Заң сапасына оны қарау мерзімі де әсер етеді
Төраға Президенттің берген тапсырмаларын іске асыруға заңнамалық негіз болатын бірнеше заң жобасы жылдың аяғында ғана бір пакетпен келіп түскенін айта келіп: «Сенат депутаттары заң жобаларының маңыздылығын ескере отырып, оларды аса қысқа мерзімде қарап, талқылауға мәжбүр болды. Жыл сайын қайталанатын мұндай жағдай қабылданатын заңдардың сапасына оң ықпал етпейтіні белгілі. Сондықтан заң жобаларын Сенаттың қарауына ұсыну мерзімдеріне қатысты осындай келеңсіз жағдайлардың қайта орын алуына жол бермеу қажет. Осы мәселеге Үкіметтің назарын айрықша аударамын. Маңызды заң жобалары бойынша Үкімет Парламент палаталарымен алдын ала жұмыс кестесін белгілеп алғаны дұрыс болады», деген ескерту жасады.
Осыдан кейін күн тәртібіндегі мәселелер қарала бастады. Алдымен Елбасының ұсынған Жоғарғы сот судьяларын лауазымдарынан босату мәселесі қаралды. Ұсынысты Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов жариялады. Сенат отырысы Президент ұсынысын қолдап, Е.Рахымбековті, Е.Дәулиевті және Д.Нұралинды Жоғарғы сот судьялары лауазымынан босатты. Осылардың ішінде Е.Рахымбеков Шымкент қаласы сотының, Е.Дәулиев Маңғыстау облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған. Ал Д.Нұралин зейнеткерлік жасқа толуына байланысты өз қалауымен отставкаға шыққан.
Алғашқы қаралған заң жобасы Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және даму банкi арасындағы №8156-KZ Қарыз туралы келiсiмге (Шығыс – Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы (Алматы – Қорғас учаскесі): Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b) түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және даму банкi арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» болды. Бұл туралы баяндаманы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, қосымша баяндаманы сенатор Михаил Бортник жасап, анықтау мақсатымен берілген бірнеше сұраққа жауап алынған соң, заң жобасы қолдау тауып, қабылданды.
Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев жасады. Бұл заң жобасы да көп сұрақтар тудырмай қабылданып, Келісім ратификацияланды.
Сенаторлардың көп сұрағын тудырған Мәжіліс мақұлдаған «Табиғи монополиялар туралы» заңның жобасы болды. Заң жобасы туралы баяндаманы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жасады. Бұл құжат табиғи монополиялар субъектілері іс-әрекеттерінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Соның ішінде тарифтерді белгілеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тізілімі жасалып, тарифтерді реттеу жұмыстарын жетілдіру – заң жобасының негізгі мақсаты. Бұл мақсатқа жету үшін тарифтерді реттеуде ынталандыру әдісін пайдаланып, субъектілер іс-әрекеттері көрсеткіштерінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету ескерілген.
Министрдің айтуына қарағанда, табиғи монополиялар туралы заң алғаш рет 1998 жылы қабылданған, содан бергі 20 жылдың ішінде оған 15 заң арқылы 200-ден астам түзету мен толықтыру енгізілген. Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялақ даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов жасады. Ол заң жобасында табиғи монополиялардың 14 саласы бекітіліп, олардың қызметін мемлекеттік реттеу жөніндегі уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтері айқындалғанын айтты. Шағын талқылаудан кейін заң жобасы мақұлданып, қабылданды.
Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерге есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қаралды. Құжат туралы ІІМ-нің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов баяндады. Баяндамашы ұсынылған түзетулер мен толықтырулар нарықта жылдам пайда болатын синтетикалық есірткілердің жаңа түрлеріне үкімет қаулысымен бірден тыйым салуға мүмкіндік беретінін, соның арқасында елімізде жаңа есірткілердің таралу жолы кесілетінін айтты. Қосымша баяндаманы Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Владимир Волков жасады. Бұл құжат та мақұлданды.
Сенаторлардың көптеген сұрағын туғызып, көп талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Заң жобасы орталықтандырылған қызмет қағидатымен мемлекеттік сатып алудың біртекті жүйесін енгізуді көздейді және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың жаңа әдісін ұсынады. Бірнеше депутат «Самұрық-Қазына» қорына мемлекеттік сатып алулардың жалпылама тәртібі жүрмейтіндігіне ашық наразылық білдірді. Оған баяндама жасаған Қаржы министрі Әлихан Смайылов жекешелендіру процесін ұтымды жүргізу үшін осындай әдістер әлемдік тәжірибеде қолданылатынын айтып, жауап берді. Сонымен қатар заң жобасында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің электронды жолмен сатып алулардың ақпараттық жүйесіне қол жеткізудің біртекті нүктесін құру көзделетіні айтылды.
Келесі болып «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», одан кейін «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.
Алғашқы заң жобасы 22 заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, бұлардың қатарында Бюджет, Кәсіпкерлік, Салық кодекстері мен бірнеше заң бар. Ал екінші заң жобасы бойынша мемлекеттік тегін медициналық көмектің жаңа моделін енгізу көзделген. Соның ішінде жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, алғашқы медициналық-санитарлық көмек және т.б. бар. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы бойынша кейбір заңнамаларға енгізілген өзгерістер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы заттардың ең жоғарғы бағасын анықтауды және реттеуді көздейді. Сондай-ақ оларды тегін беру немесе амбулаториялық жеңілдікпен қамтамасыз етудің ұлттық тізілімін құруды қамтыған.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң сенатор С.Айтпаеваның депутаттық сауалы жарияланды. Оның есірткінің заңсыз айналымына қатысты жолдаған сауалын Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, бұл мәселенің аса өзекті екенін атап өтті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/