Заң жобалары мақұлданды

0

Соның ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне есірткі, психотроптық заттар, сол тектес­тер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасы заңының жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы туралы негізгі баян­даманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Оның айтуына қарағанда, заң жобасы кейбір заңнамалық актілерге бұрын есірткілердің қатарына енгізілмеген тез жаса­латын синтетикалық психотроп­тық заттарды айналыстан дереу алуды қарастыратын толық­тырулар енгізеді. Мұндай тәр­тіптер қазір әлемнің көптеген елінде қолданылады екен. 

Жиында депутат Ерсұлтан Бектұрғанов қазір синтетикалық есірткілердің түрлері өте көбейіп кеткендігі белгілі екенін, ал сол заттар біздің елімізге қандай жолдармен енгізіліп жатқанын айтып беруді сұрады. Оған  синтетикалық есірткілердің Ресей, Қытай және Еуропа ел­дерінен келетіндігі айтылды. Осы­ған дейін синтетикалық есір­т­кіге байланысты 125 қыл­мыстық іс қозғалған екен. «Со­ның 89-ын жабуға мәжбүрміз, өйт­кені біздің заңдарымызда оларға қатысты қылмыстық іс ар­найы қарастырылмаған», де­ді министр. Сонымен бірге ол син­тетикалық есірткілерді сатуды қылмыскерлер интернет арқылы өздеріне ғана түсінікті әдістермен хабарлайтынын айтты. Депутат Михаил Чирков қол­да­ныстағы заңнамамен олар­ды құрықтауға нақты не бөгет екенін сұрады. Оған министр қолданыстағы есірткіге қарсы күрес туралы заңнамада синтетикалық есірткілер нақты аталмағанын, тек есірткінің аналогі деген термин көрсетіліп, олардың тізімі берілгенін айтты. «Сондықтан адам ағзасына теріс әсер беретін психотроптық заттар, синтетикалық есірткілер дегенді енді атап көрсететін боламыз, сонда оларға қарсы заңнама шеңберінде шара қолданылатын болады», деді ол.

Депутаттар бұдан кейін де көп­теген сұрақ қойып, көп мәселені анықтап, қосымша баян­дама мен талқылаудан кейін заң жобасын бірауыздан ма­құлдады. 

Жалпы отырыста бірінші оқы­лымда қаралған екінші заң жо­басы – «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Заң жобасы туралы баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасы Елбасының жұ­мыспен сапалы қамту және әлеуметтік қамтамасыз етудің әділетті жүйесін қалыптастыру туралы берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Заң жобасы жұмыспен бейресми қамтылған тұрғындарды жүйелі шаралар жасау арқылы елдің экономикасына тартуды көздеген. Бұл шаралар азаматтарға өзінің іс-әрекетін ашық жүргізіп, зей­нетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік және медициналық қам­сыздандыру жүйелеріне мү­шелік жарна төлеу арқылы қа­тысушы болуды мақсат еткен. 

 Депутаттар баяндамашыға сұрақ қойып өздеріне түсініксіз мәселелерді анықтады. Әсіресе, жеке адамдардың бір­тек­ті жиынтық төлем төлеуі тура­лы норманы депутаттар ұзақ талқылады. Мәжіліс Төра­ғасы Нұрлан Нығматулин де осы норманың аяғына дейін жетіл­ді­рілмегенін тілге тиек етті. Норма­ның негізгі мақсаты барлық жұ­мыс­пен қамтылғандарды есепке алу ғой, ал біртекті жиын­тық төлем міндетті емес. Бі­рақ ол азаматтардың тегін меди­ци­на­лық көмек алу сияқты ынталан­ды­руларды қамтуы керек, сонда ол міндетті медицина­лық қам­сыздандыру жүйесінің қаты­сушысы болады. Сонымен бірге ынталандырулар азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік сақтандыру жү­йесінің қатысушысы болуы­на жағдай туғызуы керек, деді ол. Сонымен қатар Мәжіліс Төр­ағасы әлеуметтік төлемдерден босатылғандарға (мүгедектер, зейнеткерлер және т.б.) мұндай ынталандырулар керек емес, өйткені өздерінің зейнеткерлік жарналарын олар төлеп болған, ал міндетті медициналық қам­сыз­дандыруға олар үшін мемлекет төлейді дей келіп, Төраға заң жобасын екінші оқылымға да­йын­дағанда осы норманың қа­жет­тілігіне назар аударуды ұсын­ды. 

Осындай талқылаулардан кейін заң жобасы бірінші оқы­лымда толықтай мақұлданды. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»