Вице-министр ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

0
19

27 желтоқсанда кешке Алматыда өткен брифинг кезінде денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Нәдіров Fokker-100 ұшағы апатынан зардап шеккен адамдардың жағдайы туралы айтты.

«Қазіргі кезде 47 адам аураханада жатыр, олардың сегізінің жағдайы – ауыр, 38 адам орта дәрежеде жарақат алған, орта дәрежеде жарақат алған бір адамның жағдайы қанағаттанарлық дәрежеге жақын» деді вице-министр.

Брифинг кезінде сонымен бірге апаттан 67 адамның зардап шеккені, олардың 49-ы (арасында 9 бала бар) Алматыдағы ауруханаларға жеткізілгені айтылды. Бес адамға алғашқы медициналық көмек көретіліп, денсаулығы тексерілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілген.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза болған.

Қаза болғандар арасында Informburo.kz сайтының редакторы Дана Круглова, Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров, астаналық дәрігер Арман Исин және экипаж командирі Марат Мұрабаев бар.

27 желтоқсанда күндіз премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатының себептері туралы болжам айтты. Оның айтуынша, ұшақ ұшқыштың қателігінен немесе техникалық себептен құлауы мүмкін. Оның айтуынша, апат алдында ұшақтың артқы бөлігі ұшып-қону жолағына екі рет тиген.

Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына әрқайсысына төрт миллион теңге (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Bek Air компаниясының лицензиясы тоқтатылды.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз