісі анықталып, оның 91%-ы жойылды. Осыған байланысты министрлік елді мекендердің қамтылу аймағын кеңейту және ғарыштық түсірілімдер жиілігін арттыру арқылы бұл жұмысты күшейтуді ұсынады, — деді ол.
Бұған дейін «Таза Қазақстан» акциясында миллион тоннаға жуық қоқыс шығарылғаны айтылған еді.