Зайсанда Қастер мен Мұрагерге сот үкімі оқылды
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық сотында «мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған этникалық екі қазақ Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына үкім оқылды. Судья Шынар Оспанова Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын әрқайсысын бір жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеуді бұйырды. Бұған қоса, олардың әрқайсысына 25 250 теңге көлемінде айыппұл салды. Сот оларды Қытайға қайтармауды үкім етті.
Сот үкімін түсіндірген судья олардың «бір күні екі күнге есептелетінін және қамау мерзімі 18 қазаннан бастап саналатынын» айтып, олардың «қамауда қалу мерзімі — бес ай 24 күн» деді.
Судья сот үкімі қолға тиген күннен бастап 15 күн ішінде қорғау тарабының оны апелляцияға беруге болатынын айтты.
21 қаңтарда таңертең өткен жарыссөзде прокурор Ержан Әзімбаев екі жігітті бір жылға түрмеге қамап, 10 АЕК көлемінде айыппұл төлетуді сұраған. Мемлекеттік айыптаушы «жеңілдетілген жағдайды ескеріп» оларды Қазақстаннан шығармауды өтінген.
Ал қорғау тарабы екі азаматтың Қытайдағы қысымға байланысты «шекарадан заңсыз өтуге» мәжбүр болғанын, оларды қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды сұрады.
Бүгінгі сотқа Қазақстанның түрлі аймағынан Қастер мен Мұрагерді қолдап, көп адам келді. Бірақ сот залы шағын болғандықтан олардың біраз бөлігі залға сыймай қалды. Олар сот ғимаратының сыртында тұрып үлкенірек зал беруді талап етіп, ізінше «Бостандық!» деп айқайлады. Зайсанда сот өтіп жатқан кезде Шымкентте бірнеше белсенді Қытайдағы қысымға шағымданған Қастер мен Мұрагерді босатуды талап етті.
Оқи отырыңыз: Қастер мен Мұрагердің сотына жиналғандар үлкенірек зал беруді талап етті
2019 жылы қазан айының басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға «шекараны заңсыз кесіп өткені» туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін «шекарадан заңсыз өтті» деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.
Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында «пана іздеуші тұлға» куәлігі берілген еді.
Олардың ісі бойынша сот 6 қаңтарда басталған. Бұған дейін адвокат Ләззат Ахатова Шыңжаңда қалған олардың туыстарына да Қытай билігі қысым жасағанын айтқан.
Оқи отырыңыз: «Ондаған белсенді, судьяға қарсылық және куәгер шекарашылар»
Осыған дейін Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін «қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті» деп айыпталған шыңжаңдық екі жігітті Қытайға қайтармауға шақырған.
9 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде HRW Қазақстанның «Босқындар туралы» конвенцияны, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясын мақұлдағанын еске салып, оны «халықаралық құқықтық міндеттемелерді орындап, азаптауға ұшырауы мүмкін елге босқын мәртебесін сұрағандарды қайтармауға» шақырды.
Қазақстанның өз ішінде де бұған дейін белсенділер Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап еткен.