Ыстамбұлда «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық көрме ашылды
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің бай коллекциясын паш ететін халықаралық көрменің ашылу салтанатына екі елдің мемлекет басшылары, атап айтсақ, Дүниежүзі қазақтарының жанынан құрылған «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев, Түркі тілдес елдер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы – Бағдат Әміреев, «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының Бас хатшысы, профессор Дүйсен Қасейінов, Түрік Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Haydar Ali Yildiz, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы сынды танымал тұлғалар қатысып, көрменің екі ел арасындағы мәдени байланыстың ары қарай дамуына, халықтар арасындағы достықтың нығаюына қосар үлесі зор екендігін атап өтті. Стамбул Мәдениет және туризм басқармасының директоры Coşkun Yılmaz, Түрік және Ислам ескерткіштері музейінің директоры Серажетдин Шахин де өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Орталық мұражай директорының орынбасары Бибігүл Дандықараеваның хабарлағанындай, Ежелгі көшпелілер мәдениеті және қазақ халқының тарихи-этнографиясы деп аталатын екі бөлімнен тұратын көрмеде: бүгінде Қазақстанның ұлттық игілігіне айналған, әлемдік мәдениет жауһарларының бірі – 1969 ж. Есік қорғанынан табылған Алтын Адам және ежелгі көшпелі халықтың алтын бұйымдары (Жалаулы көмбесі б.з.д. IX-VII ғғ., Шілікті қорғаны б.з.д. VII-VI ғғ., Қарғалы көмбесі б.з.д. II –I ғғ.), Жетісу өңірінен табылған сақтар мен үйсіндердің ғұрыптық заттары – шырағданның үш тағанды бөлігі, қазан, ғұрыптық ыдыстар, шырағдан, тарихи және көркемдік құндылығы теңдесіз жәдігерлер – XIX – XX ғғ. дәстүрлі киім үлгілері мен зергерлік өнер туындылары, тұрмыстық бұйымдар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылып отыр. Көрме биылғы жылғы 9 желтоқсанына дейін жалғасады, онда ұлы даланың көркем де әспетті көркем бейнесі көз жауын алады.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ