Зағипа Балиева аграрлық университетке, Омархан Өксікбаев қыздар университетіне қызметке келді
Бұған дейін мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтерді атқарған, мемлекеттік және қоғам қайраткері Зағипа Балиева Қазақ ұлттық аграрлық университетіне қызметке келді. Ол Алматыда орналасқан жоғарғы оқу орнына проректор болып жұмысқа кіріскен. Бұл ақпаратты Azattyq Rýhy тілшісіне Зағипа Яхияқызының өзі телефон арқылы растады.
«Иә, мен шартпен жұмыс істеп жатырмын. Келісімшарт бойынша. Ал нақты шешім қабылданған кезде сізге қуана-қуана хабарлаймын. Құжаттарды жинап жатырмын. Өзінің тәртібі бар. Енді бір аптадан соң маған тағы да бір рет хабарласыңыз»,- деді Зағипа Балиева.
Зағипа Балиева 1958 жылы Алматы облысы, Кеген ауданының Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы — заңгер. Еңбек жолын Жамбыл облысында бастаған.
Алматы қалалық әкімі аппаратының заң бөлімінің бастығы. ҚР Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы, ҚР Әділет министрі, ҚР Парламент Мәжілісінің IV, V шақырылым депутаты.
Зағипа Балиеваның соңғы жұмыс орны Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметі болатын. Президент 2019 жылы бұл жұмысты Аружан Саинға тапсырған еді.
Парламенттің тағы бір депутаты, мемлекеттік қызметте болған Омархан Өксікбаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің директорлар кеңесін басқаруға келді. Бұл туралы ЖОО баспасөз хатшысы Жандар Асан хабарлады.
«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің мәжілісі өтіп, Кеңес төрағасы қызметіне мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаев сайланған болатын. Директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде ордалы оқу орнын жаңашыл бағытта дамыту жолында жаңа бастамаларды қолға алу ойы бар. Білім мен ғылымның қарашаңырағына қандай жаңашылдықтар енгізуге ұйытқы болатынын алда көретін боламыз»,- дейді Qyzdar Ýnıversıteti БАҚ-пен байланыс бөлімінің жетекшісі Ж.Асан.
Омархан Өксікбаев 1954 жылы Алматы облысы Балқаш ауданында дүниеге келген. Қаржыгер, экономист. Кеңшарда экономист болып қызметін бастаған. Ол Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін ұзақ жыл басқарды. V, VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болып еңбек етті. Белгілі қоғам қайраткері биыл қаңтарда заң шығару органынан кеткен болатын.