Заманбек Нұрқаділовтің ұлы: Әкем Назарбаевқа қарсы шыққан соң, Мақпал екеуінің арасында ұрыс болды

0

Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, марқұм Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Заманбекұлы ұзақ жылдардан бері алғаш рет сұхбат берді. Ол әкесі туралы естеліктерімен бөлісті. Адал адам болғанын, дүние жинамағанын еске алды. Сондай-ақ Нұрқаділов Назарбаевқа қарсы шыққан соң, жұбайы Мақпал Жүнісовамен арасында кикілжіңдер болғанын әңгімеледі. Айтуынша, сол шақта анасы әкесін қайта қабылдауға дайын болған. Бұл туралы Қайрат Заманбекұлы Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Заманбек Нұрқаділов 1992-1994 жылдары аралығында Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған. Қызметтен кеткен соң, мемлекеттен берілген үйді босатуы керек болған. Қайрат Заманбекұлы сол кезде болған оқиғаны еске алды.

«72 сағаттың ішінде босатсын деді. Сонда әкемізді көшіреміз деп «Көк базардан» екі «Уазик» әкеліп, киімдерін, суретін, алған сыйлықтарын жинап жатырмын. Мақпал (авт. – Жүнісова) туфлидің бір қорабын ұстап алып, жүгіріп жүр. Әкем бұрылды да: «Неге ұстап жүрсің? Жинамайсың ба?» –  деп еді: «Байлығымыз ғой», – деді. «Балаға бер, көлікке салып қояды, тиіспейді», – деді. Мен ақырын көлікке апарып, 9 жыл істеді ғой, не деген байлық, көрейінші деп ақырындап аштым. Ішінде долларлар. Санасам, 25 мың доллар.

Әкемнен: «9 жыл істедің. Жинағаның осы ма?» –  деп сұрадым. “Иә, көрімдікке, туған күнге, анаған-мынаған берді. Жинағаным осы” деді. Үйге келіп анама: «Бұрынғы күйеуің мүлдем ақша ұрламаған. Сенімен тұрғанда қалай болды?» – деп едім, “Менімен тұрғанда да сол, үйге ештеңе әкелмейтін. Саған қанша рет адал бол, ұрлама деп айтушы еді» деді», – дейді Қайрат Заманбекұлы.

2004 жылы Нұрқаділов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етіп, сөз сөйлеген соң, қызметінен босатылды. Жары Мақпал Жүнісова да концерттерге шыға алмай, жұмыссыз қалды. Қайрат Заманбекұлы сол шақта әкесі мен оның жұбайының арасында кикілжіңдер болғанын растады.

«Назарбаевқа қарсы шыққан соң анам: «Мақпал не дегенмен әртіс, егер кетіп қалса, әкеңді қайта қабылдаймын. Кеткен кездегі тәпішкесі тұр. Сенің әкең тек бізге керек. Әкеңе айт деді. Әкемнің бір көңіл күйі жақсы болған кезде: «Әке, мүмкін үйге қайтасың?» – дедім. «Көре жатармыз» деді. Мақпал екеуі ұрысып жатқан шығар деп түсіндім. Не дегенмен, концерттерін жауып тастады.

Мақпал маған ренжімесін, қорықпаймын. Ондай әңгіме бірнеше рет болған.

Анам бір күні түс көрдім, әкеңнің көңілі жоқ. Ана жас әйел кетеді деді. «Не дегенмен әкеңді студент кезінен білетінмін. Мастерден әкім етіп көтерген – мен. Киімін жуып, сымын үтіктеп, туфлиін майлап, азық-түлік алып, адам қылған – мен. Мақпал қиыншылық көрген жоқ, әкім болған кезде оны алды» деді», – дейді Қайрат Заманбекұлы.