«Ысқырықпен емдеймін»: Күніне 150 адам қабылдайтын алматылық емші ерекше қасиеті туралы айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматылық емші Нархан Тастанова 31 жылдан бері науқастарды ысқырықпен емдеп келе жатқанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Пендеміз ғой» бағдарламасына сілтеме жасап. 

Ысқырық емші

Таңғы сағат алтыдан түнге дейін 100-150 адамды қарайтын емші аурудың кез келген түрін емдеп жазатынын айтады. Айтуынша, көзін жұмған сәтте дертіне дауа іздеп келген адамның қандай ауруы барын көріп, жоғары жақтан ақпарат алады. Емшіге бұл қасиет мектеп қабырғасында жүрген кезде қонған. 

«Мектеп оқып жүргенде қатты ауырып, емін таппаған соң әулеттің ақсақалдары аруағы бар аталарға апарды. Бойымда бір құдіреттің барын 13 жасымда білдім. Шешеміз ата-бабамызда бар қасиет екенін айтып түсіндірді. Бірақ, өзім оқимын деп бой бермедім. Оның үстіне ол кезде атамыз тірі еді. «Әлі баласың, бұл жолға кейінірек бет бұра жатарсың» деп өзі оқып, тазартып, қасиетімді басып қоятын», — дейді Нархан емші.

Емші қолындағы қобызына да аянның арқасында қол жеткізген. Бір түн ішінде Құранды жаттап алып, ысқыруды үйреніп алған. Осы уақыттан бері Құранмен емдеп жазып, ішіне жын кіргендерді қамшымен сабап, қобызбен зікір етеді. 

«Біздің тұқымымызда Наурыз бике деген бақсы әжеміз болған. Әкем де құмалақ ашатын кісі еді. Нағашы туыстарымның ішінде де емшілер болды. Атам тұрмысқа шыққан соң қасиетің ашылады деп айтатын. Айтқаны келді. Намазға жығылғаннан кейін бір-ақ күнде Құранды жаттап, деп салатын болдым», — дейді ол. 

Алайда имам Данияр Байдуллаев шариғатта ысқырықпен емдеу жоқ екенін айтып, қарсылық танытты. Оның айтуынша, емші жын-шайтандармен байланысқа түсіп, адам жайлы ақпаратты малғұндардан алады. 

«Ислам дінінде үш жолмен емдеуге болады. Бірінші — медицина жолымен емдеп жазу. Екіншісі – рухани ауру болса, не күйзелісте жүрсе және тіл-көз тиесе, Құранмен емдеу. Үшінші – миында ақау болып, жаны ауырып жүрсе, психолог пен имамдардың көмегіне жүгіну. Шариғатта үрлеп, ысқырып деп салу деген жоқ. Ислам дінінде тағдырды Алладан басқа ешкім білмейді. Кейбір емші жын-шайтандармен байланыста болады. Нархан әженің «Жоғарыдан тікелей ақпарат аламын» дегені тікелей жындарға қатысты болып тұр. Иә, Жаратушыдан келетін қасиет те болады. Алайда ондай адамда көріпкелдік қасиет кездеспейді. Өмірді жоспарлауға болады, бірақ біреуден болашағың туралы сұрау – қате», — дейді Данияр Байдуллаев. 

stan.kz