Home Жаңалықтар Заңгер әкімдіктен түтінге қарсы шара қабылдауды талап етеді

Заңгер әкімдіктен түтінге қарсы шара қабылдауды талап етеді

0
112

Алматының сұрғылт түтінге оранып тұратыны қазір үйреншікті көрініске айналған. Жыл бойы дерлік мегаполисті басып тұратын тұмша күзден көктемге дейін – жылыту кезеңінде қалыңдайды.

Алматының («Қазгидромет» мемлекеттік кәсіпорны елдегі ең лас қалалардың бірі деп атайды) ауасының ластануына әдетте автокөліктерді, жылу энергетикалық орталықтан (ЖЭО) шыққан қалдық пен көмір жағатын жер үйлерді айыптайды.

Алматы билігі экологиялық қауіпсіздік саласында жеткілікті шара қабылдамай отыр деп санайтын қала тұрғыны заңгер Әлнұр Ильяшев әкімдіктің үстінен сотқа жүгінді. Кейбір жергілікті БАҚ оның бұл әрекетін «бұрын-соңды болмаған жағдай» деп атады. Сотқа жазған талап-арызында Ильяшев Алматы әкімдігі 2009-2018 жылдарға арналған қоршаған ортаны ластауды азайту жөніндегі кешенді бағдарламада қарастырылған міндеттерін орындауы тиіс деп жазған. Тоғыз жыл бұрын бекітілген бағдарламада ауаны ластаушы негізгі кәсіпорындардың бірі саналатын ЖЭО-2 мекемесінің қалдықтарын азайту шаралары, мәселен, қазіргі заманғы тазарту құрылғыларын орнатып, кейін ЖЭО-ны табиғи газға ауыстыру туралы айтылған.

Заңгер Әлнұр Ильяшев (сол жақта) әкімдікке қарсы талабы бойынша сот отырысында. Алматы, 24 желтоқсан 2018 жыл.

Заңгер Әлнұр Ильяшев (сол жақта) әкімдікке қарсы талабы бойынша сот отырысында. Алматы, 24 желтоқсан 2018 жыл.

«ЕЛЕУСІЗ ҚАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ»

Әлнұр Ильяшев кешенді бағдарламада ауаны ластайтын қалдықтар көлемін азайту туралы жазылғанымен, соңғы жылдары оның көлемі ұлғайып келе жатқанын айтады.

– Талабымның негізгі мақсатының бірі – мәселеге қоғамның назарын аудару, мұны енді елеусіз қалдыруға болмайды. Биліктің қолында проблеманы шешуге жетерлік ресурс бар. 200 миллион доллардан астам соманы «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салуға жұмсамақ. Сол ақшаны неге ЖЭО-2 тазарту құрылғысын салуға жұмсамасқа? – деген сауал қояды Әлнұр Ильяшев.

Оның әкімдікке қарсы жазған талабын Алматы қаласының Бостандық аудандық соты қарап жатыр. Заңгерге азаматтық белсенділер қолдау танытып отыр. Олардың кейбірі сот залында респиратор киіп отырды. Осылайша белсенділер өте күрделі жағдайға – ауаның ластану проблемасына жұрттың назарын аударуға тырысады.

Әлнұр Ильяшевтің әкімдікке талабы бойынша сотқа қатысушылар. Алматы, 24 желтоқсан 2018 жыл.

Әлнұр Ильяшевтің әкімдікке талабы бойынша сотқа қатысушылар. Алматы, 24 желтоқсан 2018 жыл.

Желтоқсанның 24-і күні өткен сот отырысында жауапкердің өкілі, әкімдік заңгері Надир Омаров Әлнұр Ильяшевтің шағымына қатысты пікір білдірді:

– Талап-арызбен келіспейміз, оны негізсіз және қанағаттандыруға жатпайды деп санаймыз. Әкімдік экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір қала экологиясына оң ықпал ететін көлік инфрақұрылымы әзірленіп, салынып жатыр. Көлік көп жүретін жерлерде зиянды газ да азаяды.

Надир Омаровтың айтуынша, талапкер сілтеме жасаған қоршаған ортаны ластауды азайту жөніндегі бағдарлама мәслихат шешімімен 2011 жылы күшін жойған. Жауапкердің өкілі сотқа жергілікті өкілді орган шығарған шешімнің түпнұсқасын емес, расталған көшірмесін көрсетті.

Әлнұр Ильяшев мәслихат шешімінің қалалық әділет департаментінде тіркелген-тіркелмегенін сұрады. Оның айтуынша, егер тіркелмеген болса құжаттың заңдық күші жоқ, демек, кешенді бағдарлама әлі күшінде деп саналады. Талапкер жауапкер тараптың өкілінен мәслихат шешімі әділет мекемелерінде тіркелгенін растайтын құжатты көрсетуді сұрады.

Алматы әкімдігінің заңгері Надир Омаров Әлнұр Ильяшевтің билікке талабы бойынша сотта отыр. Алматы, 24 желтоқсан 2018 жыл.

Алматы әкімдігінің заңгері Надир Омаров Әлнұр Ильяшевтің билікке талабы бойынша сотта отыр. Алматы, 24 желтоқсан 2018 жыл.

Желтоқсанның басында Астанада орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Алматы әкімі Бауыржан Байбек қалада ластану мәселесі ушығып тұрғанын мойындап, «әлемнің барлық мегаполистері тұмшадан жапа шегеді, Алматы да одан қалыс қалмады» деген.

Сол жолы әкім Алматының жасыл желегі жаңартылатынын, өзендер мен су қоймалары қайта жасалатынын және қалаға көлік реформасы қажет екенін айтқан. Байбек келтірген дерек бойынша, қаладағы барлық зиянды қалдықтың 11 пайызы ЖЭО-2 кәсіпорнынан бөлінеді, сондықтан үкімет бұл орталықты жаңалуға қатысты қымбат жобаны оңтайландыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

ЖЭО-2 ҚАТЫСТЫ ПІКІРТАЛАСТАР

ЖЭО-2 кәсіпорнын жаңалау қажеттігін талап еткен Әлнұр Ильяшев алдымен орталықты Екібастұз көмірінен күл аз бөлінетін қарағандылық көмірге көшіруді ұсынады. ЖЭО-2 кәсіпорнын жаңалауды қаржыландыру талабына пікір білдірген Надир Омаров нысан иегері – «Алматы электр станциялары» компаниясына хабарласуға кеңес берді.

«Самұрық-Қазына» қорына қарайтын «Алматы электр станциялары» компаниясының экология жөніндегі бас инженерінің орынбасары Рамиль Галиевтің айтуынша, ЖЭО-2 жыл сайын 2,3 миллион тонна Екібастұз көмірін жағады, себебі, «Қарағанды көмір бассейні бұл көлемдегі сұранысты өтей алмайды».

Галиев сотта техникалық-экономикалық негіздеу (ТЭН) жобасы әзір екенін, онда «ЖЭО-2 кәсіпорнының қала экологиясына әсерін азайту нұсқалары қарастырылғанын», соның ішінде ЖЭО-ны газға көшіру де бар екенін айтты. Оның сөзінше, қазір жобаны Энергетика министрлігі қарап жатыр.

– Министрлік тиісті шешім қабылдаса, жоба 2020 жылға дейін жүзеге асуы мүмкін, – деді Рамиль Галиев. Оның айтуынша, ЖЭО-2 кәсіпорнының барлық қазандықтарында қалдықты азайту эмульгаторлары (газ тазалау құрылғысы) орнатылған.

«ЖЭО-2 кәсіпорнындағы зиянды қалдық деңгейі қаншалықты жиі тексеріліп отырады?» деген сауалға Галиев тексеріс кезінде ғана өлшем жасалатынын айтты. Оның мәлімдеуінше, былтыр ЖЭО-ның зиянды қалдығы 33 мың тоннаны құраған.

Талапкер Әлнұр Ильяшев қала әкімдігінің сайтындағы құжаттарда – Алматы 2020 даму бағдарламасында әлгіден басқа цифр – 41 мың тонна деп көрсетілгенін ескертті. Әкімдік өкілі мен ЖЭО-ға иелік ететін компания өкілі цифрлардағы алшақтықтың себебін түсіндіре алмады.

Желтоқсанның 25-і күні өткен отырыста Әлнұр Ильяшев ЖЭО-2 зиянды қалдықтарын өлшеумен айналысатын зертхана өкілдерін, денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлері (талапкер оларға тыныс жолдары сырқатына қатысты сауал қойғысы келеді) мен жергілікті экобелсенді Павел Александровты сотта жауап беруге шақыруға өтініш берді. Александровтың бастамасы бойынша жасалған Airkaz.org сайтында Алматының түрлі аудандарында орнатылған, ауа құрамындағы PM2.5 қауіпті бөлшектер деңгейі туралы мәлімет жинайтын тозаң өлшейтін құрылғылардан алынған деректер беріледі, көбіне олар атмосферадағы ластану деңгейі қауіпті шамада екенін көрсетеді.

Алматыны тұмшалаған сұрғылт түтіннің арасынан мұнартқан ЖЭО-2 кәсіпорнының мұржалары.

Алматыны тұмшалаған сұрғылт түтіннің арасынан мұнартқан ЖЭО-2 кәсіпорнының мұржалары.

Судья Сара Қаракузиева заңгер Әлнұр Ильяшевтің өзге өтініштерін қанағаттандырды, алайда сотқа экобелсендіні шақыру туралы өтінішін қабылдамады. Соттың келесі отырысы желтоқсанның 27-сіне белгіленді.

Әлнұр Ильяшев Алматы әкімдігімен бірінші рет соттасып отырған жоқ. Былтыр күзде ол бейбіт митингілер өткізуге рұқсат беруден бас тартқан биліктің шешімімен келіспей, әкімдікті сотқа беріп, жеңілген. Тамыз және қыркүйек айларында заңгер Ішкі істер министрлігінде реформа жүргізу туралы талаппен шеру өткізуге рұқсат сұрап әкімдікке 32 мәрте өтініш берген, бірақ ол өтініштері қанағаттандырылмайтыны туралы биліктен соншама жауап алған.

Сотқа Әлнұр Ильяшевті қолдауға келген белсенділер Қазақстанда билікке қарсы талап бойынша сотта жеңіске жетудің қиын екенін айтады.

Дереккөз: Азаттық