Зайсан. Қытаймен шекара маңындағы қаланың өмірі

0

Зайсан ауданы тұрғындары арасында Қытай жайлы айтып беретіндер көп кездеседі. Өткен ғасырдың 30-жылдары қазіргі Қазақстан аумағында болған ашаршылықтан бас сауғалаған елдің басым бөлігі Қытайға қоныс аударған. Олар негізінен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Іле-Қазақ автономиялық округінде тұрған.

Зайсандағы өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Фемистокл Жүнісов Қытайдың Алтай қаласында дүниеге келген. Отбасының тарихын баяндаған оның сөзінше, үй-іші 1955 жылы Қазақстанға оралған кезде Фемистокл төрт жарым жаста болыпты.

— Аталарым Қытайға 30-жылдары болған аштық кезінде қашыпты. [Совет өкіметі] бізге салық салып, бидайымызды тартып алған. Ол кезде құрғақшылық болып, халық ішерге ас таба алмай қалған. Өкіметке өткізетін бидайы белгілеген мөлшерге жетпегендерді «қасақы» («саботажник») деп айыптап, түрмеге қамаған. Әр отбасы өкіметке он қап бидай өткізуге міндетті болған. Атам малын бидайға айырбастап, сегіз қап жинапты. Міндеттелген мөлшерге екі қап жетпеген. Отбасымыз 1955 жылы туған жерге оралды. Ол кезде жер игеру басталып, жұмыс күші қажет болды. Совет азаматтығы бар адамдарды елге шақырды, — дейді тарихшы Фемистокл Жүнісов.

Фемистокл Жүнісовтің атасы атамекенге бірден қайтпаған. Туған жерге кейінірек, шекарадан заңсыз өтіп келген. 1960 жылдары Совет одағы мен Қытай арасында кикілжің шығып, оның соңы бірнеше қарулы қақтығысқа ұласқан. 1969 жылы Жалаңашкөл маңындағы шекарада жанжал ушығып, екі елдің шекарасы жабылған.

Тарихшы Фемистокл Жүнісов. Зайсан, Шығыс Қазақстан облысы. 7 қаңтар 2020 жыл.

Тарихшы Фемистокл Жүнісов. Зайсан, Шығыс Қазақстан облысы. 7 қаңтар 2020 жыл.

— Алғашқы кездері адамдар ол жақтан қашып келетін. Бірақ оларды Қытайға қайтарып, концлагерге жіберген. Қытайдан осында қашып келген адамды білемін, бір аптадан соң оны кері қайтарды. Ол жақта концлагерьге түсіп, сонда қайтыс болыпты деп естідік. Кейін бұл жаққа қашып келгендерді бермейтін болды. Оларды [Қазақстанда] екі-үш жылға түрмеге қамап, босататын. Бұл 1960 жылдардың ортасы еді. Ал 1960 жылдардың басында біздің жақ қашқындарды ұстап, қытайларға беріп жүрген. Оларды шекара бұзған азаматтар ретінде сотқа тартқан. Қытайдан қашып келген атамды шекара бұзғаны үшін жауапқа тартып, бірнеше жыл шартты жаза кескен. Уақыт өте келе бұл жерге үйреніп, Зайсанда киномеханик болып жұмыс істеді, — дейді Жүнісов.

Тарихшының сөзінше, НКВД дерегінде 1930 жылдары Қытайға 78 мың қазақ көшкен деп көрсетілген. Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың өкілетті өкілдігінің (ПП ОГПУ) мәліметіне сәйкес, Зайсан ауданынан Қытайға, толық емес дерек бойынша, 1238 шаруашылық – аудандағы бүкіл шаруашылықтың 29 пайызы кеткен. Қазақтарға атамекеннен үдере көшуге Қытай жақтағы қазақтар мен ақ гвардияшылар көмектескен.

Шекарадан өту қиын болған. Фемистокл Жүнісов бұрын, қазіргі белгіленген шекара болмаған (Шәуешек хаттамасына қол қойылғанға дейін) уақытта, Өскемен мен Зайсан арасында күзеті бар шекара аймағы болғанын айтады.

Құжаты жоқ адамдарды сотқа сүйреп, айыппұл салатын.

— Ақмектептен (Өскемен мен Зайсан арасындағы ауыл) кейін шекара аумағы басталатын. Өскеменнің жатақханасына тіркелген студент Зайсандағы үйіне келу үшін туыстарынан қалалық кеңеске телеграмма жіберуін сұрайтын. Құжаты жоқ адамдарды сотқа сүйреп, айыппұл салатын, — дейді Фемистокл.

Қазір құжатты бұрынғыдай жиі сұрамайды және шекарашылар әдетте Зайсаннан тысқары жерде ғана құжат тексереді. Мысалы, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекараны кесіп өткен тұстағы Шілікті ауылында рейд кезінде ғана құжат тексеруі мүмкін. Фемистокл Жүнісов кейде шекарашылар көрші ел аумағында визасыз сауда жасап жүрген кәсіпкерлерді ұстап жатады дейді.

«ШИКІЗАТ ҚАНА ШЫҒАРАТЫН ЕЛГЕ АЙНАЛДЫҚ»

Соңғы 20 жылда Зайсан халқының саны екі есе азайған. Қазір қалада 16 мың адам тұрады. Олардың көбі жеке кәсіппен айналысады. Кейбірі жергілікті базарда сауда жасайды, енді бірі мал бағады.

Қалада сегіз үлкен және ұзындығы екі-үш кварталға жететін 60 шақты шағын көше бар. Бәрі жинақы орналасқан: әкімдік, аудандық сот ғимараты, қонақ үйлер, мектептер, аурухана мен саябақ бір-біріне жақын жерде. Өңір халқы түгелдей қазақша сөйлейді, жергілікті мектептердің бірінде орыс тілінде білім беретін жеті сынып бар.

Зайсан қаласы, Шығыс Қазақстан облысы. 7 қаңтар 2020 жыл.

Зайсан қаласы, Шығыс Қазақстан облысы. 7 қаңтар 2020 жыл.

Жеке көлігі жоқ адам қалада не жаяу, не таксимен жүреді. Зайсан тұрғындары әкімдік субсидия бөлмегендіктен, бір айдан астам уақыттан бері қоғамдық көлік жүрмейтінін айтады. Бұған әсіресе, үйінен алыс жерде жұмыс істейтін тұрғындар наразы.

Азаттық тілшісі пікірін сұраған жергілікті тұрғындар арасында көрші Қытайды жақтырмайтындар кездескен жоқ. Қытайлар бұл аймақта әйтеуір бір жұмыс жасап жатыр ғой дейді олар.

«Олар мұнда трактор зауытын салды, енді жол салғалы жатыр» деді Азаттық тілшісіне Зайсан тұрғындарының бірі.

Жергілікті тұрғын зауыт деп «Иртыш-ТЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағын трактор құрастыру цехын айтып отыр. Бұл нысан Зайсан ауданы әкімдігі мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Зимунай уезінің арасында жасалған меморандум бойынша 2015 жылы салынған. Қытай жобаға 50 миллион теңге инвестиция құйған. Осында құрастырылатын трактор бөлшектері де Қытайдан жеткізіледі.

Қазір бұл цех – Зайсандағы жалғыз өндірістік кәсіпорын. Совет одағы тарағаннан кейін қаладағы барлық зауыт жабылып қалған.

— Ұлы Жібек жолының бір тармағы біз арқылы өтеді. Қазір тек шикізат шығаратын елге айналдық. Теріні Түркияға, Қытайға сатамыз. Бізде өңделмейді. Қала сыртына шықсаң, тері қоқыс боп, аяқ астында жатады. Өйткені өткізетін жер жоқ, тиімсіз. Өңдеуші өнеркәсіп жетіспейді, — дейді Зайсандағы өлкетану музейінің қызметкері Фемистокл Жүнісов.

Зайсанның 19-ғасырдағы жағдайы 21-ғасырдағыдан тәуір еді деуге болатындай. Ол заманда қалада сабын мен сыра қайнататын, кірпіш шығаратын, тері мен жүн өңдейтін кәсіпорындар, диірмендер жұмыс істеген.

Зайсан қаласы, Шығыс Қазақстан облысы. 7 қаңтар 2020 жыл.

Зайсан қаласы, Шығыс Қазақстан облысы. 7 қаңтар 2020 жыл.

— Совет одағы құлаған соң бәрі жабылды, жаппай жұмыссыздық жайлады. Мал ұрлығы көбейді, жұрт қараусыз қалған ғимараттарды соңғы кірпішіне дейін бұзып алып кетті, — дейді Фемистокл Жүнісов.

Тарихшы Зайсанды ірі қалалармен жалғайтын темір жол салса, мұнда жағдай жақсарады деп санайды. Қазір Зайсанға облыс орталығы Өскеменнен автобуспен тоғыз сағат жүріп жетуге болады.

Зайсанда темір жол салу мәселесін Шығыс Қазақстан облысы шенеуніктері он жылдан бері айтып келеді. Бірақ әзірге бәрі уәде күйінде қалып отыр.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫТАЙ ТУРИСТЕРІ

2006 жылы Қазақстан мен Қытай бірлесіп, «Майқапшағай-Зимунай» шекаралық сауда орталығын ашқан, бірақ Зайсанның көп кәсіпкері тауарды Алматыдан немесе жақын орналасқан басқа ірі қалалардан тасиды. Жергілікті кәсіпкер Қанат Самарқанов қытай тауарын неге Қытайдан әкелмейтінін Азаттық тілшісіне былай түсіндірді:

— Тауарды – Қорғас арқылы жеткізілген қытай өнімдерін Алматыдан тасимын. Майқапшағай кеден бекетінен тауар алып өту ыңғайсыз, онда кедендік рәсімдеу қиын әрі ұзаққа созылады. Үрімжіден тауар экспорттайтын жергілікті компанияларды білемін. Бірақ олар негізінен көкөніспен айналысады, ал мен киім сатамын. Оларға әрине, Үрімжіге Майқапшағай арқылы барған ыңғайлы, қытайша да біледі, — дейді ол.

Зайсан қаласындағы базар, Шығыс Қазақстан облысы. 7 қаңтар 2020 жыл.

Зайсан қаласындағы базар, Шығыс Қазақстан облысы. 7 қаңтар 2020 жыл.

2014 жылдан бері Қазақстанда Қытай туристеріне арналған туристік бағыттар дайындала бастады. Бұған Майқапшағай-Зимунай кеден бекетінде үш күндік визасыз режимнің енгізілуі де себеп болды. Amazing Zaisan Travel туристік фирмасының директоры Евгений Лангенің сөзінше, Зайсанға келетін Қытай туристері бірінші кезекте табиғат пен мәдени дәстүрге қызығады.

— Зайсандағы Кіші Жеменей шатқалында туристік аңшылық лагеріміз бар. Қытайдан келген туристерге лагерьде атпен серуендеу, Жетісу қырғауылын өсіретін ферманы аралау, тауға шығу, ашық аспан астындағы тастағы петроглиф жазулар галереясымен танысу сияқты кең көлемді бағдарлама ұсынамыз. Қытай азаматтары үшін арнаулы туристік бағыттар ұйымдастыруды екі жыл бұрын қолға алдық. Бұған Қытай азаматтарының қызығушылығы себеп болды. Біздің өңірде жергілікті туристік фирмаларға өзін Қытайдың туристік бизнес өкілдеріне таныстыруға мүмкіндік беретін бірнеше кездесу өтті. Сондай кездесулердің бірінде олар біздің компанияға назар аударды, сөйтіп туристік бағыт дайындауды қолға алдық. Қытай азаматтары Қазақстанға жаппай келіп жатыр дей алмаймын, бірақ қызығушылық бар. Олар қатты қызығатын бағыттардың бірі – медициналық туризм. Сондықтан марал өнімімен емдейтін орталық ашуды жоспарлап отырмыз.

ГАЗ ҚЫТАЙҒА КЕТІП ЖАТЫР

Қазір Зайсанда газға көшу жұмысы жүріп жатыр. Бұған Сарыбұлақ кен орнын игеру себеп болған. Бұл – Қазақстан-Қытай бірлескен жобасы. Шығыс Қазақстан облысы тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және энергетика басқармасы бөлімінің Азаттыққа берген жауабына сәйкес, соңғы бес жылда Қытайға 400-500 миллион текше метр газ экспортталған. Ал Шығыс Қазақстан облысына небәрі тоғыз миллион текше метр, яғни соның екі пайызы көлемінде газ беріледі.

Шығыс Қазақстан облысы тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және энергетика бөлімінің қызметкері Азаттықтың сұрағына берген жауабында «Қазір ішкі инфрақұрылым мүмкіндігі шектеулі болуына байланысты Сарыбұлақ кен орнында өндірілген газдың негізгі бөлігі Қытайға экспортталады» деп жазған.

Жалпы алғанда, жергілікті тұрғындар аймақтың тыныс-тіршілігіне Қытайдың қаншалықты әсер етіп отырғаны жайлы біржақты пікір білдірген жоқ. Зайсанның қарапайым тұрғындары мәселенің бұл қырымен көп кездесе бермейді. Өйткені Қытай азаматтары мұнда сирек және негізінен тек турист ретінде ғана келеді. Азаттық тілшісі Зайсанда жолықтырған адамдар көрші елдің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы жағдай туралы ой-пікірін бөлісуге ықылас білдірмеді.

Azattyq