ВИЧ туралы білеріміз аз | «Айқын» газеті
Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған 22 мың 580 адам өмір сүреді. Олардың 91 пайызы – 15-49 жас аралығындағы азаматтар. Соңғы уақытта ВИЧ инфекциясымен тіркелгендердің саны өскені байқалады. Мәселен, 2017 жылы бұл статустағы адамдардың қатары 5,8 пайызға, 2018 жылдың 11 айында 7,9 пайызға артқан. Қоғам белсенділері мен мамандар халықтың ВИЧ инфекциясы туралы аз білетінін, вирус жұқтырған азаматтарды қабылдауға дайын еместігін айтады.
Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жариялаған сауалнама нәтижесі 15-19 жас аралығындағы жеткіншектердің 91 пайызы ВИЧ инфекциясы туралы жеткілікті білмейтінін көрсеткен. Қазақстанның барлық өңірінен 4 360 жас қатысқан сауалнамадағы ВИЧ/СПИД туралы стандартты 5 сұраққа респонденттердің тек 9,1 пайызы ғана дұрыс жауап берген.
Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының қызметкері Айжан Шабденова сауалнама нәтижесін таныстырған баспасөз конференциясында «елімізде жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық өмірге ерте араласады және 15-19 жастағы жеткіншектердің 73,5 пайызы ВИЧ инфекциясына анонимді тексеруден қайдан өтуге болатынын білмейді» деген пікір білдірді.
Республикалық СПИД орталығының басшысы Бауыржан Байсеркин 8-10 сынып оқушыларының биология пәні бойынша оқу бағдарламасында ВИЧ инфекциясы туралы ақпарат болғанына қарамастан, жастар арасында вирус туралы мәліметті білетіндер аз екенін айтады.
– Бұл – әсіресе ауылды өңірлерде тұратын жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құбылыс. БҰҰ халықты қоныстандыру қоры жүргізген сауалнамаға қатысқан жастардың тек 42 пайызы ғана ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдар қоғамның басқа мүшелері сияқты толыққанды өмір сүруге құқылы деп ойлаған, – дейді ол.
«Балаларды СПИД-тен қорғайық» қорында 262 бала тіркелген. Оның жетеуі – 18 жастан жоғары. Негізгі бөлігі вирусқа 2006 жылы Шымкент қаласында балалардың жаппай ВИЧ инфекциясын жұқтыру оқиғасы кезінде ұшыраған. Қор басшысы Жанетта Жазықбаева өзінің қоғамдық өмірге қалай араласқанын және дискриминация мен қысымды тоқтату үшін қандай күш жұмсағанын былай еске алады.
– Қоғамдық өмірдегі белсенділігімді балам ВИЧ инфекциясын жұқтырғаннан кейін бастадым. Ұлымды көлік қағып, облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне түскенде, он жаста еді. Қан құю кезінде оған ВИЧ жұққанын жарты жылдан кейін білдік. Жұмысымды тастап, қорға қызметке келдім. Менің отбасым дискриминация мен стигманың қанша түрін бастан өткерді. Алғашқы жылдары бұл тақырып өте жабық болатын. Халық ВИЧ туралы, оның берілу жолдары жөнінде ештеңе білмейтін. Балаларды мектепке қабылдауда медицина қызметкерлері мен педагогтар тарапынан қысымға ұшыраған кезіміз болды. Мұндай балалардан қорқатын оқиғалар кездесті. Халықтың ВИЧ инфекциясы туралы білімін жетілдіріп, санасын өзгертуге өте көп күш жұмсадық. Семинар-тренингтер, түсіндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілді. Бүгін ВИЧ инфекциясын жұқтырған балаларға қатысты дискриминацияны байқамаймын. Бірақ бұл жағдай Қазақстанның барлық өңірінде бірдей емес екенін білемін. ВИЧ статусымен өмір сүретін жасөспірімдермен үнемі жұмыс жүргізіп, оларға моральдық, психологиялық көмек көрсету қажет. Балалар өзара пікір алмасып, мамандардан кеңес алса, өз статусында толыққанды, сапалы өмір сүруді үйренсе дейміз. Олардың ата-аналары, қоршаған ортасымен дәл сондай түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Бүгін өз статусы туралы алғаш білген баланың ересек өмірге араласқанда ВИЧ инфекциясымен өмір сүруге болатынын, оны басқаларға жұқтырғаны үшін жауапқа тартылатынын түсінгені дұрыс. Мемлекет тарапынан үздіксіз жұмыс істейтін әрі қаржыландырылатын осындай бағдарлама жоқ. Оңтүстікте халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың қолға алуымен мұндай бағдарламалар болды. Бірақ қысқамерзімді жобалардың арасы үзіліп, уақыты біткен соң, жалғасын таппай қалады.
Атырау қаласындағы «Өмір сақшылары» қоғамдық қорының атқарушы директоры Айша Сатымқызы облыста ашық ВИЧ статусымен өмір сүретін адам тіркелмегенін айтып, мұны вирус жұқтырған адамдарды қабылдауға қоғамның дайын болмауымен байланыстырады.
– Тренингтер мен семинарлар кезінде халықтан ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдарға қатысты көзқарасын сұраймыз. Бірен-саран адам қолдау көрсетуге дайын екенін білдірсе, көпшілігі «Біз ондай адамдармен дос бола алмаймыз» деп айтады. ВИЧ статусы бар адамдардың өз жағдайын ашық жариялап, қоғамдық өмірде еркін өмірге араласпайтыны да сондықтан. Олар халық бізді бөледі, теріс айналып, айыптайды деп қорқады.
Қоғам белсендісі ойын өзі куә болған оқиғалармен жалғады.
– Бірде біздің қорға мүше ВИЧ статусы бар азаматпен бірге семинарға бардық. ВИЧ инфекциясы бағытында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың басын қосқан жиын болатын. Түскі ас үстінде ВИЧ статусы бар жолдасым өз инфекциясы туралы бір үстелде отырған екінші адамға айтты. Ол үкіметтік емес ұйымда жұмыс істейтін, осы мәселе төңірегіндегі тақырыпты қамтыған семинарға қатысып отырған азамат бола тұра, ақпаратты естігенде түсі өзгеріп сала берді. Инфекцияның ауа арқылы тарамайтыны, тіпті бір қасықтан ас ішсе де берілмейтіні белгілі. Соған қарамастан, ол қорқынышын жасыра алмады. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген адам қорқатын болса, қоғамның басқа мүшелері туралы не айтуға болады? Не жасыратыны бар, осыдан қорқатын медицина қызметкерлері де кездеседі. Мәселен, бір азамат тіс дәрігеріне барып, емделген. Соңынан ВИЧ инфекциясымен өмір сүретіні туралы қағаз қалдырып, өзінен кейін қолданылған құралдарды мұқият залалсыздандыруды сұраған. Дәрігер «Неге маған ол туралы басында айтпадың?» – депті. Мүмкін, алдын ала білсе, оны емдеуден бас тартар ма еді? Заңға сәйкес, мұндай дерті бар азаматтар да барлығымен тең дәрежеде денсаулығын түзеуге құқылы ғой, – дейді ол.
Шығыс Қазақстан облысындағы «Поддержка людей живущих с ВИЧ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Чернышев 2008 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысында аталған бағытта жұмыс істеп келеді. Ол ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың әлеуметтік портреті өзгеріп келе жатқанын, олардың өз статусын ашық айтуға қорықпауы үшін қоғамды жан-жақты дайындайтын кең көлемді ақпараттық науқан жүргізілуі керегін айтады.
– Бұрын ВИЧ жұқтырғандар халықтың осал топтары арасында жиі кездесетін. Қазір халықтың арасына жаппай тарады. Вирус жұқтырған адамдардың арасында мұғалімдер, медициналық мекемеде жұмыс істейтіндер, жалпы алғанда, еңбекке қабілетті адамдар кездеседі. Қауіпті мінез-құлық танытқан кез келген адам ВИЧ-ті жұқтыруы мүмкін. Қазір ақпараттандыру жүргізіледі, әрине. Бірақ жеткілікті деңгейде емес. Мемлекетте қоғамдық ақпараттандыру позициясы жоқ, – дейді ол.
Динара ТІЛЕУБЕК
Дереккөз: Айқын