Вице-министр және антикор қызметкерімін деп жұртты алдаған желіде «танымал» алаяқ сотталды

0

Ақтау қалалық соты өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері ретінде таныстырып, әкімдік, полиция, балабақша қызметкерлерін қорқытқан Нұрбол Кәрімовке үкім шығарды.

Cот бүгін алаяқтық жасап, пара беруге итермелегені үшін Кәрімов пен Батырхановты 7 жыл 6 айға және 7 жылға соттады, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Оларға мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды, деп хабарлайды kznews.kz Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетері, агенттік төрағасының көмекшісінің атын жамылған Нұрбол Кәрімов Ақтау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларынан Каспий теңізінің жағалауындағы жер учаскесін рәсімдеуді талап еткен. Ол жерде коммерциялық нысан салмақ болған.

Бұдан бөлек, 2020 жылдың ақпанында Кәрімов Батырхановпен алдын ала сөз байласып, өздерін білім және ғылым вице-министрі және Алматы қаласы әкімінің көмекшісі ретінде таныстырған. Балабақша меңгерушісінен әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін 1 миллион теңге сұраған.