Заманауи өнер шебері | «Айқын» газеті
Дина Байтасова – өнертанушы, TSE Art Destination орталығының негізін қалаушы. Алматының тумасы, Париждың Сорбонна университетінде заманауи өнер бойынша білім алып, осы салада істегеніне 10 жылдан астам уақыт болған. Шетелде тұрған соңғы төрт жылында IADA тәуелсіз ассоциацияның уәкілі болып, Қазақстандағы заманауи суретшілерді Еуропа еліне танытуға тырысқан. Бүгінде елге оралған Дина Қазақстанның ішінде заманауи өнерді дамытып, отандық өнерді бүкіл әлем іздеп келетіндей қылып, Астананы өнер қаласына айналдыруды армандайды.
Бәрі француз сабағынан басталған
Дина бала кезінен өнерге жақын болып өсті. Соның ішінде сурет салғанды ұнататын. Содан болар кішкентайынан музей мен көрмелерді аралаудан жалыққан емес. Айтуынша, барлығы ақпаратты саған қалай беретініне байланысты. Сол нәрсені саған жұқтырып жіберсе, өмір бойы осымен «ауырып» қалуға болады екен.
– 9-10 сынып оқып жүргенімде мұғаліммен бірге біраз оқушы алғаш рет Францияға бардық. Тобымызда Ә.Қастеев музейінің өнертанушысы болған. Бізді сол кісі барлық жерде алып жүрді. Оның қызықты етіп айтқаны соншалық, бүкіл жан дүниемді төңкеріп жіберді. Сол кезде Парижге келіп, өнерді оқимын деп шештім, – дейді Дина Байтасова.
Оның айтуынша, бәрі француз сабағынан басталған. «5-сыныпта француз тілінен сабақ жүре бастады. Бастапқыда бұған тіпті мән бермедім. Бірақ 7-сыныпқа келгенде француз тілін оқи бастадым. Оған кіріп кеткенім соншалық, қатарластарымды басып озып, олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз болдым», – деген өнертанушы француз тілінен оқуға тапсырып, Сарбоннаға түскен. Ол кезде Францияға барып жатқандар көп емес еді. Оның ішінде қазақтар тіптен аз болған. Ал француздардың Қазастанға деген қызығушылығы бұрыннан болған. Алғашында өзгелерге өз елін таныстырумен басталған нәрсе, қалай әдетке айналып кеткенін білмей де қалған. Оны қынжылтатыны – шетелде Қазақстанды ұлттық киімде, домбыра мен қобызбен, жыр-термелерімен ғана танитыны. Елімізді басқа қырынан көрсету керегін меңзеген ол, адамды бірсарындық шаршататынын жеткізді.
Сөйтіп, Францияның Сарбонна университетінде қазіргі заманауи өнер бойынша білім алып, өнер саласында жүргеніне
10 жылдан астам уақыт болған. Бір кездері интерьер дизайнымен де айналысқан. Артынан өзімен пікірлес адамдарды тауып, ассоциация құрып, өзіне ұнайтын ісімен шұғылданған.
– «Сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, өз елің, оның артықшылығын айтып жүріп, қалай ұлтжанды азаматшаға айналып кеткенімізді де сезбей қалдық. Оның үстіне өнермен бірге біте қайнасып кеттік. Өзіңе ұнайтын іспен айналысқанда қолдайтын да адамдар болады. Соның бірі – ата-анам. Францияда жүргенімде әр көрмеме арнайы келіп, қатысып кететін. Меніңше, кез келген ата-ана баласының қоғамға керек болғанын қалайды, – дейді Дина Байтасова.
Қаржыны қайда салуға болады?
TSE Art Destination – галереяның қызметін көрсететін, сауат ашу орталығы. Бұл жерде заманауи суретшілердің жұмыстарымен танысып қана қоймай, суретшінің өзімен танысып, тілдесе аласыз. Заманауи өнер арқылы заманауи Қазақстанның қайда жылжып бара жатқанын көруге болады. Ұлттық музейді есепке алмағанда заманауи өнерді насихаттайтын бірден-бір жер – осы.
– Әр көрме сайын халықтың заманауи өнерге деген қызығушылығы арта түскенін байқауға болады. Ақпанда ашылғанымызда келушілердің таңданысы түрінен-ақ байқалатын. Себебі, бізде видеоколлаждар, перфоманстар, фотосуреттің қиығынан салынған сурет бар. Бір сөзбен айтқанда, әлемде үлкен сұранысқа ие жұмыстарды қоямыз. Әрине, ол – бізге енді ғана келіп жатқан дүние, бірақ сонымен жұртты таныстыруға тырысамыз. Осы арқылы елдің сауатын ашып, ой бөлісіп, танымы өзгеретін алаңға айналып отыр, – дейді Дина Байтасова.
Сурет өнерінің өткен тарихына қарап-ақ, өнерді қаржыландыру қашанда ұтымды болғанын білеміз. Қазір Қазақстанда қаржыны көбіне ойға қонымды нәрсеге салғанды жөн көреді. Мәселен, классика не орыс көркемсуреті, XVIII-XIX ғасырдағы голландық не еуропалық жұмысқа салады. Ал заманауи суретті қаржыландыруға болады деген түсінік енді ғана келіп жатқандай. Оған қоса бүгінде коллекционерлердің саны өте аз. Онда да олардың өнерге қатысы бар, не болмаса өнерден хабардары ғана. Динаның айтуынша, қазақстандық заманауи суретшілердің жұмысын жинақтайды екен. Жеке коллекциясында 100-ге жуық дүние бар.
«Бұл жерде басты мәселе – тарихта қалатын, тарихты жасай білетін суретшіні таба білуде. Өз басым өнерде өзіндік орны бар, өзіндік жолы бар, өзгеше суретшілерді қолдаймын. Сондай жұмыстарды қаржыландырамын, ұнағанын коллекцияма жинаймын. Негізінен, контемпорари арт бағытындағы мамандармен жұмыс істеймін», – деген өнертанушы классикалық бағытта да жұмыс істеуге болатынын айтты.
Суретшінің әлеуметтік деңгейі әлсіз
Оның ойыша, Қазақстанда суретшінің ешқандай әулеметтік деңгейі жоқ. Тіпті суретшіні қолдайтын да, түсінетін де адам аз. Сондықтан олар өз тіршілігін өздері көріп келеді. Ал суретшіні қалыптастыратын – жүйе. Жүйені жасайтын – бұл салада жұмыс істейтін арт диллер, галлеристтар. Олар заманауи суретшілердің жүйеге сіңуіне, жұмыстарының бағасы артуына жұмыс істеу керек. Бағаны көрме арқылы өсіреді. Бірақ бұл істе жүйенің болмауынан сурет өнері ақсап тұр. Сондықтан көрмені тек арнаулы датада немесе арнайы мерекеде ғана өткізбей, жиілету қажет.
– Біздегі бір ғана кемшілік – суретшілердің бағаланбауы. Меніңше, суретшілер – нәзік топ. Оларға қолдау табылмаса, жоғалып кетуі де мүмкін. Оны өткен тарихтан-ақ көруге болады. Мәселен, Леонарда да Винчи өз заманында патшаның қамқорлығында болған. Сондықтан әрбір суретші өз меценатын тапса жақсы болар еді. Қазіргі суретші көпқырлы болуы керек. Саясаттан да, әлемде не болып жатқанынан да хабардар болуы қажет. Өкінішке қарай, бізде көп суретші жылқы мен жайлауды әлі салып келеді. Көшпенді өмірге деген махаббатың қашан тоқтайтынын білмеймін, – дейді ол.
«Нұр әлем» павильонындағы қолтаңба
«Нұр әлем» сферасы – EXPO көрмесінің ішіндегі ерекше құрылым. Бұл Қазақстанның ұлттық павильоны еді. Мұнда қазақстандық және шетелдік заманауи суретшілердің мүсіндері мен инсталляциялары жинақталған.
«Қазір онда 20 шақты жұмыс бар. Бастапқыда олар бізде болған жоқ. Жоба барысында оларды жинау қиын болмады. Өйткені мүсінмен әрі ірі жұмыс істейтіндер аз», – деген Дина Байтасова ол кезде өнертанушы Парижде IADA (International Art Development Association) тәуелсіз ассоциацияда жұмыс істейтін.
Айтуынша, олардың жұмысын EXPO-ның бас дизайнері Әйгерім Макенова көрген. «Лондонда өткен жәрмеңкеде ол біздің жобаны ұнатып, EXPO-ға шақырған. Тобымыздың ерекшелігі шетелдік болғанымен, түп негізі қазақстандық еді. Себебі, менімен бірге ассоциацияның негізін қалаған – Индира Дюсебаева мен Laurent Lehmann. Елбасымыздың бүгінгі «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қойылған мақсат-міндеттерді сол кезден жасадық деуге болады. Біз жас қазақстандық заманауи суретшілерді Еуропаға насихаттап, жұмыстарын таныстырып қана қоймай, нарықта алып жатқан орнын көрсетуге тырыстық. Мәселен, 2013 жылы 55-венециалық биенналда қазақстандық суретшілердің жұмысын жеке павильонда көрсеттік. Бұл үлкен жаңалық еді», – деді ол.
– EXPO-ның басталуына жарты жыл қалғанда Астанаға келдім. Негізі оған дейін қашықтықтан жұмыс істегенбіз. Бірақ істің тиянақты болуы үшін, Қазақстанға келу керек болды. Қызығы, заттарды алып барғанда, шеңбердің едені әлі салынып жатты. Бір сөзбен айтқанда, шар ашылуының соңғы сәтіне дейін бәрі жұмыс істе-
ді, – деді өнертанушы. Осыдан кейінгі екінші жоба – Конгресс орталық. Онда залды безендірумен айналысқан. The Ritz-Carlton және The St. Regis қонақүйінде қазақстандық суретшілердің жұмыстары қойылған. Осыдан-ақ Дина Байтасова еліміздің бас қаласы Астананы өнер ордасы жасауға бел шешкен. Айтуынша, бұл жерде бәрін нөлден бастап, жаңашылдық енгізіп әрі өз қалауына қарай бағыттап алуға болатынын түсінген. Сөйтіп, Астанадан заманауи өнердің алғашқы галереясын ашқан.
Анар ҚОНЫС
Дереккөз: Айқын