Ынтымағы жарасқан ел | «Айқын» газеті

0

Парламент Сенатында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс болды. Оған депутаттар мен аппарат қызметкерлері қатысты. Мерекелік шараны ашқан Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 27 жыл бұрын аса күрделі геосаяси жағдайда Тәуелсіздікті жариялағанын еске салды. Дағдарыстар мен басқа да қауіп-қатерлерге қарамастан Мемлекет басшысы елімізді сеніммен алға бастап келе жатқаны атап өтілді.

– «Артық жолдас таппадым тату­лықтан» деп халқымыздың ұлы перзенті, хакім Абай айтқандай, Қа­зақстан қо­­ға­мының ынтымағы мен бірлігі мемлекет­тігіміздің негізгі ұста­нымына айналды. Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы тари­хымыз бен мәде­ниетімізді жаңғырттық, эконо­ми­ка­мызды өркен­детіп, қуатты мемлекет қалыптастырдық. Қазақ­стан­ның биік белесті бағын­дырып келе жатқан әр қадамы, табысы мен жеңісі – Тәуел­сіздіктің арқасы, – деді Қ.Тоқаев.
Халқымыздың «еңбек ерлікке жет­кізер, ерлік елдікке жеткізер» деген да­на­лық сөзін атап өткен ол Елбасының мемлекетімізді нығайту жолындағы қажырлы еңбегі нағыз ерліктің үлгісі еке­нін баса айтты. Жоғарғы палата бас­шысы ұлы мақсаттарды көздеген хал­қымыздың жарқын болашағы жолында Мемлекет басшысының асқан көре­гендік пен жасампаздық танытып келе жатқанына тоқталды.
Бүгінде қайта жаңғырған мәдение­тіміз бен руханиятымыз Елбасының қолдауымен жаңа арнаға бет бұрғанын атай келе, Сенат төрағасы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы халқымыздың тамыры терең мұрасын ұлықтаған, төл тарихымызға жаңа тыныс беретін бірегей бастама екеніне тоқталды. Сонымен қатар ол Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Дала өркениетінің» әлем тарихындағы маңызы және оның адам­зат өркениетіне ұсынған құндылықтары көрсетілгеніне назар аудартты. Оның айтуынша, Ұлы даланың сан ғасырлық ұлағаты ұлт тарихын жалғастырушы келешек буын өкілдерінің ертеңіне жол ашарына күмән жоқ.
– 27 жыл ішінде мемлекеттілігіміз­дің мықты іргетасы қалыптасты, Қа­зақ­стан әлемдік қауымдастықтағы бе­делі жоғары мемлекетке айналды», – деген Қ.Тоқаев Президент Жолда­уын­дағы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа сипаттағы міндеттерді атап өтті.
– Тәуелсіздіктің арқасында қол жет­кізген жетістіктерді одан ары нығайту үшін халқымыздың көкейіндегі өзекті мәселелерге назар аударуымыз керек. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақ­сартудың маңыздылығы қазіргі әлемдік ахуалдың шиеленіскен тұсында аса өзекті мәселе, – деді ол.
Ұлттық мерекемізге орай мемле­кеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, сондай-ақ ха­лықтар достығы мен ынтымақтастығына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ Сенат депутаты Қазақстан Президентінің Жарлығымен мемлекеттік награда­лармен марапатталды. Атап айтқанда, Әли Бектаев пен Бақтыбай Шелпеков «Парасат» орденімен, Владимир Волков пен Еділ Мамытбеков «Құрмет» орденімен марапатталды.
Өзге де марапаттар табысталды. Се­наторлар Жеңіс Нұрғалиев пен Рашид Түсіпбеков, Ардагерлер кеңесі төраға­сының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев ТМД Парламен­т­аралық ассам­блеясының «Содружество» орде­німен марапатталды. Мұхтар Құл-Мұ­хаммед пен Ерік Сұлтановқа «Парла­ментаралық ынтымақтастықты ны­ғайт­қаны үшін» медалі, Рысқали Әбдікеров, Владимир Волков, Дүйсенғазы Мусин, Нариман Төреғалиевке ТМД ПАА Құр­мет грамотасы берілді. Депутат Сәр­сен­бай Еңсегенов және бұрынғы сенаторлар Әділ Ахметов, Қайрат Ищанов, Нұрлан Оразалин, Орынбай Рахманбердиев түр­кітілдес елдер Парламенттік ассам­блея­сының қаулысымен «ТүркПА-ға –
10 жыл» медалін иеленді.

Дереккөз: Айқын