«Заң және тәртіп» қағидаты қоғамдық санада терең тамыр жаюы тиіс — Тоқаев

0

Бүгінгі Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тәртіпті қамтамасыз ету бойынша мемлекет қабылдайтын шаралар өз еліне деген теріс пікір қалыптастыруға себеп болмауы керек екенін ерекше атап өтті.

Президент «заң және тәртіп» қағидаты қоғамдық санада терең тамыр жаюы тиіс екенін айтты. Сонымен бірге мемлекет пен қоғамның байланысы азаматтар тарапынан да жауапкершілікті талап етеді.

“Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе,” — деді Президент.

Тиісті жұмысты барлық деңгейде, ең алдымен өңірлердің әкімдері ұйымдастыруға тиіс екенін атап өтті. Алайда шектеулер мен айыппұлдарды енгізу кезінде мемлекет те, қоғам белсенділері де дұрыстап ойланып, ақылға қонымды дүниелер жасауы керегін жеткізді.