Ынтымақтастықтың озық алаңы
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үшін цифрландыру үдерісіндегі бірегей ынтымақтастық алаңына айналған айтулы форум елімізде осымен екінші мәрте өтіп отыр. Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай форум өткізу идеясын 2017 жылы Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында ұсынған болатын. Араға бір жыл салып Алматыда қайта бас қосқан сарапшылар, әлемде жылдам әрі түбегейлі өзгерістер басталған тұста тиімді цифрландыру ұлттық экономиканың қарқынды дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналғанын айтады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің технологиялық әлеуетін ашу мен Еуразия біртұтас инновациялық экожүйесін құру мәселесі биыл да алқалы жиынның өзегіне айналып отыр. Үкімет басшылары мен ақпараттық технологиялар саласындағы халықаралық сарапшылар, Еуразия технопарктерін интеграциялаудың алғышарттарына, бірлескен инновациялық жобалар құрудың тиімді тұстарына тереңнен тоқталды. Күн тәртібіндегі өзекті цифрлы мәселелер бойынша пікір алмасып, стартап-компаниялар мен ІТ саласындағы жас мамандарды ілгерілету мен қолдау мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Әлемнің әр қиырынан келген ұзын-саны 500-ден астам сарапшылар әріптестік ықпалдастықтың өзекті мәселелерін қаузады.
Форум жұмысын ашқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде барлық инновациялар мен технологиялардың басты мақсаты адамдардың өмірін жақсарту, олардың жұмысы мен өсуіне қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы электронды үкімет порталы арқылы ұсынылады, биыл аталған көрсеткішті 80 пайызға жеткізу міндеті тұр. Бұған қоса eGov-тан mGov-қа (мобильді үкімет) көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте еліміздегі инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға арналған Astana Hub халықаралық технологиялық паркін айрықша атауға болады. Бүгінгі таңда Hub 100 пайызға толған. Сонымен қатар инновациялық саланың мықты ойыншыларын одан әрі тарту жұмыстары жүйелі түрде қолға алына бастаған.
Үкімет басшысы, Astana Hub қатысушылары үшін таланттардың басын қосып, бәсекелестікті дамыту мақсатында барлық қажетті жағдай жасалғанын айтады. Бүгінде жеңілдетілген виза және еңбек режімдері, арендалық тұрғын үй беру, гранттық қаржыландыру құралдарына көп көңіл бөлініп отыр. Бұдан өзге, ЕАЭО ішінде бәсекелестікті дамыту стартап жобалардың сапасын арттыруға мол мүмкіндік бермек.
«Инновациялық экожүйе құрып, таланттарды дамыту үшін Қазақстанның білім беру жүйесінде, соның ішінде орта, кәсіби және жоғары білім беру саласында бірқатар реформалар жүргізілді.
Мәселен, Астанада мамандандырылған АТ-университет ашу көзделген, оның жұмысы Astana Hub қызметімен тікелей байланысты болмақ. Ғылыми қызметті қолдау бойынша жекелеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың қазан айында 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын қаржыландыру деңгейін ІЖӨ 10%-ға дейін жеткізу туралы міндет қойды, сонымен қатар ІЖӨ-де ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығындарды 2025 жылға дейін 1%-ға жеткізуді тапсырды», деді Б.Сағынтаев.
Форумда сөз алған Ресей үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев дамыған елдердің өзі цифлы экономиканы бірден алға жылжыту оңай шаруа емес екенін мойындайтынын және бұл бағыттағы бастамалар қалыптасқан, қатып қалған шекараларды ашатынын айтады. Оның сөзінше, мемлекеттердің даму деңгейі əртүрлі. Тараптар бір-бірімен барынша ашық болған жағдайда ғана кез келген қиындықты оңай еңсереді. Және бұл жұмыстарға нақты заңнамалық негіздер керек. Сондай-ақ Д.Медведев бүгінде цифрлы жүйе Ресейде ұлттық бағдарлама ретінде бағаланатынын, алдағы бес жылда бұл салаға 30 миллиард доллар қаржы бөлу ісі көзделгенін жеткізді. Жоба жүйелі жүзеге асқан жағдайда ғылымның дамуына да соны серпін бермек. Саясаткер бірлескен жұмыстарға қарқын беру үшін өзара немесе еуразиялық деңгейде емес, бүкіл адамзат өресінде ойлауымыз керек дейді.
Цифрлы жаңашылдықтарды іске асырудың механизмдерін бірлесе жетілдіру технопарктердің жобаларына ауқымды қолжетімділік тудырып, тараптар арасындағы технологиялық байланыстарды нығайта түспек. Цифрлы экономиканы трансформациялау жөніндегі кеңесші, малайзиялық маман Ясмин Махмудтың пікірінше, инновациялық экожүйе жаһандық деңгейге жеткенін және ендігі міндет экожүйенің жұмыспен қамтылу деңгейін қалай жақсартатынын, қанша қазақстандық стартаптар өңірлік, тиісінше, жаһандық деңгейде таныла алатынын ойластыру қажет. Ал әйгілі Tlabs компаниясының бас директоры, Singularity University экономика және қаржы факультетінің деканы Амин Туфани қазір әлемде көптеген дәстүрлі мамандықтар өзектілігін жоғалтып жатыр деп есептейді. Оның айтуынша, адамдар қайта мамандануы керек, әсіресе цифрландыру бағытындағы біліктіліктің маңызы зор. Ол Facebook, Amazon, Alibaba секілді платформалардың қызметтері бастапқы кезде дұрыс бағаланбағанын, ал қазіргі таңда мүлдем басқа көрініске ие екенін айтады. «Интернет мүмкіндіктері кітапхана ісін қалай өзгертті? Респонденттердің дайындығы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айтамыз. Осылайша, экожүйе, ең алдымен, адамдар үшін өте маңызды, осы экожүйенің нақты бір адамға, нақты бір азаматқа қандай пайда әкелетінін ойланған жөн. Инновациялар туралы айтқан кезде, оның адамдарға қалай әсер ететінін ойластыру керек», дейді А.Туфани.
Биылғы форумның маңыздылығына тоқталған Беларусь сәйкестендіру жүйелері орталығының директоры, Еуразия экономикалық комиссиясы Үйлестіру кеңесінің мүшесі Виктор Дравица: «Біздің экономикаларымыз ашық, сондықтан да тауарлардың сипаттамаларын үйлестіру керек. Бұл мақсатта осы тұрғыдан өзара іс-қимылдың барлық схемаларын реттеп, қандай да бір қызметтер ұсынылатын ақпараттық ресурстарды көбейту керек», дейді.
Форумға қатысушы тараптар арасында LTE бағдарламасын алғаш енгізген Арменияда цифрландыру үдерісі бірнеше стратегиялық бағытта жұмыс істейді. «Біздің арамыздағы ықпалдастық қаншалықты жоғары болған сайын, табыс көзі де соншалықты ұлғая түседі. Инженерия, цифрландыру, білім беру жүйелеріне бағытталған жобаларымыз тиімділігін көрсетіп отыр. Табысымыз да жаман емес. Политехникалық институтымызды цифрландыруға көшіруді қолға алдық. Оқыту әдістерінің бәрі заманауи бағдарламалар бойынша жүргізіледі. Кедендік әкімшілік саласында бірыңғай кредиттік регистріміз бар. Салық жүйесінде оң нәтижеге жеткізген бірегей жобамызды тәжірибе ретінде ұсына аламыз. Бүгінгі форумда айтылған ұсыныстар үлкен жетістіктерге жол ашады деп сенеміз. Ағымдағы жылдың қазан айында Ереванда өтетін ақпараттық технологиялардың бейбіт конгресіне барша әріптестерімізді шақырамыз. Бұл бәріміз үшін үздік тәжірибе алмасу алаңы болады деп ойлаймын», дейді Армения вице-премьері Мгер Григорян.
Қырғызстанның Үкімет басшысы Мухамедкалый Абылгазиев мұндай ғаламдық мəселелердің ортақ тақырып ретінде талқыға салынуы кибершабуыл, компьютерлік қылмыс сияқты алуан түрлі қауіптерді біріге отырып жеңуге мүмкіндік тудыратынын жеткізді. Ең бастысы бұл бастама халықты цифрлы жүйеде сауаттандырудың сапасын арттырады. Мәселен, осы бағытта қырғыз елінде бірер жыл бұрын қабылданған «Таза қоғам» атты мемлекеттік бағдарлама оң нәтижесін берген. Қырғыз елі экономикасын цифрлы жүйеге көшіру ісінде ең алдымен мемлекеттік қауіпсіздікке зор көңіл бөледі. Абылгазиев бүгінде Қырғызстан мектептерін кеңжолақты интернетпен тұтастай қамту ісі мықтап қолға алынғанын мәлім етті.
Аталған форумның тақырыптық сессиясында сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жаһандық деңгейдегі бұл басқосу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынғанын айтып, Еуразиялық экономикалық одақ елдерін кешенді цифрландыру осы жиыннан бастау алу керектігін атап өтті.
«Өткен жылдың соңында Елбасымыздың бастамасы бойынша «Astana Hub» халықаралық ІТ-технопаркі базасында Еуразиялық цифрлы трансформация орталығын құрдық. Бұл орталықта жаңа бастамаларға эксперттік қолдау жасалады. Жаңа жобалардың арасында тауарларды цифрлы бақылайтын, электронды құжаттарды қадағалауға мүмкіндік беретін, цифрлы көлік дәліздерін құру сияқты бағыттарды ерекше атап өткен жөн. Бұлар экономикалық интеграцияға ықпал етеді деген негіз бар. Ең бастысы, Минск пен Бішкек арасындағы
ауқымды кеңістікте кедергісіз сауда айналымына жол ашылады. Қарапайым тұтынушылардың құқығы қорғалатын болады», дейді Д.Абаев.
Пленарлық сессия қорытындысы бойынша қатысушылар ЕАЭО-ға қатысушы елдердің технопарктерін интеграциялау туралы меморандумға қол қойды. Нақтырақ айтар болсақ, Ресейдің «Сколково» қоры, Арменияның «Кәсіпорындар инкубаторы», Қырғызстанның Жоғары технологиялар паркі және аталған интеграциялаудың бастамашысы ретінде әрекет еткен отандық «Astana Hub» ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі» басшылары өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Пленарлық сессия аяқталысымен форум «ЕАЭО цифрлы күн тәртібі», «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі цифрландыру (БҰҰ)», «Инновациялық экожүйедегі цифрландыру», «Индустрия 4.0 – инновациялық экожүйе тұтынушысы», «Шағын және орта бизнесті цифрландыру» тақырыптарындағы жекелеген панельдік сессияларға ұласты. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Сингапур, Швейцария және ТМД елдерінің технологиялық индустрияларының 50-ден астам өкілдері спикерлер ретінде сөз сөйледі. Көпшілігінің пікірінше, шығындарды қысқартатын, өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыратын сауда-логистикалық платформаларды құруға көп көңіл бөлу керек. Бұл бағыттағы істі нақты жолға қою үшін БҰҰ-ға мүше елдердің ұлттық инновациялық экожүйені құрудағы озық тәжірибелерінен үлгі алған абзал. Қатысушылар Қазақстан Үкіметінің цифрлы технологияларды енгізу тұрғысынан атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына, форумды ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/