Ынтымақ барда ырыс бар | «Айқын» газеті
Петропавл қаласында жұмыс істейтін «Радуга» ЖШС азық-түлік, пластмасса өнімдері, үй тазалығына қажетті тауарлар өндірумен және жеткізумен айналысады. Бүкіл Қазақстан бойынша 1,5 мың қызметкеріміз бар. 2016 жылы біздің кәсіпорын аумағында «Нұр Отан» партиясының бастапқы ұйымы құрылды. Қазір оған 80-ге жуық азамат мүше. Біз партия өткізетін барлық шараға белсенді қатысамыз, бағдарламалық құжаттарды дайындауға атсалысамыз.
Менің ойымша, мемлекеттік қолдаусыз кәсіпкерліктің дамуы екіталай. Сондықтан мемлекет пен бизнес өзара ынтымақтастық құрып, бірлесе жұмыс істеуі керек. Айталық, бір кәсіпорынның жұмысын жолға қою қыруар қаржыны талап етеді. Ондай көп көлемдегі ақшаны тек екінші деңгейлі банктерден алуға болады. Бірақ онда пайыз тым жоғары болғандықтын, бұл бизнес бастағысы келетіндерге тиімсіз. Ал мемлекет банктердің пайызын субсидиялап, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отыр. Осы тұста мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан «қарапайым заттар экономикасына» назар аударғым келеді. Кәсіпкер қазіргі таңда өзекті, халыққа қажет тауарларды өндіруге бет бұрғаны жөн.
Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында елдегі барлық кәсіпорынды модернизациядан өткізу басталды. Барлық бизнес процесс автоматтандырылып, жаңа құрылғылар мен жабдықтар қолданысқа енгізіліп жатыр. Қазір техникалық мамандық иелерінің тапшылығы айрықша сезіледі. Бізде жаңа құрылғылармен жұмыс істейтін маман аз. Мемлекет бұл мәселені шешуге көңіл бөліп, техникалық мамандарды дайындауға басымдық беріліп отыр.
Максим Большедворов,
«Радуга» ЖШС директорының орынбасары,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі