Заңгер Тәшенова Жанболат Мамайдың кезекті өтірігін әшкере қылды

0

Бауыржан Байбектің заңгері Айжан Тәшенова Жанболат Мамайдың кассациялық сотқа шағымданбағанын мәлім етті.

Айжан Тәшенова өткен аптада Мамайдың кассациялық сатыда шағымданып-шағымданбағанын анықтау мақсатында Жоғарғы сотқа сауал жолдаған болатын. Себебі Мамай өзінің жазбаларының бірінде Жоғарғы сотқа жолданған арызы «жауапсыз қалғанын» жазған екен.

«Мен Мамайға барша қазақстандықтарға ашықтық үлгісін көрсетіп, Жоғарғы сотқа жіберген өтінішін және оған берілген жауапты әлеуметтік желіде жария етуді, сөзбен емес іспен дәлелдеуді ұсындым. Мен ойлағандай, Мамай қандай да бір құжат ұсына алмады.

Себебі де түсінікті. Мамайдың Жоғарғы сотқа жолдаған өтініші оның «журналистік зерттеу» деп атаған өтірігі іспетті кезекті «фейк»», — деп жазды Айжан Тәшенова өзінің Facebook желісіндегі жазбасында.

Заңгердің айтуынша, Жоғарғы соттан жауап жұма күні келген. Ресми жауапта «Қазақстан Республикасы сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінің мәліметтеріне сәйкес Ж.Мамайдың сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарастыру туралы арызы түспеген» делінген. Заңгер Жоғарғы сот жауабының толық мәтінін де қоса ұсынған.

«Мамайдың «Тазшаның қырық өтірігіндей» бұл сылтауы әдеттегідей арсыз өтірік, қоғамдық пікірді бұрмаламақшы болған кезекті қитұрқы әрекеті. Қазіргі қолда бар нақты деректерге назар аударсақ, Мамай жұбайын «отқа тастап» өзі шетте қалып отыр. Ал, Иманбаева өзін ғана емес, күйеуін де қорғауға мәжбүр болды. Мамайдың өз жақтастарын аяқтан шалуы таңсық емес. Жақында БАҚ-та тіркелмеген Қазақстан Демократиялық партиясының бірнеше белсендісінің ұсталғанын оқыдым. Алайда Мамай бұл жолы да ұсталмай, судан таза, сүттен ақ болып отыр», — дейді заңгер Тәшенова.

Естеріңізге салсақ, Алматы қалалық соты Б.Байбектің ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау жөнінде талап арызы бойынша сот шешімінің толық орындалмауына байланысты Мамайдың жүргізуші куәлігін қолдануын тоқтату, сондай-ақ борышкерлерге кез-келген рұқсатнамалар мен лицензияларды алуға уақытша тыйым салу туралы шешімді өзгеріссіз қалдырған болатын.