Заманауи жазушылар шығармашылық шабыт және әлеуметтік жағдай туралы

0

Мәдина Омарова, жазушы, драматург

“Қадір түні”, “Пьесалар кітабы”, тағы басқа кітаптардың авторы:

Мадина Омарова
Мадина Омарова. Фото: Әдебиет порталы

Қалам ұстаған адам қайтарым алғысы келеді. Ол қоғамға мүмкіндігін, талантын, күш-қуатын береді. Мемлекет ол шығынның орнын материалдық тұрғыдан (ақшамен, үймен, басқа да ынталандыру элементтерімен) толтырып, ризалығын білдіруі, болашақта ғажап туындыларды дүниеге әкелуге құлшындыруы керек деп ойлаймын. Мұны мемлекет тікелей жасамаса да, осындай жағдайдың орнауына алғышарттар берсін. Заң арқылы автордың құқығын қорғасын, халық игілігіне жараған интеллектуал туындының нақты нарықтық құнын белгілесін, қаламақы заң жүзінде төленуіне кепіл болсын. Бірақ мұндай шарт қазір орындалып жатқан жоқ.

Соңғы екі жылда ғана Мәдениет және спорт министрлігінің қаламгерлерге қатысты саясаты өзгеріп, қолжазбаларды қомақты сомаға сатып ала бастады. Бұл – керемет бастама! Болашақта жалғасын тауып, қаламгерлердің игілігі үшін жетіле түседі деген үміттемін. “Жазушыларды қолдайық” деген эгидамен түрлі байқау, мүшайра өтіп жатады. Бұл да – шығармашыл адамды қанаттандыратын, ынталандыратын дүние.

“Қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы нашар”

Мемлекеттің қаншалықты өркениетті екені ондағы адамдардың әлеуметтік деңгейімен өлшенеді. Жазушы, қаламгер, ақын, журналист қауымының шынайы, әлеуметтік жағдайы өте нашар. Жазушы маман емес, ол әлеуметтік санаттың адамы. Соған сай тұрақты табысы жоқ. Жеке өзім жазушылықтан табыс таппаймын. Біздің мемлекетте тек  жазушы немесе драматург болып, бала-шағаны, өзіңді толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан мен қазақша, орысша мәтіндерді аударумен, кітаптарға редактор, стилист болумен, сценарий жазумен айналысамын. Қанша жерден табыссыз болса да, маған шығармашылық, жазу процесі қатты ұнайды. Ол – менің стихиям, менің талантым. Осы кәсіптің маңдайыма жазылғанына қуанамын.

Бізде кітап шығару, оны сату ісі индустриялық ауқымда дамыса деп армандаймын. Шетелдегідей авторларға баспалар кітап жазуға тапсырыс беріп, сол үшін ақша төлесе, біз тек шығармашылықпен айналысар едік. Сол кезде әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын қуатты туындылар дүниеге келер ме еді?

Жазу – мен үшін кәсіп, күнделікті тірліктің бір бөлігі. Сондықтан жазуға уақыт табу деген проблема туындамайды. Бұл процесс бір сәтке де тоқтамайды. Жазудың қаныңда болғаны қиын, мызғымайды. Менің не туралы айтып отырғанымды жазушылар ғана түсінеді деп ойлаймын. Кез келген тақырыпта, кез келген жағдайда күй талғамай жазатын сияқтымын. Балалар кішкентай, сөз түсінуге қабілетсіз кезде үйім бір бөлмелі болғандықтан айқай-шудың ортасында жұмыс істедім. Ешбір дыбысты естімей, қалың жұрттың ортасында отырып өз кеңістігімде оқшаулануға амалсыз дағдыландым.

Шығарма алдымен жазушының басында піседі, оны қағазға түсіру – механика ғана. Оның тек миыңда толыққанды форма алып, бас-аяғы жиналып, кейіпкерлерің анықталса, болды. Кей шығарма жазылмай қала береді. Барлық оқиға ойыңда басталып, аяқталып қойғаннан кейін бір керемет қажеттігін сезінбесең, қағазға түсіргің де келмей қалады. Шығармаларымның 80%-ын компьютерге бірден теремін. Қалған 20%-ын қағазға түсіремін. Қағазға жазылатын шығарманың тууы бір бөлек. Көп жағдайда туындылар – таза интеллект пен жазу техникасын меңгерудің жемісі. Осы екеуінің бір-бірінен айырмашылығын оқырман сезе ме екен, жоқ па? Осы қызық.

Ақберен Елгезек, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары

“Көлеңкелер күбірі” өлеңдер жинағы мен “Болмаған балалық шақ” повесінің, тағы басқа туындылардың авторы:

Ақберен Елгезек
Ақберен Елгезек. Фото: ашық дереккөзден

Жазушы болу қазіргі заманда аса табысты жұмыс емес. Қалай болғанда да, әдебиетке келу, поэзия немесе прозамен айналысу кәсіпке жатпайды. “Жазу, шығару – адамның миссиясы, өмірдегі ұстанымы” десек болады. Жазатын адам бұл салаға қаражат табу мақсатымен келмейді. Бүгінде қаламгердің көбі жазушылыққа байланысты емес мамандықпен жұмыс істейді. Бірақ жұмыстан қолдары босай қалса, кешке немесе таңертең болсын, жазып, шығармашылықпен айналысады. Себебі бұл – адамға маза бермейтін нәрсе.

Көбіне жұмыстан кейінгі уақытта жазам. Жазатыным өлең болғандықтан оған көп уақытым кетпейді. Өлең ойыма кез келген уақытта жарқ етіп келе қалады. Сол кезде 5-10 минутымды бөліп, жазамын да, әрі қарай шаруаларыммен жүре беремін.

Үйде жеке жұмыс бөлмем бар. Бірақ мен бап таңдамаймын. Өлең сұрап келмейді, сондықтан барлық жерде жаза беремін. Көлемді шығармаларды арнайы отырып, компьютерде жазамын. Өлеңдерді телефонымның жазбаларына теремін. Жазатын адам жер, уақыт таңдамайды.

Қанат Әбілқайыр, жазушы, журналист

“Текес теріс ағады”, “Көршінің қызы” кітаптарының авторы:

Қанат Әбілқайыр
Фото: Әдебиет порталы

Жазушылық – мен үшін хобби, жеке тұлға, я адам ретіндегі ермегім. Жүрек қалауыммен таңдап алған хоббиді қаржы табудың көзіне айналдырғым келмейді. Жазушылықты табыс көзіне айналдырып, кітаптарын сатып, түрлі жарнамалық қадам арқылы табыс тауып жүрген жазушы достарым бар. Ондай жол менікі емес. Біріншіден, шығармашылыққа хобби ретінде қарайтын болғасын, қаржылай игілікті аса күтпеймін. Екіншіден, қазір “Менің жазғанымды сатып алып оқуың керек” деп кеуде қағатын заман емес. Керісінше, қолына қалам алған жігіттерді аяйтын кезім көп. Жаманды-жақсылы жазушы деген атым болғасын, олар жаңа жазған шығармасын оқуымды жиі өтінеді. Сосын бір ауыз жылы сөзімді естігісі келіп, көздері жәутеңдеп тұрады. Жылы сөз айтсам, мейрамханаға апарып құда күткендей сыйлап жіберулері де мүмкін. Мұны неге айтып отырмын? Бүгінде жазушы өз туындысын оқырманға ақы төлеп оқыта алмайтын уақыт келді. Кітап дүкендерінде Баян Мақсатқызы деген әпкем Мағауиннен ұлық боп, Абаймен үзеңгілесіп тұрған қоғамда, әншісі де, бақсы-құшнашы да үлкен жазушыға айналған “алмағайып” заманда “Жазушылық ермегіме ақша алатын едім” деп иегімді қышыту – Абайдың Масғұтының тірлігі. Сол Масғұтша біз де қоғаммен бірге жынданып, “көппен көрген – ұлы той” деп өмір сүруге мәжбүрміз. Өзің осындай мәжбүрлікте, жазғаныңды оқитын адам таппай отырып, кітап сату деген күлкілі емес пе?

Қазір Абай мен Мұқағали тіріліп келіп, кітабын саудаға салар болса, оны сатып алар адам таппайтыныңызға бәс тіге аламын. Абайды қажет етпеген қоғам, Мұхтар Мағауин мен Төлен Әбдікті қажет ете ме?

“Бізде жазушының өнімін тұтынатын нарық жоқ”

Отбасымды журналистік қызметім арқылы асырап отырмын. Осыған да мың тәубе! Журналистің де міндеті – жазу. Бірақ тілшілік қызмет – нақты кәсіп. Жазушылық деген қазіргі қазақ үшін мамандық саналмайды. Оны кәсіпке айналдыру, жазушының өндірген “өнімін” елге сату Батыста, Еуропа елдерінде, тіпті, көршілес Ресейде жолға қойылған. Бізде жазушы өнімін тұтынатын нарық жоқ. Әзірге ол нарық пайда бола қояды дегенге сенбеймін. Сөйте тұра жазғым келеді. Неге? Өткенде туған ауылымнан табылған, Ташкент мұражайына өткізілген, 1000 жыл бұрын тасқа қашалған бір жазбаны оқыдым. 1000 жыл бұрынғы жазбаның құдіреті (үш сөйлем) мені бір тылсым әлемге саяхаттатып жіберді. 1000 жылды айтпай-ақ қояйық, біз жазған жазу 100, я 200 жылдан соң рухтас бір азаматтың жан-дүниесіне үп еткен желдің лебіндей болсын әсер етсе, бар еңбегіңнің, төккен-теріңнің ақталғаны емес пе? Қамшының сабындай ғұмырда 80 жыл өмір сүріп, артыңнан сегіз ауыз сөз қалдыра алмасаң, қасірет деген – сол. Сен сол елдің аузында қалған сегіз сөзіңмен мәңгі жасайсың. Сондықтан жазушылықты табыс көзіне айналдырғым келмейді.

Жазушыларды қаламақыға телмірту, мемлекет тарапынан қаржыландыру дегенді де соншалық қолдай бермеймін. Мемлекет маған қаламақы берер болса, сөзсіз өз саясатын жарнамалауды міндеттейді. Маған ақша қажет шығар, бірақ халқың қан жұтып отырса, биліктің сөзін қалай сөйлейсің? Ол қаламақы кітаптың көлеміне, баспа табағына қарай берілер болса, суы көп сылдыр шығармалар қаптайды. Ол қазаққа қажет пе? Сондықтан бұл мәселеге абайлап қарау қажет. Мемлекет “Жазушылардың жағдайын жасаймын” десе, қарсы емеспін. Қолына қалам ұстаған адам игілікті көрсін! Тендер ойнап, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқан сұраусыз байлық жазушыға да бұйырсын. Бірақ солай болған күнде де ол игілікті алдымен “классик-халтуршиктер” көретіні анық.

“Жазғанымның түпнұсқасы ұнайды”

Шығармамды қағазға жазамын. Қаламым, Құдайға шүкір, қазір жүйрік болып тұр. Қағазға жазған шығармамды әйелім әспеттеп, жәдігердей бір сөмкеге жинап жүреді. Неге екенін білмеймін, маған жазған жазбамның түпнұсқасы ұнайды. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын қағазға жазған дүниелерімді қараған сайын шабытыма шабыт қосылады. Аз жылдық жазушылық өмірімде күндерім босқа өтпегеніне риза боламын. Сол қолжазбаларды көрген сайын жақсы жазсақ та, жаман жазсақ та, қолымдағы қаламға адалдық танытып келе жатқандай сезімге бөленемін. Бізге дейінгі жазушылар өз шығармаларын қағазға бірнеше рет жазып, содан кейін ғана классикалық деңгейдегі шығарма тудырғаны жөнінде естеліктер көп.

Бізде бір шығарманы бірнеше рет жазатын қажыр жоқ. Қағаздағы нұсқаны компьютерге теріп шығу –  мен үшін шығарманы екінші рет жазу. Компьютерге теріп жатқанда қателерді байқап, сөйлемдерді түзеуге мүмкіндік бар. Сондықтан да, өзім үшін қолмен жазған анағұрлым тиімді. Жазуға уақыт таппай қалатын кезім болмайды. Жазайын деп ниеттенсем болды, үйдегілер де жағдайымды жасауға, шаруаның бәрін менсіз де тындыруға тырысады. Құлшынысым болмауы мүмкін, бірақ жазуға уақыт таппадым дейтін кезім жоқ. Жазу үшін жеке бөлменің болуы аса маңызды емес. Кез келген жерде тұрып та, отырып та, жатып та жаза беруге болады. Бірақ солай бола тұра, Құдайға шүкір, жазу бөлмем бар.

Жазу үшін күй керек. Бала-шағамның қарны тоқ, киімі көк болса, жазудан басқа тілерім жоқ. Шабыт дегенді еңбек деп білемін. Шабытты еңбекпен ғана шақырып алуға болады. Жазу үшін жазатын шығарманың жалпы ұстыны, өмірдің өзінен алынатын материалы болуы керек. Сол ұстын табылса, кез келген уақытта шығарма жазуға отыра қоямын және жазғаннан ләззат аламын. Шығарма тәмамдала сала, бұл ғаламға сыймай, бір-екі күн қазақтағы ең мықты жазушы болып өмір сүремін. Сосын бірнеше күннен соң туындыны қайта оқып шығып, көңілім құлазып сала береді. Сонша еңбектеніп жазғаным түкке тұрғысыз дүниедей көрініп, ішімде алай-дүлей дауыл тұрады. Шығарманы жазып біткен тұстағы сезімдерді сағынып, жазуға қайта отырамын. Қайтадан бір-екі күн болсын, қазақтағы ең мықты жазушы болғым келеді және ол сезімнің өткінші екенін білсем де, қолыма қорықпай қалам аламын. Қызық.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz