«Видеосын көресіздер»: министр «Болашаққа» ілінбеген Темірбаевтың әрекетін хайпқа теңеді
«Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеуге қатысқан Жасұлан Темірбаевтың комиссия мүшелерімен сұхбаты кезінде қозғалған әңгіме бұған дейін қызу талқыланған. Темірбаев сол кезде «сіз орыс тілінде акцентпен сөйлегеніңіз үшін Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деген сөзді естігенін мәлім еткен. Осы және өзге де кейс турасында Ulysmedia.kz тілшісі ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сұрақ қойды.
МИНИСТРГЕ СҰРАҚ
Жақында «Болашақ» бағдарламасына тапсырған Жасұлан Темірбаев атты азамат «орыс тілінде акцентпен сөйлейсің» деп, комиссия мүшелері өзін өткізбей қойғанын мәлімдеді. Оның бұл мәлімдемесі көп резонанс туғызып жатыр. Сондай-ақ, Ұлысмедиа порталына сұхбат берген АҚШ-тағы қазақ студенті Әсел Амангелді екі рет «Болашақпен» түсе алмай, ақыры Гарвардқа өз күшімен түскен. Осы екі кейсті түсіндіріп берсеңіз. Неге осындай жағдайлар болып жатыр? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен үкіметте.
ЖАСҰЛАН ТЕМІРБАЕВ ЖАЙЛЫ
Бұл сұраққа жауап берген Саясат Нұрбек бірінші кейсті Жасұлан Темірбаевтың сөзі “ақиқатқа жатпайды” деп мәлімдеді.
Неге десеңіз, бізде конкурстық процедуралар екі сатымен өтеді. Бірінші сатыда тест тапсырады. Екінші сатыда тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұхбат жүргізіледі. Бірнеше жылдан бері бүкіл сұхбаттар видеоға жазылады. Біз осы мәселені бірден қолға алдық. Видеоны қарағанда ондай сұрақтар сұралған жоқ. Бүгін видео жарияланады. Неліктен бірден жарияламадық? Сарапшылардан біз рұқсат алуымыз керек еді. Ресми түрде! Себебі олардың да құқығы ескерілуі керек. Жаңа жылдық мейрам болғаннан кейін олар енді шығып, құжаттарын алып, жариялаймыз. Сондықтан, өздеріңіз көресіздер, – дейді ол.
Министр Саясат Нұрбек Жасұлан Темірбаевтың сұхбатын өзі де көргенін айтады.
Өкінішке қарай, біздің қоғамда хайп көп. Мейлінше, комиссия, конкурстық процедуралар басқа жерде де біз максималды түрде цифрлық форматқа және видеожазба ретінде жүргізіп жатырмыз. Ғылым саласында да видеотіркеуге жатады, – дейді ол.
ӘСЕЛ АМАНГЕЛДІ ЖАЙЛЫ
Саясат Нұрбек Әсел Амангелдінің кейсі жайлы жалпылама жауап берді.
Конкурстық процедуралар белгілі. Адам соған дайындалып, қарастыруы керек. Былтыр біз бүкіл конкурстық процедураларды жаңадан қарастырдық. Неге десеңіз, шағымдар болды. Оны мойындаймыз. 20 желтоқсанда республикалық комиссияда сол жаңа ережелер бекітілді. Тиісті үкіметтің қаулысы әзірленді. Осы жылдың конкурсы мүлде жаңа принциптермен өтеді. 3 наурыздан бастап “Болашақ” бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдаймыз. Қазір үкіметтің қаулысы бекітілгеннен кейін екі айдай толыққанды ақпараттық науқан жүргіземіз, – дейді министр.
Саясат Нұрбек комиссияның тәуелсіз мүшелерінің біліктілігіне жауап бере алатынын айтады. “Олар ғалымдар, өз саласының мамандары, кездейсоқ адамдар жоқ” дейді.
МӘСЕЛЕ НЕДЕН ШЫҚТЫ
Әлеуметтік желіде «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеуге қатысқан Жасұлан Темірбаевтің комиссия мүшелерімен сұхбаты кезінде қозғалған әңгіме қызу талқыланып жатыр. Темірбаев сол кезде «сіз орыс тілінде акцентпен сөйлегеніңіз үшін Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деген сөзді естігенін мәлім етті. Ол үміткер ретінде себепсіз іріктеу кезеңінен өтпей қалғанын, комиссия құрамында спорт пен медицинадан хабарсыз тұлғалар отырғанын айтады.
Ulysmedia.kz порталы Жасұлан Темірбаевтің өзімен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын ғылым және жоғары білім министрлігінен, халықаралық бағдарламалар орталығынан сұрап көрген еді.
Айта кетейік, Ulysmedia.kz порталының АҚШ-қа сапары аясындағы арнайы репортаждың бірінші бөлімінде ғалымдармен, халықаралық қаржы ұйымдарының, алып компаниялардың қызметкерлерімен сұхбаттасқан еді. Сол тұста Гарвард университетінің студенті Әсел Амангелді өз оқиғасын айтып берген.