«Видеосын тіпті шетелдіктер көріп, күліп жатыр»: депутат елдегі «тоқал сыйлау» трендін сынады
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан тойларда еркекке тоқал ретінде екінші әйелді сыйға тарту трендіне құқықтық баға берді, деп жазады Kznews.kz тілшісі Ulysmedia.kz сілтеме жасап.
Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте заңгер депутат Абзал Құспанның пікірін сұраған. Ел ішіндегі бұл құбылыс қаншалықты заң шеңберіне сыятынын білгіміз келді.
«Дәл осы видеоны бір ай шамасында Әзербайжан астанасы Бакуде жүрген кезде көрдім. Ол елде президент сайлауы болды. ТҮРКПА халықаралық ұйымының құрамында түрік әріптестермен әңгімелесіп жүргенмін. Сол түрік әріптестерім «мынау Қазақстанда болған екен» деп маған сол видеоны көрсетті. Сыйлық салатын қорапшаның ішінен әйелі шығарып, күйеуіне сюрприз жасап жатқан сәті. Бұл өте ұят нәрсе деп есептеймін. Өйткені маған мұны өзіміздің әдеттегі ватсап-топтарға өзіміз танитын, білетін адамдар көрсетсе бірсәрі. Оны шетелдің азаматтары көрсетіп жатыр. Бәрі күліп жатыр. Тек түріктер емес, шетелдіктер көп болды. Анау жерде отырған жасы бар, жасамысы бар ағылшын тілінде аударып шығарған нұсқасын көрді. Әлем аралап кетті», — дейді депутат.
Абзал Құспан барлық іс-әрекетке жауапкершілік көзделмегенін айтады. Мүмкін емес дейді.
«Ар-ұят деген адамда болу керек. Біз тек Қазақстанда ғана емес, сол видео арқылы масқара жағдаймен «әлемге шығып кеттік», — дейді ол.
Абзал Құспан қолданыстағы неке және отбасы туралы заңға сәйкес, бұл жағдайларды заңсыз деп есептейді. Яғни, ол заңға сәйкес, Қазақстанда екі әйел алуға рұқсат жоқ. Заңды некеге тек бір ғана әйелді алуға болады. Бірақ бұл үшін заң бойынша ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Әкімшілік немесе қылмыстық кодексте ондай жауапкершілік жоқ.