WikiLeaks негізін қалаушы Джулиан Ассанж Лондонда ұсталды

0

11 сәуірде WikiLeaks негізін қалаушы Джулиан Ассанжды британ полициясы Лондондағы Эквадор елшілігінде ұстады. Осыдан 7-8 жыл бұрын АҚШ-қа экстрадициялану қаупі туындаған кезде Ассанж өзіне Эквадордың уақытша баспана бергенін пайдаланып, елшілікті паналаған. Содан бері ол елшілік ғимаратында тұрып келген еді. Бірақ соңғы кезде Эквадор билігімен қарым-қатынасы нашарлаған Ассанж елдің жаңа президенті Ленин Мореноның өзіне саяси баспана беруден бас тартқанын хабарлаған.

Бұған дейін Эквадор билігінің Ұлыбританиямен Ассанжды беру туралы келіскені жайлы бейресми ақпарат тараған.

АҚШ-та «құпия ақпарат жариялады» деп айыпталып отырған Ассанж түрмеге қамалуы мүмкін.

Американың құқық қорғау органдары бұған дейін Ассанжды «Ресеймен құпия келісім жасасты» деп те айыптаған. Құқық қорғау орган өкілдері оның АҚШ-тағы демократтар серверіндегі құжаттардың ұрлануына қатысы бар деп күдіктенген. Ал Ассанж Ресеймен байланысы барын жоққа шығарған.

WikiLeaks жобасы 2006 жылы пайда болған. Бұған дейін порталда Ирак, Ауғанстан және Сириядағы соғыстар жайлы АҚШ-тың құпия құжаттары жарияланған.

Azattyq