Вице-министр Суханбердиева жемқорлық күдігіне ілінді

0

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз хатшысы Жанна Бастарова бейсенбі, 7 маусымда білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиеваға «пара алу» (366-бап), «кәсіпкерлікке заңсыз араласу» (364-бап) және «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» (361-бап) баптары бойынша айып тағылғанын хабарлады. Ол тергеу амалдарының жалғасып жатқанын айтып, іске байланысты өзге ақпарат айтпады.

5 маусымда Нұр-Сұлтан соты білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиеваны екі айға қамау туралы сот шешімін шығарған.

Өткен айда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ұлттық тестілеу орталығының басшысы Рамазан Әлімқұловқа қатысты тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді.

Бастарова ұлттық бюрода екі істің байланысты екенін дәлелдейтін дерек жоқ екенін айтты.

Мемлекеттік баспасөздің жазуынша, Эльмира Суханбердиева 2016 жылдың сәуірі мен 2017 жылдың тамызы аралығында білім және ғылым министрінің орынбасары болып қызмет атқарған. 2017 жылғы тамыз айында «Болашақ» стипендиясының иегері атанған. Беркли университетінен шақыру қағазы болған. 2018 жылдың қыркүйек айында білім және ғылым министрінің орынбасары қызметіне қайта оралған.

Azattyq