Владимир Божко, депутат: «Мені сайлаған сендер емес!»

0

«Сендерге есеп беруге міндетті емеспін! Мені сайлаған сендер емес!». Қоғам белсенділерінің «демалыс кезінде немен айналысып жатырсыз?» — деген сауалына Мәжіліс депутаты Владимир Божко осылай жауап берген. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина карантин кезінде халық қалаулылары нендей шаруа тындырып жатқанын білмек болып көбіне хабарласыпты. Бірі жауап қатқан, екіншілері телефонын көтермеген. Владимир Божко болса, фейсбук арқылы былай депті:

«Сіз құрметтім бір нәрсені шатастырып отырған сияқтысыз. Маған дауыс берген жоқсыз, сәйкесінше сайлаушым емессіз. Жұмыс берушім де сіз емес».

Қоғам белсендісі Айгүл Өтепова Божконың бұл сөзі «сенген қойым сен болсаң» дегеннің керісі екенін айтады. Ассамблея атынан мәжіліске өтіп, төрағаның орынбасары болған Божко өзіне қатысты ешқандай шараның қолданылмайтынынын білген соң, осылай қыр көрсетті дейді:

«Сіздің айлығыңыз халықтың салығынан құралады. Салық халықтың ақшасынан құралады. Сондықтан сұрауға менің қақым бар дедім. Мемлекеттік қызметкердің этикасы бар. Ол документ ретінде шыққан. Божко оны оқымаған шығар, менсінбейтін шығар».

Мәжілістің вице-спикері осылай қыр көрсетсе де, өзге депутаттар қайнаған тірліктің бел ортасында жүрміз, дейді. Төменгі палатадағы Магеррам Магеррамов коммунист әріптестерімен біріге отырып карантин кезеңінде республика бойынша 8000  мыңға жуық аз қамтылған отбасыға азық-түлік таратыпты.

«Бірнеше күн бұрын ғана тағы бір мәрте біріге отырып қаражат аудардық. Мұқтаж отбасыларға қолдан келгенше қолғабыс тигізіп жатырмыз. Көптеген өтініштер түседі. Бірі жерлеу рәсімімен мәселе бар дейді. Тағы бірі пәтерақысын төлей алмай жатыр. Барлығына көмектеуге тырысамыз. Жақында қарттар үйі, балалар үйі сияқты нысандарды аралап, ол жерге де керек жабдықтар жеткіздік», — дейді депутат.

Ал, Нұржан Әлтаев дәріханаларды аралап, халықпен тілдескенін айтты.

«Туысқандарына айтады екен дәрілерді өздерің сатып алыңдар деп. Мына жақта СК Фармация да басқасы да айтып жатырбіз толығымен қамтамасыз етіп жатырмыз, ол жерде тапшылық жоқ деп. Тапшылық болмаса неге азаматтар неге қалтасынан сатып алуы керек? Көптеген шенеуніктер айтатын мед.страховка төлеңдер, төлесеңдер ертең сендерді тегін емдейді дәрілерді тегін береді деп. Ал енді халық, кәсіпкерлер соны төледі. Ал ақша қайда?», — дейді Нұржан Әлтаев.

Жалпы алғанда Парламент мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жатқанын жеткізді. Естуші мемлекет дегеннің бір көрінісі осы болар. Тек Божко сынды мырзалар халықпен сөйлескенде өзінің депутат екенін, ұмытпаса екен.