Заң аясында жұмыс істегілері келмейтіндер Алматы қаласының әкімшілігіне қысым көрсетуде
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек халық арасында көлік тұрағына қатысты тараған дауға жауап берді.
Бауыржан Байбектің сөзінше, Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан реформаларға қасақана кедергілер келтірілуде.
«Көлік тұрақтары менің отбасымның меншігінде деген қаңқу сөз тарады. Менің ойымша, бұны заң аясында жұмыс істегісі келмейтіндер жасап отыр. Олар осы арқылы әкімшілікке қысым көрсетіп, онсызда үлкен қиындықпен жүзеге асып жатқан транспорттық реформаларға кедергі жасамақ. Бұл оңай шаруа емес, қаланың экологиясына байланысты дүние. Себебі ауаның 70 пайызын автокөліктер ластауда. Мен осы шаһардың әкімі ретінде жоспарланған он бастаманың жетеуін дәл осы транспорт саласына арнаудамын… Мысалы, біз дуалдар мен дүңгіршектерді сүре бастасақ халық арасында «әкім металлды заңсыз сатып жатыр», «әкім қаладағы дүңгіршектердің орнына өз дүңгіршектерін қоюда» немесе «әкімнің бордюр шығаратын зауыты бар екен» деген қаңқу сөздер тарай бастайды. Осыған байланысты біз компаниялардан құрылыс заттарын қайдан алғанын ашық көрсетуді талап етудеміз…» — деп мәлімдеді Бауыржан Байбек.
Естеріңізге салайық, осыдан біраз уақыт бұрын БАҚ беттерінде «Алматы қаласындағы жаңа төлем жүйесіне өткен көлік тұрақтары Бауыржан Байбектің отбасына тиесілі екен» — деген ақпарат тараған. Осыдан кейін шаһар әкімдігі аталмыш ақпаратты жоққа шығарып мәлімдеме жасаған.