Заңнамаға түзетулер елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді
Бүгінгі енгізіліп отырған өзгерістер бизнес саласын дамытуға, сауда қызметін нығайтуға ерекше ықпал ететін болады.
Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен өткен Мәжілістің жалпы отырысында заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер II оқылымда мақұлданды. Бұл туралы zakon.kz. Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабаралайды.
Заң жобасының маңыздылығына тоқталған Нұрлан Нығматулин бұл құжат Мемлекет басшысының бизнес-ортаны одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленгенін атап өтті.
Палата Спикерінің пікірінше бүгін қабылданған түзетулер кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді механизмін құруға мүмкіндік береді. Өйткені, бұл ең алдымен, жаңа кәсіпорындар ашу, несие алу, құрылысқа рұқсат беру және салық салуға жағдай жасайды.
«Бұл жолда бүгінгі енгізіліп отырған өзгерістер бизнес саласын дамытуға, сауда қызметін нығайтуға ерекше ықпал ететін болады. Сонымен бірге, кәсіпкерлер үшін де өте тиімді болып табылады. Осының барлығы, шағын және орта бизнестің экономикалық қуатын күшейтуге серпін беретіні сөзсіз», — деді Нұрлан Нығматулин.
Мәселен, 2020 жылдан бастап тауарларды таңбалау және сауда-саттық қызметінде кассалық-бақылау құралдарын пайдалану ережелері енгізілді.
Депутаттардың ұсынысы бойынша осы заң жобасында қарастырылған өнімдерді таңбалаумен өндірушілердің өздері немесе Бірыңғай өнімді таңбалаушы операторлар айналысатын болады. Сонымен қатар, Бірыңғай операторға қалаларда ғана емес, сонымен қатар барлық облыстық орталықтарда таңбалау қызметтерін ұсыну үшін өз филиалдары мен тиісті жабдықтары болуы керек.
Жұмыс тобының заң жобасымен жұмысы барысында депутаттар қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру мақсатында салықтық әкімшілендіруді оңайлату; мүгедектерге әлеуметтік қызметтер көрсету кезіндегі кірістерді салық салудан босату; салынған әкімшілік айыппұлды мерзімінен бұрын төлеген кезде шартты жеңілдік беру; толық декларация беру мерзімін ұзарту арқылы кедендік әкімшілендіруді оңайлату, сондай-ақ халықаралық пошта жөнелтілімдері кезінде кедендік рәсімдерді оңтайлы ету; электрондық сауда алаңдарын дамыту және электрондық сауданы жүзеге асырған кезде сатып алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі нормаларды нақтылау бойынша түзетулер енгізді.
Жалпы алғанда, заң жобасында Қазақстан Республикасының 10 кодексі мен 28 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/