ВИЧ: білгіміз келетін, бірақ сұрауға қорқатын сұрақтар
Астана, BAQ.KZ. Адам иммун тапшылығы вирусы дегеніміз не? Оның алдын алу үшін не істеу керек? Бұл вирусты емдеп жазуға бола ма? Медициналық сақтандыру қоры ғасыр індеті аталған дертке қатысты бірқатар сұрақтарға жауап іздеп көрді.
ВИЧ дегеніміз не және оның СПИД-ке не қатысы бар?
ВИЧ немесе адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп болса адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауырады. Денесінде көк дақтар пайда болып, шыққан жараның жазылуы қиындайды.
Емделмеген жағдайда ВИЧ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, СПИД-ке ұласып кетеді. Дәрігерлер оны ВИЧ індетінің соңғы стадиясы деп те атайды. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Емделмеген адам үш жылға дейін ғана өмір сүреді.
ВИЧ-ті кімдер жұқтыруы мүмкін?
Жұртшылық арасында ВИЧ секс-индустрия қызметкерлері, гомосексуалистер немесе нашақорлардың ауруы деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Себебі, вирус адам ағзасына қан мен шәует арқылы, ана сүті арқылы да таралуы мүмкін. Олбір шприцті пайдаланғанда, жыныстық қатынас кезінде немесе босанған кезде анадан балаға жұғады. Оны медицина құралдары дұрыс зарарсыздандырылмаған жағдайда ауруханаларда жұқтыру қаупі де жоқ емес. Бірақ ВИЧ жұқтырған науқаспен бір стақаннан су ішкеннен, бір сүлгі пайдаланғаннан немесе сүйіскен кезде ауру жұқпайды. Сондай-ақ, инфекция сілекей арқылы немесе ауа арқылы таралмайды.
ВИЧ індетінің белгілері қандай?
Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Дегенмен әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне, қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады.
ВИЧ-ті емдеп жазуға бола ма?
Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады, дейді мамандар. Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Нәтижесінде иммун тапшылығы СПИД-ке айналмайды.
Астана қалалық СПИД-ке қарсы күрес және аурудың алдын алу орталығы бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусинаның айтуынша, вирус анықталған жағдайда ең алдымен СПИД орталығына барып тіркелу қажет. Өйткені, ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. ВИЧ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі.
Сақтанбаған жыныстық қатынастан кейін
Егер сақтанбаған жыныстық қатынастан кейін күмәнданған жағдайда контактіге дейінгі және одан кейінгі профилактика шараларын пайдалануға болады. Ретровирусқа қарсы препараттар – тенофовир және эмтрицитабин деп аталады. Салтанат Мусинаның айтуынша, бұл әдіс вирус жұқтыру қаупін 90 пайызға дейін төмендетеді және бұл көбіне тәуекел тобына жататын адамдарға арналған. Контактіден кейінгі профилактика ВИЧ жұқтыру қаупін төмендетіп, вирустың көбеюіне тосқауыл жасайды. Алайда, емді жыныстық қатынастан кейін алғашқы 72 сағат ішінде бастап, дәрілерді 28 күн қабылдау қажет.
ВИЧ жұқтырған адаммен қарым-қатынас
Адам иммун тапшылығы вирусы – үкім емес. ВИЧ жұқтырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Жақын адамыңыз осындай дертке душар болған жағдайда кеудесінен итермей, қолдауға тырысу қажет. Өйткені, науқастың күйзеліске толы болатын ендігі өмірінде достары мен туыстарының қолдауы ауадай қажет.
Салтанат Мусинаның сөзіне сүйенсек, әдетте бір-біріне деген сенім мен өзара сыйластық бар отбасыларда бәрі ойдағыдай шешіліп кетеді. Ал, отбасында ауызбіршілік, түсіністік жоқ науқастардың емделуі қиын.
Мамандар ВИЧ жұқтырған науқастың отбасында әр адамның өзіне тиесілі маникюр құралдары, қырынатын ұстарасы мен жеке тіс щеткасы болуы тиіс екенін ескертеді.
ВИЧ-ті жоққа шығару
Иммун тапшылығы вирусын жоққа шығаратындарды ВИЧ-диссиденттер деп атайды. Олар ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне қарамастан, вирусты қаржылық табысты көздеген фармкомпаниялар ойлап тапқан деп есептейді. Ең өкініштісі – ВИЧ-тің барына сенбейтін және онымен ауыратын адамдар ем-домның барлық түрлерінен бас тартады. Салдарынан ауыр жағдайға ұшырап, көбі СПИД-тен қайтыс болады.
«ВИЧ-диссиденттер кәдімгі заң бұзушылар. Олармен құқық қорғау орындары жұмыс істеуі керек. Өкінішке орай, СПИД-тен болатын өлім-жітім статистикасымен ешкімді қорқыта алмайсың. Індетке қарсы күрестің ең тиімді жолы – жәй ғана түсіндіру. СПИД орталығының дәрігері түсіндіре білуі тиіс. Түсіндіру жұмыстары тест өткеннен басталады. Сол кезде пациентке көрсетілген әлеуметтік-психикалық қолдау қаншалықты сауатты, сапалы болса, ем-дом шаралары да соншалықты тиімді болмақ», — деп қорытты Салтанат Мусина.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ