Ырым: Тұзды неге шашуға болмайды?
Ыбырайым пайғамбар келген қонақтың алдына нан мен тұз қояды екен. Бірде дастарханда тұрған тұзы төгіліп кетеді. Пайғамбар дереу төгілген тұзды тере бастайды. Қонағы:
— Ештеме етпейді. Несіне сонша әуре болдыңыз? — дейді.
— Ұлық Алла жеті берекенің бірін тұзға жасырған. 《Берекемді шашып алмайын》 деп теріп жатырмын, — дейді. Қонақ пайғамбарға риза болып, тұзды бірге терісіпті.
Осыдан бастап ел арасында 《тұзды төкпе, шашпа》деген тыйым шығыпты. Тұз төгілсе, несібе азаяды, ырыс кемиді деп сенеді. Кей жерлерде тұз төгілсе, оның үстіне қант себеді. Онысы тұзым қатты болмасын, тәтті болсын деген ниеттен туған екен.
Әлі күнге дейін қазақ арасында үйде тұз таусылып қалса, көршілер бір-бірінен сұрамауға тырысады, алған күнде де үйдің бұрышына бір түйірін шашып кетеді.
Дереккөзі: «ПТ» топтамасынан
Дереккөз: http://reactor.inform.kz