VIII Азаматтық форум: Делегаттар пікірі
Марат Жүніс-Бек, Республикалық «Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің бірінші төраға орынбасары (Астана қаласынан):
Бүгінгі Азаматтық форум мүмкіндігі шектеулі әр түрлі жастағы азаматтар, әлеуметтік қорғауды қажет ететін мүгедектер және жастар үшін үлкен қолдау болғалы тұр. Елбасы айтқандай, бүгінгі қоғам үшін кедергісіз болашақ керек. Мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерімен байланысты қалыптастыру және жандандыру жұмыстары жиі болған сайын азаматтық қоғамымыздың әлеуеті жақсара түседі. Бүгінгі форумнан кейін қатысушылардың жүректерінде үлкен бір жалын пайда болады. Санаулы адамдар ғана әр өңірдегі шараларға қатыса алады. Ал бүгінгі форум барлық аймақтың өкілдерінің басын қосты. Бұл форум арқылы болашақтағы жұмыс жоспарларымызды жаңаша түрлендірудің мүмкіндігі туды. Ең бастысы бүгінгі форумда мүмкіндігі шектеулі адамдардың бізбен тең екендігін көрсете алдық. 32 мыңнан астам Чернобыль аппаратына қатысқан қазақстандық болса, бүгінде олардың 5 мыңға жуығы ғана қалды. Біз бейбіт күнде адамдардан айырылып жатырмыз. Біз осы форумнан тәжірибе ала отырып, Чернобыльдықтардың жұмысын өзгертуге бағыт-бағдар аламыз деген үміттемін. Форумнан алған жаңа бағыттарды өңірлерде жүзеге асырамыз деп ойлаймыз.
Сабира Байзақова, «Жалын» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. (Шымкент қаласынан):
Азаматтық форумға бірінші рет қатысуым. Азаматтық сектордағы еңбек өтілімім 8 жыл. Бұл форумнан көптеген қоғамдық ұйымдар өзіндік бір анықтамалар алады деген ойдамын. Бұл форумда мемлекеттік бағдарламалар, тұжырымдамалар, белгілі бір жұмыстың процесін жолға қоятындай жақсы шешімдер қабылданады. Мысалы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы осы Азаматтық форумның бірінде ұйымдардардың атынан бастама болып көтерілген. Ол бағдарлама қазір жақсы нәтиже беріп жатыр. Дәл сол секілді алдағы 10 жылдыққа тиесілі немесе 5 жылдыққа тиесілі ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді деген секілді бір жақсы бастаманың куәгері болатыныма сенімдімін. Мен Шымкент қаласында тіркелген «Жалын» жастар ұйымы атынан келіп отырмын. Азаматтық форумға жалпы Шымкент қаласынан 25 делегат келді. Одан бөлек республикалық «Таным» жүлдесіне қатысқан арнайы үкіметтік емес ұйымдар бар. Олардың арасында екі үкіметтік емес «Интеллект» және «Дәрия» қоғамдық ұйымдары біздің қаланың атынан шығып отыр. Әріптестерімнің бастамасына өте қуаныштымын. Мұндай азаматтық ойы бар адамдар қоғамнан әрқашан орын табады деген ойдамын. Осы форумда Қазақстандағы жастар ұйымдарының жұмысы жанданса екен деймін. Аймақтармен байланысты күшейтсек екен немесе аймақ-аймақ болып жүйелі жұмыстар жүргізуді қолға алсақ екен.
Күләш Шакирова, Оңтүстік Қазақстан мұсылман әйелдері «Бибі Фатима» қоғамдық бірлестігінің төрайымы (Түркістан облысынан):
Біз қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесін жандандырып, әйел құқықтарын қорғауға арналған жұмыстар атқарамыз. Қыз балалар мен әйелдер қауымының тұрмыстық жағдайдағы қиындықтары әлі де кездеседі. Біз мұсылман әйелдерінің бірлестігі аудандарды аралап қыз-келіншектермен көптеген кездесулер ұйыстастырып жүрміз. Мектеп жасындағы қыздардың санасына қазақы тәрбие мен ұлттық салт-дәстүрдің озығын ойға салып отырамыз. Бүгінгі форум барысында өзге де көптеген қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен ауқымды диалог алаңында бірқатар мәселе көтереміз. Форум барысында таныстырылатын тұжырымдама негізінде әр азамат үшін оң шешім қабылданады деп ойлаймыз.
Фархат Қатыренов, «TIFLOSMART мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі (Астана қаласынан):
«Tiflosmart» мүгедектер қоғамын ашқанымызға 1 жылдан асты. Біздің басты міндетіміз көзі нашар көретін адамдарға тифлотехникалық құралдар арқылы сабақ беру. Сондай-ақ біз көру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғаумен, оларға моральдық жағынан қолдау көрсетумен айналысамыз. Тифлотехника дегеніміз телефон, смартфондар көмегімен дыбыстық сүйемелдеу арқылы арнайы дәрістер жүргізу. Бұл жоба аясында бүгінге дейін 60 адам оқудан өтті. Осы форум барысында өзімізге қажет көптеген ақпараттар аламыз деген ойдамыз. Мүгедектердің жағдайын жасауға арналған бағдарламалардың көптігі қуантады.
Дайындаған:
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»